Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Татулық – табылмас бақыт

Татулық – табылмас бақыт


Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бірі - «Татуласу Орталығы» болып табылады. Аталмыш жобаның мақсаты - халық арасында дауды соттан тыс шешу, қоғамдағы қайшылықтарды, дауларды азайту институттарын насихаттау және дамыту алаңдарын құру болып табылады. Осыған орай, сейсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында аудандық сот төрағасы М.Күздеубаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Татуласу орталығының ашылғанына аз ғана уақыт болды. Сондықтан, халыққа сотсыз мәмлеге келіп, татуласудың тиімділігін әлі де кеңінен түсіндіру қажет. Осы мақсатта аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев Шиелі ауданы әкімі Ә.Оразбекұлымен бірлесіп, «Татуласу Орталығы» жұмысын дәріптеу бойынша кенттегі мектептерді және барлық ауылдық округтерді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда орталық жұмысын доғарыстағы сот Т.Баймағанбет басқаруда.
Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев: «Татуласу орталығын ашқандағы басты мақсатымыз – сотқа келетін арыз-шағымды азайту. Болмашы дүниеге араздасып, келісімге келе алмаған адамдар сотқа жүгініп одан сайын жағдайды ушықтырып алып жатады. Сондықтан, бұл орталық – екі жақты бітімге келтіріп, татуластыруға көп септігін тигізетін болады» – деді. Расында, орталықтың көмегіне жүгіну арқылы қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетуге болады. Сондай-ақ, арнайы медиатор мен адвокаттан кеңес алуға да мүмкіндік бар. Бұл мамандар тегін қызмет көрсете отырып, мәселенің түйінін тарқатып, араздасқандарды мәмлеге келтіруге күш салады. Кез-келген аудан тұрғынының түсініспеушілігін таразылап, әділетті шешім шығару үшін Т.Баймағанбет жұмысын бастап кетті.
Арыз айтып, шағымдану әсте біздің қазақы қалпымызға тән емесі белгілі. Дегенмен, етектен тартып, аяқтан шалып, біреуге күйе жағу сынды әбес әдеттерді де шығарып алдық. Осындай, керітартпа қылықтардан арылып, араздасудың алдын алатын «Татуласу орталығына» ат басын бұрып, ата-бабамыз секілді сыйластықтың қыл арқанын үзбей, тату-тәтті ғұмыр кешкеннің өзі білгенге бақыт.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.    
28 наурыз 2018 ж. 1 624 0