Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз бұзылса – ұлт бұзылады

Қыз бұзылса – ұлт бұзылады

«Қыз – өріс» деп қазақ халқы ертеден қыз баласын ерекше құрметтеп, төрден орын берген. Ұлды шаңырақтың иесі, отбасының асыраушысы деп бағаласа да екеуін тең қойғанда қыздың бәсі әрқашан биік тұрған. Тек дәреже, деңгейі ғана емес бұл орайда қыз тәрбиесі де ерекше рөл атқарады. Көбіне отбасында қыз баланың тәлімімен анасы немесе әжесі айналысқан. Себебі, әке немесе өзге де ер-азаматтар жүрегін жаралап, көңіліне кірбің түсірмеу үшін оны әрқашан еркелетіп жүрген. Алайда, әкесі қызына ескерту жасағысы келсе анасы арқылы жеткізуге болады. Шаңырақтағы осындай бірлік пен ұйытқының арқасында бойжеткеннің де болмысы басқаша болатыны сөзсіз.
Өкінішке қарай, бүгінгі нәзік жандылардың арасынан отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы бола алатындарын сирек кездестіреміз. «Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайына тиетіні» секілді қыздардың жүрісі мен тұрысы туралы сөз қозғағанда таяқтың бір ұшы өзімізге тиетіні де белгілі. Бірақ, «айтпаса сөздің атасы өледі» емес пе? Оның үстіне қазіргі таңда әлеуметтік желі дүние жүзін сымсыз байланыстырып, жас ұрпақтың тәрбиешісі рөліне кіріскенде әрқайсымыз қаракөз қарлығаштарды қызғыштай қорғап, соңымыздан ерген сіңлілерімізге сапалы тәрбие бере білуіміз керек.
Расында, бүгінде тик-ток, инстаграм сынды әлеуметтік желілердің аты жер жарып, деңгейі дүркіреп тұр. Сәйкесінше ұлымыз да, қызымыз да танымалдылыққа ұмтылып, ар мен ұятты ысырып, тіпті жалаңаштанып та видеоға түсуге әуес. Еркектерді айтпағанда, қыздардың түскен суреті мен видеосын көргенде төбе шашыңыз тік тұрады. Сондай сәтте ойыңа қыздардан қылық қана емес, намыс та, байсалдылық пен ұстамдылық та кеткен екен-ау деген ойға ораласыз. Одан қалды экранның арғы жағында сол қызы үшін ұялып, бетін басып отырған ата-ананы аяисыз. Көктем шықса тау гүліндей құлпыратын, мөлдіреп аққан тау суындай таза аруларымыздың дәл бұлай бүлінуіне не себеп? Сауал біреу болғанмен, алатын жауап әртүрлі. Алайда, көпшілік бір ауыздан әлеуметтік желіні, заманды кінәлайды. Ол да дұрыс шығар. Интернетті жасы мен жынысы, ұлты мен діні әртүрлі адам бір мезгілде пайдалана алатын болғандықтан одан келетін қауіп те, пайда да бірдей. Алайда ненің жақсы, ненің жаман екенін саралай алатын ақылына көркі сай қыздардың кем болғаны ма? Хош. Ашық-шашық киініп, бетіне бес тонна бояу жағып, видеоға түскенді трендтен қалмау үшін істеді делік, ал аялдамада немесе қоғамдық орында ашықтан ашық темекіні бұрқыратып, жігітпен аймаласып тұрғанды не деп ақтаймыз? Осындай қадамға баратын қыздарға қарасаңыз бәрі де қазақтың қаракөздері. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, шынын айтқанда ол қыздар үшін мен де қолымды бір сілтеп кетуіме болар еді. Алайда, олар қазақ қызы және он екіден бір гүлі ашылмаған жасөспірім болғаны үшін жаның ашиды. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп қыздың сұлулығы мен сымбатына, тәрбиесі мен ақылына тамсанып кеткен бабалардың қазіргі ұрпағы бойжеткендердің ардан аттаған іс-әрекетіне қайран қалады. Әрине, қазір кім не десе, о десін деп ешкімнің сөзін елемейтін заман бәзбіреулердің ойынша. Әркімнің өз ойы, өз өмірі бар. Десек те, абысын мен келіннің, қайын сіңлісі мен жеңгенің, тіпті құрбылардың бір құтыны бөліп ішіп, мәз-мейрам болып отырған отырысына таңдай қаққаннан басқа шара жоқ.

P\S: Бір күні таксиге отырдым. Әдеттегідей жүргізуші төрт адамның толық жиналуын күтіп тұр. Көп күттірмей барлық жолаушы жинала қалды. Такси іші толғаны сол еді, арақтың исі мүңкіп кетті. Ата мен әжеге жүргізуші екеуміз жалт қарасақ, ол кісілер де жағымсыз иістің кімнен шығып жатқанын іздегендей жан-жағына жалтақтауда. Сөйтсек, ащы судың исі терезеден көзін алмай отырған бойжеткеннен шығып тұр екен. Өз қылығына ұялып отыр ма, әлде ішкен арағын көтере алмай отыр ма, әйтеуір көзіндегі көзілдірігін шешпестен терезеге телмірді де қойды. Ал, қасында отырған ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әже таңданыстарын жасырып, ішінен «Құдай сақтасын» деп айтып үнсіз ғана отырды. Осы бір ғана көріністен кейбір қыздардың кейпі көз қуантарлық емесін ұғынуға болады. Оның үстіне қазіргі уақытта ұяңдықтың орнын ұятсыздық, мейірімділіктің орнын қатігездік басып, барлық жақсы қасиеттеріміз жаман мінездеріміздің тасасында қалып барады. Есіміз барда етек-жеңімізді жимасақ болмас.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
18 қыркүйек 2021 ж. 543 0