Ата Заң – қастерлі құжат
Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Осы орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын болса, өз Конституциямыздың қолданысқа енгеніне 26 жыл. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылдың 28 қаңтарында алғашқы Ата Заң қабылданған болатын. Конституцияның алғашқы нұсқасы жаңарып, 98 баптың 55-іне елеулі өзгерістер мен толықтырулар жасалып, бұрын болмаған жаңа бөлімдер, баптар пайда болды.
Бүгінгі заман талабы, жаһандық даму үрдісі құқықтық құжаттарға да елеулі әсерін тигізуде. Соңғы кездері құқық бұзушылықтың түрі көбейіп, қылмыскерлердің айла-амалы түрленді. Батыстың ықпалынан ұлттық тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың әлсіреп жатқаны жасырын емес. Осындай кезде мемлекеттік биліктің жұмысын ғана емес, адамдардың санасына әсер ететіндей заңдарға да өзгеріс енгізу қажеттілігі туындап отыр. Конституцияға соңғы жылдары енгізілген өзгерістердің түпкі себебі осында болса керек. Мысалы, 1998 жылы қолға алынған өзгертулерге байланысты еліміздің сот жүйесінде істерді қарау алқа билердің қатысуымен жүзеге асырылатыны нақтыланды. 2007 жылы енгізілген өзгертулерге орай Парламенттің өкілеттігі кеңейтіліп, депутаттар саны көбейді. Міне, осы секілді өзгерістер елдің дамуымен қатар жаңғыртылып отыр.
Конституция – тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынды. Оны талқылауға 3 млн 345 отандасымыз атсалысқан екен. Бұл сайлаушылардың 90,6 пайызын құраса, оның 89,14 пайызы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдаған. Мамандардың сараптауынша Қазақстан Конституциясындағы мемлекеттік билік құрылымының көрсетілуі АҚШ, кей тұста Франция заңына ұқсас. Сондай-ақ, Ата Заңның қазақша мәтінінде көп кездесетін сөз − «республика» сөзі екен. Түрлі жалғаулар жалғану арқылы берілген «республика» сөзі Ата заңда 340 жерде кездеседі. Ал, «заң» сөзі 260 рет, «Қазақстан» 128 рет, «және» сөзі 232 рет қолданылған. Сонау «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» жалғасына айналған Конститутция жайлы қызықты мәліметтер мұнымен бітпейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының IV − «Парламент» бөлімінің 61-бабы ең көлемді бап саналады. Ол бап 515 сөзден құралған. Сондай-ақ, осы заңда «адамзат» сөзі қолданылмаған. Ал, «тарих», «борыш» сөздері бір реттен, «қасиет» сөзі 5 рет кездеседі. Ата Заңның ең соңғы − 98-бабы судьяларға арналғанын да біле жүріңіздер.
Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген мемлекетік ұстын. Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заңды қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. Тәуелсіздіктің 30-шы жылына қадам басқан қазақ елі Ата Заңын айқындап, тәртібін шегелей түсті. Бейбіт күннің берекесін өзге елдердегі соғыс, дау-дамайға қарап ұғына түскендейміз. Бастысы Ата Заңды қадірлеп, тәртіпке бағынсақ болғаны...
Г.Әбдіханиқызы