Еңбекпен келген береке
Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде, бизнеске бет бұрып, шағын кәсіп болса да өз ісін ашқандар Шиелі ауданында аз емес. Осылайша, түрлі істің тетігін тапқан азаматтар уақыт талабына сай өзгелердің сұранысын өтеуде батыл қадам жасап келеді. Солардың бірі – Жаңабай Әбдіқадыров. Жылыжай өндірісімен айналысады. Аудан тұрғындарын қиярмен қамтамасыз етуде.
Жаңабай Әбдіқадыров бұл кәсіпті бастағанына бес жыл болды. Ол алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан білім алған. Содан мемлекеттен 556000 мың қайтарымсыз грант жеңіп алды. Қолына тиген қаражатты тиімді пайдаланып, заманауи технологияны пайдалана отырып, шетелдік поликорбанат деп аталатын суық өткізбейтін, жылуды сақтайтын, күн сәулесін жақсы қабылдайтын жабынмен жасалған материалдан ұзындығы 14 метр, ал, ені 8 метр талапқа сай жылыжай тұрғызған. Кәсіпкердің айтуынша жылыжайдың топырағына органикалық және минералды тыңайтқыштар қосып, өңдеген. Нақтырақ айтқанда, наурыздың 10-ы күні қиярды көшеттеп, күтіп баптайды. Таза табиғи өнім. Тамшылатып суару әдісін қолданады. Негізі, қиярдың тамыры 10-15 см ғана болады екен. Өнімділігі мол. Айналасы бір айдың ішінде Жәкең қиярдың алғашқы өнімін жинап алыпты. Оны үнемі жабайы шөптерден тазартып, қадағалап отырғанын жеткізді. Егілген қиярды құрттан қорғауға себілетін арнайы дәрінің атауы «энрайвейл», «дельта грант» деп аталады. Ал, жылу көгілдір отын арқылы беріледі.
– Бастапқы кезде кедергілер мен қиындықтар көп кездесті. Тиянақты ізденіс пен тынымсыз еңбек соның бәрін еңсеруге мүмкіндік берді. Алғашқыда голландиялық 480 қияр көшетін Шымкенттен жеткіздім. Өнім ойдағыдай. Жалпы, жылыжай жылына екі мәрте өнім береді. Һакім Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Мен көл-көсір пайда табуды көксеп отырғаным жоқ. Ешкімге алақан жаймай, маңдай термен адал еңбек еткеннің өзі мен үшін шексіз бақыт. Сондай-ақ, қай нәрсенің өркендеп дамуы үшін де оған күш салып, тер төгу қажет. Жылыжай сырт көзге оңай кәсіп секілді көрінгенімен, оның да ішкі қыр-сыры, өзіндік машақаты бар. «Жақсы өнім алу үшін тұрақты күтім мен уақытылы тыңайтқыш беріп отыруың керек. Біз кальций мен фосфор береміз» дейді диқан. Не десекте, дәл бүгінгідей азық-түлік бағасы қымбаттаған уақытта өзіміздің жергілікті өнімдердің көбейгені маңызды. Өйткені, шетелдік өнімдер бағаның қымбаттауына әкеліп соқтырса, отандық көкөністер қолжетімді бағада базар сөрелерінен табылар еді. Бүгінде аудан тұрғындарын қияр өнімімен қамтамасыз етуге бекінген кәсіпкер алдағы уақытта өз кәсібінің аясын одан әрі кеңейте түсу жайын ойластыру үстінде. Соған орай, өнімнің ұзақ мерзімді сақталу технологиясын қолданысқа енгізе отырып, нарыққа шығару аумағын арттыру мәселесі де назарға алынып отыр. Ең бастысы, ол жоспарлы жұмыстарының орнықты орындаларына сенімді.
Шапағат Тілеубаев