Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңғы қоңырау соғылды: ҰБТ соңғы сынақ емес

Соңғы қоңырау соғылды: ҰБТ соңғы сынақ емес

Биыл Шиеліде 827 оқушы мектеппен қоштасса, оның 56-сы алтын белгіге үміткер. Пандемияның салдарынан 2020 жылы онлайн түрде өткен айтулы мереке, биыл мектептерде дәстүрлі түрде өткізілуде. Сейсенбі күні №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінде өткен сондай шаралардың біріне аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков қатысып, түлектерге сәттілік тіледі.
Дәл осы күн бітіруші түлектер үшін ерекше күн болса да, білім ошақтарына карантин талаптарын сақтау міндеттелген. Соған қарамастан соңғы қоңырау салтанатында қимастық сезім мен мерекелік көңіл-күй сезіледі. Балалардың есейгенін көріп толқыған ата-ана, шәкірттерін қимай тұрған ұстаздар мен үлкен өмірге аттануға дайын тұрған түлектердің толқынысы бұл күннің маңыздылығын аңғартады. Әуезді ән мен түлектердің вальсі, оқушылардың ұстаздарға деген алғысы да ұмыт қалмады мерекелік кеште. Сондай-ақ, мектептің алғашқы директоры, ардагер ұстаз Бибіхан Айманқызы сөз алып, «Алғашында 7 сынып, 155 баламен мектеп жұмысын бастаған болатын. Содан бері осы мектепте қаншама түлектер өсіп, өз орындарын тауып жатыр. Айналайын, балалар өмірде өз орындарыңызды тауып, үлкен азамат болуларыңызға тілектеспін» деді. Ал, шара барысындағы аудан әкімінің құттықтау сөзі кештің мазмұнын одан әрі айшықтай түскендей болды. Сонымен бірге, ата-аналар да тілек білдіруішілер қатарынан табылып, ұстаздарға алғысын айтты. Солардың бірі – Ләззат Әлтаева «Ұстаз бен шәкірт егіз ұғым. Оларды бір-бірінсіз елес­тету мүмкін емес. Бүкіл ата-аналардың атынан осы мектептің ұстаздарына мыңда бір алғысымды білдіремін. Шәкірт тәрбиелеу жолында қажымай-талмай еңбек ете беріңіздер» деді.
Аудан әкімінің Әуелбек Қоңыратбаев атындағы №48 мектепке келуі де кездейсоқ емес. Себебі, ел Тәуелсіздігімен қатар бой көтерген бұл мектепке биыл 30 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда, оқу орнында 119 мұғалім жұмыс істейді. Олардың 12-сі зерттеуші, 40-ы сарапшы, 5-і модератор біліктілік санатында жұмыс атқарады. Мектеп ғимараты 2020 жылдың мамыр-тамыз айларында күрделі жөндеуден өткен. 2020-2021 оқу жылында мектеп-лицейді 43 оқушы аяқтағалы отыр. 39 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.
Ал, ауданымыздағы мектеп бітіруші түлектердің жайына келер болсақ, биыл 37 білім беру ұйымының 9-шы сыныбын 1531 оқушы, 11-ші сыныпты 827 оқушы бітіріп шыққалы отыр. 11 сынып бойынша 57 түлек «Алтын белгі» аттестатына, 59 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылса, 9-шы сынып бойынша 179 оқушы «Үздік аттестаттан» дәмелі. ҰБТ-дің І кезеңіне өтініш берген 701 оқушы 2021 жылдың мамыр-маусым айларында Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейде орналасқан және Қызылорда қаласындағы «U-Future» ЖШС базасында электрондық форматтағы тестілеуден өтуде. Тестілеу ағымдағы жылдың 6 мамырынан басталып, аудан бойынша 14 мектептің 68 оқушысы ҰБТ-дің І кезеңінен өтіп үлгерді. Қазіргі уақытта ауданның орташа балл көрсеткіші – 78.52, ең жоғарғы 122 баллды Ы.Алтынсарин атындағы №219 мектеп оқушысы Таңшолпан Қойшыбайқызы иеленген.
Оқу маусымы аралас оқыту форматында өткізілгеніне қарамастан түлектердің дайындығы мығым, болашаққа деген үміті басым. Мұны біз әрбір түлектің көз жанарынан байқадық. Бастысы олардың болашағы жарқын болып, алғашқы үлкен сыннан сүрінбей өтсе дейміз. Сүрінсе де, сағы сынбауы керек. Себебі, Ұлттық біріңғай тестілеу өмір айдынында кездесетін мыңдағын кедергінің бірі ғана. Абай атамыз айтпақшы, «сенде бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан».

Рамазан ӘНӘПИЯ
28 мамыр 2021 ж. 501 0