Ата заң – елдігіміздің белгісі
Ата заң, осы бір қастерлі ұғымды әрбір қазақстандықтың жүрегіне жөргектеп, көңіліне ұялату – қоғамдық міндеттердің маңыздысы. Жалпы, Конституция – мемлекеттің төлқұжаты, Тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі де, кепілі. Қай дәуірде, қай қоғамда болсын, кез келген елдің, кез келген мемлекеттің пайда болуы, қалыптасуы, дәуірлеп-өрлеуі, белгілі бір қағидаға сүйеніп жүзеге асатыны көне тарихтан белгілі. Ішкі іріткі мен сыртқы жаудан келген қауіп-қатерге сес болатын айбарлы Ата Заңы болмаған елдің тәуелсіздігі баянды, болашағы жарқын болуы мүмкін емес.
Асқақ рухты бабаның асыл арманы – Тәуелсіздік болғаны белгілі. Сол ғасырлар бойы баба арманы болып келген азаттық таңын біз көрдік. Сол үшін де біз – бақытты ұрпақпыз.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. Айбарлы Ата Заңымыздың қабылдануы – тарихи сәт. Конституция қабылданар сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың:
– Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғынып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілеп, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге алып отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз, – деген тарихи сөзі бар.
Конституция талаптары бойынша мемлекеттің басты құндылығы – адам. Адам өмірі және азаматтардың құқықтары мен бостандығы болып табылады. Сондай-ақ, елдегі қоғамдық-саяси жүйенің қауіпсіздігі, ішкі-сыртқы саясаттағы ел тынысы, атқарушы және өкілетті билік функциялары түбегейлі тұрғыдан Конституцияның басты баптарына енгізіліп, мемлекеттік тұтастықтың тұғырын биік етіп тұр.
Қалай болғанда да, тәуелсіздігіміз нығайып, әлем елдері алдында абырой-беделі бар елміз. Тұғырлы елдің бәсекеге қабілетті 30 елдің ортасынан ойып орын алатынына көзіміз осы бастан-ақ жетіп отыр. Серпінді сеніммен ілгері басқан іргелі елдің сабырлы саясаты мен әлеуетті экономикасы талайларды таң қалдырып, таңдай қақтырып отырғаны көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Әлемдік қауымдастық алдында асқақ абырой, зор беделге ие болуымызға да, кейбір сын-қатерлер сәтінде бітімгерлік тізгінін ұстап, дағдарыс дақпыртында жолбасшылық жасауымызға да айбарлы Ата Заңымыздың демократиялық принциптері зор септігін тигізгенін де дәлелдеп жату артық шығар.
Конституция қабылданғаннан бергі уақыттағы тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір үлкен кезең болып табылады. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек.
Бақдәулет Шахмарданов,
Шиелі аудандық архиві,
ақпараттық технологиялар
бойынша инспекторы
Шиелі аудандық архиві,
ақпараттық технологиялар
бойынша инспекторы