428 түлек грант иегері атанды
2020-2021 оқу жылы көптің көкейінде ерекше естелікпен сақталары сөзсіз. Пандемияның әсерінен оқушылар мектеппен, ұстаздар қауымымен әдеттегідей ұйымдастырылған керемет кеште қоштаспады. ҰБТ да жаңа фоматта өтті. Электронды форматта өтуі тек жаңашылдық емес, қаражатты үнемдеу, қорытындының тез шығуы мен психологиялық күйзелістен құтқарды.
Осындай жағымды тұстарын ескерсек, ҰБТ-ның өзіндік ерекшелігі қалыптасты деуге әбден болады. Әрине, соңғы кезде әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың шулатқаны болмаса. Қызының орнына құжат жасатып, басқа біреуді тестілеуге кіргізді деген ақпарат әлеуметтік желіде резонанс тудырды. Бірі әділ өткеніне сенімсіздікпен қараса, енді бірі Т.Қабатовтың бұл ісі ҰБТ-дағы балл мен сұрақтардардың әділдігіне шек келтіре алмайды десті. Бұл сол тақырыптағы мәселе болғанымен мүлдем бөлек жағдай дейді.
Ауданда 40 мектеп болса, 2020-2021 оқу жылындағы түлектер саны 827. Оның 428-і мемлекеттік грант иегері атанды. Негізінде ҰБТ-ге қатысқаны 691 оқушы. Ал, биыл яғни, 2021-2022 оқу жылында 981 оқушы оқу ордасымен қоштасады. ҰБТ-ге қатысатын оқушылар әлі белгісіз. Айтпақшы, ауданда ең жоғары балл 140-тың 138-ін №45 Ақ Орда мектеп-гимназиясының түлегі – Сымбат Асылбек алған. Қазіргі таңда, Сымбат Алматқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті, болашақ филолог.
ҰБТ білім жүйесіне енгізілгелі түлектердің арасында түрлі жағдайлар орын алған болатын. Уайымға салынып, жүйкелері сыр беріп, аз балл алып қалғаны үшін өмірімен қоштасқысы келгендер де кездесті. Әрине, білім алдымен сіздің танымыңыз, қабілетіңіз, тіпті абыройыңыз десек те болады. Жоғары балл жинап, грантқа түссеңіз отбасылық қаражатты үнемдеу арқылы үлкен көмек көрсетесіз. Алайда, 11 жыл алған шексіз біліміңіз шекті балға жетпей жатса, өміріңізді қиындатудың қажеті жоқ. Сонымен ҰБТ адам өмірін өзгертпейді. Тек мамандық пен оқу орнын және шекті балл таңдауға ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, 1 сынып пен 11 сынып аралығындағы жинаған біліміңіз тестілеу кезінде жинаған балыңыздың қорытындысы ретінде белгіленеді.
Биыл республика бойынша 56 мың талапкер бакалавриатта мемлекет есебінен тегін оқуға мүмкіндік алып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5000-ға артқан. Осылайша биыл бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық. Биыл гранттың басым бөлігі – 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген. Бұдан бөлек, педагогикалық ғылымдарға – 9573 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 7487 грант, жаратылыстану ғылымдарына – 4088 грант, ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 1895 грант, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2700 грант, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1615 грант, бизнес, басқару және құқық – 1223 грант, ал әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына – 960 грант қарастырылған.
Ақбота МҰРАТҚЫЗЫ