Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана – рухани құндылыққа бай мекен

Кітапхана – рухани құндылыққа бай мекен

Тәуелсіз елдің ертеңі – жас ұрпақ. Болашақты бүгіннен бастайтын болсақ, ертеңіміз деп үміт артып отырған жастарымызды бірлік пен береке шаңырағында тәрбиелеген жөн.
«Бірлік бар жерде тірлік бар»,-деп халқымыз тегін айтпаса керек. Бүгінгі жетістіктерге, сан ғасырлар бойы арман болып келген тәуелсіздікке, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпты берік сақтаудың және бірліктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан мақсат-мүддесіне жету үшін ұмтылған, терезесі тең, экономикасы дамыған ел болғымыз келсе, жастарды береке мен бірлікке бастаған дұрыс деп ойлаймын.
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!» -деп М.Жұмабаев атамыз жырлап өткендей, бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы. Ақынның өлеңінде келтірілген жыр жолдарына лайықты, жастар өздеріне артылған ел үміті мен сенімін ақтай білуі қажет.
Халқымыз ұл-қыздарының бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, жат қылықтардан аулақ болуды, ақ пен қараның жігін ажырата білуді, Отанын сүйіп, нағыз патриот азаматы ретінде қалыптасуы үшін барлық адамгершілік қасиеттерін сіңіртіп,тәлім-тәрбие берді. Алайда, сол үлгі-өнеге шырағы бүгінгі күні жастар бойынан байқала ма?
Мәселен, замандастарымның жасаған іс-әрекеттеріне қарап отырсам, кейбірі қоғамдық ортада өзін қалай ұстау керектігін білмейді, айналасындағыларға дөрекі сөйлейді, үлкеннің ақылына құлақ аспайды, жағымсыз әдеттерге бейім. Оның ішінде темекі шегу, арақ ішу, өзінен кішкентайларға әлімжеттік көрсету, былапыт сөздер айту, т.б., өркөкіректік пен менмендік бойын билеген жастар қазақ халқына тән қасиеттерді төмендетуде. Жастардың барлығының бойында мұндай жат әрекеттер бар демеймін. Әдепті, тәртіпті, саналы жастар да жетерлік. Дегенмен, бойында жағымсыз қылығы бар құрдастарым жоқ емес, кездесіп жатады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа олардың жасаған жағымсыз әрекеттері зиянын тигізеді ме деп қорқамын.
Осындай бейберекетсіздікті жоюдың бір және ең тиімді жолы бар. Ол – кітап. XXI ғасыр адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы болғандықтан ғана емес, жалпы кітап ойды, ниетті тәрбиелеуші. Ал, осы екеуі тәрбиелі болса, адамның тұла бойы құндылықтардан, адами қасиеттерден тұрады. Сондай-ақ, білімі артып, оқып-тануға құштарлығы ояна түседі. Себебі, керегіңнің бәрі кітапта. Ал, білім нәрімен сусындататын кітапты қайдан табамын десеңіз, әрине, кітапханадан.
Кітапхана – рухани құндылыққа бай мекен. Дүниетанымыңды кеңейткің келсе, өмірден, жаңалықтардан тыс қалғың келмесе, кітапханадан ажырамағаның, кітаптан қол үзбегенің жөн.
Қазіргі таңда, кітап жастанып, ұйқыға мүлгіген жастар азайып, керісінше, технологиялық мүмкіндіктерге мойынұсынған оқырмандар көбейіп бара жатқаны мені қатты алаңдатады. «Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» екенін ұғынып, естен шығармағанымыз дұрыс болар. Жастарды кітап оқуға шақыру, қызығушылықтарын ояту мақсатында түрлі шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Кітапханалардың есігі әрбір оқырманға айқара ашық және барлық жағдай жасалған. Себебі, кітап – сиқырға толы бай мұра. Керек десеңіз, оның ішінен өзіңізді мазалаған сұрақтың да жауабын таба аласыз. Ақын, жазушылармен сырласып, дос та бола аласыз. Сол себепті, жастар, кітаптың берер пайдасын кеш болмай тұрғанда түсініп, алтыннан қымбат уақытыңызды бос тірлікке емес, кітап оқуға бөлгеніңіз абзал.
Н.Назарбаев: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйытқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!» деп айтқандай, жастар тәуелсіз, бейбіт елдің болашағы. Болашақтың кілті осы жастардың қолында. Сол себепті, мен жастарға сенемін!

Үміт ТӨЛЕГЕНОВА,
Шиелі аудандық ОКЖ
кітапханашы қызметкері
07 қыркүйек 2021 ж. 561 0