ШЫНДЫҚ ІЗДЕП ШАРҚ ҰРҒАН...
«Өскен өңірдің» тізгінін 31 жыл ұстап, аудан халқын ерен еңбекке жұмылдырған, газетті тоқырау тұңғиығынан алып шыққан Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Зәкім Жайлыбай тірі болғанда биыл 80-нің сеңгіріне шығып, төрінде төредей болып отырар еді-ау...
Саналы ғұмырын жүрегі қалаған іске сарп еткен қарымды қаламгер, қажырлы қоғам қайраткері әрі тағдырлы азамат туралы сөз қозғау абырой да айбынды міндет. Жиырма жылға жуық бірге қызметтес болған әріптеске бұл міндетті жүзеге асыру парыз болса керек...
Зәкім әкенің тәрбиесін де, шапағатын да көрмеді. Тіпті, түр-түсін де білмеді. Ақын Қасым Аманжоловтың:
Зәкім әкенің тәрбиесін де, шапағатын да көрмеді. Тіпті, түр-түсін де білмеді. Ақын Қасым Аманжоловтың:
«Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген...» – деп жырлағанындай, жарық дүние есігін ашқанына жеті ай толмай жатып әкесі өмірден өтті. Бірақ, жазықсыз жабылған жала оның соңынан көпке дейін қалмады. Мектепте жүргенде кластастары, қатарласы «халық жауының ұлы» деген сөзді бетіне айтпаса да, сыртынан «күбір-күбір» сөз естіліп жүрді. Желдей ескен жағымсыз сөз көңілі таза, арамдықтан ада Зәкімнің құлағына жетпей қоймады. Алғашқыда бұл сөздердің мағынасына, неге айтылып жүргеніне түсінбеді. Бірде анасы ұлының текке қиналмауы, жанының жасымауы үшін көзіне жас алып, егіліп отырып бәрін өзі айтып берді...
Ананың шындығы
...Сұрапыл, сүреңсіз кезеңнің бір парасы парықсыз қанды балақ қызылдардың 1937 – 1939 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіні дер едік. Қолдан жасалған қуғын-сүргін мыңдаған адамды тағдыр тәлкегіне салды, кейбірінің өмірін жалмады, ұрпағына жазықсыз жапа шеккізді. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Жайлыбаевтар әулеті сондай жанұяның бірі еді. Бір отбасынан екі бірдей азамат нақақтан нақақ «халық жауы» атанды. Үлкені Нұрмағамбет агроном болса, екіншісі Қалмағамбет аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі екен. Зәкім – Қалмағамбет Жайлыбаевтың соңында қалған жалғыз тұяғы.
...Сұрапыл, сүреңсіз кезеңнің бір парасы парықсыз қанды балақ қызылдардың 1937 – 1939 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіні дер едік. Қолдан жасалған қуғын-сүргін мыңдаған адамды тағдыр тәлкегіне салды, кейбірінің өмірін жалмады, ұрпағына жазықсыз жапа шеккізді. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Жайлыбаевтар әулеті сондай жанұяның бірі еді. Бір отбасынан екі бірдей азамат нақақтан нақақ «халық жауы» атанды. Үлкені Нұрмағамбет агроном болса, екіншісі Қалмағамбет аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі екен. Зәкім – Қалмағамбет Жайлыбаевтың соңында қалған жалғыз тұяғы.
Олар атуға кесіліп, Сібірге айдалды. Небәрі жиырмадан енді ғана асқан өрімдей жары зар қағып, сауатты адам іздеп тауып өз атынан Калининге хат жаздырды. «Аққа құдай жақ» демекші, оның үстіне келтірген айғақтары нақты болғандықтан әрі бүкілодақтық «староста» Калининнің тікелей өзі араласқандықтан 21 айдан кейін ату жазасынан құтылып, ақталып, елге оралды. Қиын уақыт болса да, ажал деген аждаһаның «аузынан» аман келген Қалмағамбетке қайырлы болсын айтушылар табылды. Атақты ақын, әнші-сазгер Нартай Бекежанов, қырғи тілді сықақшы, ақын Асқар Тоқмағамбетов бастаған сол өңірдегі қазақтың тәуірлері үйіне келіп хәлін сұрап, көңілдерін білдіреді. Нартай ақын сол отырыста былайша жыр толғайды:
«Қадірлі інім едің, Қалмағамбет,
Әр істі ұғамыз ғой Алладан деп.
Түрменің дәмін таттым алты ай мен де,
Тек ажал айдаһары жалмаған жоқ.
Аман сау келгеніңе біраз бопты,
Бұл жездең «арма» деуге жараған жоқ.
Оған себеп өзің де түсінесің,
Қайғының көк тұманы тараған жоқ.
Ел қамқоры өзіңдей азаматқа,
Ырзамын кетсем де садағаң боп...
Құсалықтан жүректер бүлінбесін,
Күн ашық аспаның да күлімдесін.
Өткен күнмен жоғалсын ауыр азап,
Қабырға қайысып, бел бүгілмесін!..»
Осы басқосудан кейін көп ұзамай Қалмағамбет «соқыр ішек» болып, ота жасатады. Бір ай толар толмастан әскерге алынады. Ауданның әскери комиссары Войнов деген әскери шені жоқ әрі сауатсыз орыс азаматы екен, ота жасатқанын айтса да тыңдамай қояды. Әскери ауыр жаттығулардан ота жасалған жер сөгіліп, іріңдеп, ес-түссіз ауруханаға түседі. Бақытына қарай, аудандық оқу бөлімінде жүргенде қарамағында бас есепші болып істеген Сайфур Бейсеновпен екеуі бір ротада екен. Сол көмектесіп, жедел телеграмма арқылы ота жасалғандығы туралы тиісті құжаттарды алдырады. Дәрігерлер құжаттармен танысып шыққасын, жүруге жарағасын, қасына адам қосып, елге қайтарады.
Елге келгесін де ауруы жазылмайды. Асқына келе атпал азаматтың өмірін қиып тынады. Бұл 1941 жылдың қазан айы екен. Қаршадайынан азап көріп өскен анасы Бибайшаның басына тағы да бір ауыр қайғының бұлты үйірілді. Бір қыз, бір ұлмен 25 жасында жесір қалады. Міне, болған жағдай анасының баяндауында осылай өрбіген еді... Осыдан кейін бозбала жігіт бойын жаза бастады. Салмақты, сабырлы, ойлы болып өсті. Тез ер жетті. Әке ісінің адалдығына көзі жеткесін, оның жолын қууға бекінді. Кездескен қиындыққа мойымастан Қазақстандағы сол кездегі жалғыз университеттің филология факультетіне түсіп, оны үздік тәмамдап, туған ауылында мұғалім, аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы болып істеді. Аудандық газет редакциясына қызметке шақырылып, редактордың орынбасарлығына бекітілді. Жасынан қабілетті Зәкеңді көп ұзамай аупарткомның бюросы редакторлыққа ұсынып, аудандық партия конференциясы оны аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторлығына сайлады.
«Өскен өңiр» – Шиелiнiң тұнып тұрған шежiресi. Осы өңірде атқарылған игі істер мен ізгі тірліктердің куәгері. Газетті облыста бiрiншi болып компьютерлiк жүйеге көшірді. Қаржы тапшылығына қарамастан газет iркiлiссiз шығып, дер кезiнде өз оқырманына жетiп тұрды. Қазақ басылымдары жабылып жатқан қиын шақта газет таралымының 4-5 мың данадан кемiмеуін қамтамасыз ете білді.
Жайлыбаев журналист кадрларын дайындаудың асқан шебері. Сыр бойының өзге аудандарындағы әріптестері осылай деп атады. Тіпті, сол кездерде «Өскен өңірді» журналистиканың космодромы деген сөздерді де құлағымыз шалды. Осы шағын аудандық ұжымнан қанаттанып шыққан Мұрат Күлімбетов Қазақстан КП орталық комитетінің басылымы «Коммунист» журналына, Қанапия Дәрібаев атақты «Ара» журналына, Ақайдар Ысымов республикалық «Қазақстан» ұлттық теледидарына, Серік Байхонов «Қазақ әдебиетіне» лауазымды қызметке тұрды. Серік Пірназаров облыстық «Сыр бойы» газетінде редактордың орынбасары, редакторы болды. Бақберген Әбілдаев Оңтүстік Қазақстан облысының бір аудандық газетіне жоғарылап кетті. Мен болсам, Алматы облысы мен қаласының «Жетісу» газетіне жауапты хатшының орынбасары болып ауыстым.
«Өскен өңірден» қанаттанғандардың және тәлім-тәрбие алғандардың бірқатары халықаралық «Алаш» сыйлығын, Президент сыйлығын иеленді. Ордендермен және медальдармен марапатталды. «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды. Қазақстанға танымал қаламгерлер: халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, Қуандық Түменбай, Президент сыйлығының иегері Нұртөре Жүсіп, «Егемен Қазақстан газетінің» жауапты қызметкері Ақпанбет Әліш, меншікті тілшісі Назира Жәрімбетова, жергілікті қаламгерлер Есіркеп Шәдібекұлы, Өркен Исмаил, Мақсұт Әбдімомынұлы, тағы да басқа өрендердің тырнақалды туындылары «Өскен өңірде» жарық көрді, өнер көгіне сәт сапарды осы басылымнан алды.
Кадр мәселесіне көп көңіл бөлді дегеннен шығады, Зәкең өз қызметкерін еш уақытта қолдаусыз және қорғаусыз қалдырмады. Жасыратыны жоқ, көңілсіз көріністер редакцияда жиі ұшырасатын. Зәкеңмен 20 жылға жуық бірге қызметтес болғанымда бір де бір қызметкерді жұмыстан шығарғанын көрген емеспін.
Барынша байыпты Зәкең кадрларын шетінен Алматы мен Астанаға жібергенімен, өзі асықпады. Бірақ әдеби ортадан шеттеп те қалмады. Зейнетке шыққан соң Алматыға қоныс аударды. Бұрыннан сары майдай сақтап жүрген дүниелерін бірінен соң бірін жарыққа шығара бастады. Алдымен «Кермек тағдыр» кітабын (2009 жыл) оқырманға ұсынды. Ұрпақтар сабақтастығын сөз ететін бұл шығармасы оқырманның ыстық ықыласына бөленді. 2010 жылы халқымыздың тілдік тарихынан сыр қозғайтын «Кодекс куманикус» кітабы жарық көрді. Ежелгі қыпшақ-қазақ тілінің іргелі де сүбелі ескерткіші болып табылатын жинаққа осыдан жарты ғасыр бұрын, университетті бітірерде жазған диплом жұмысы арқау болды.
Үшінші кітабы – «Жамағат жадындағы Жақаев» деп аталды. Дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың туғанына 120 жыл толуына арналып жазылған шығармасы еді бұл. Мұнан соң «Күн көзінде мұз жатпас» деген кітабымен толықты...
Жайлыбаевқа арналып естелік кітап шығарылып жатқанда үлкен ұлы Еркін: «Барлық кітабын компьютерде терген Гүлжан Құрманованың түсіне әкем кіріп, оған кітап сыйлапты. Кітаптың түсі көк, атауы «Сырласу» екен. Құрманова естелік кітапқа түсінде көрген атауды қоюды ұсынып отыр. Отбасымызбен ақылдасып, біз де соған тоқтадық. Кітаптың редакторы әрі құрастырушы ретінде бұған қалай қарайсыз?» деді. Қалай қарайтыны бар, Зәкеңнің өзі ана дүниеде жатып, өзі туралы кітаптың атын өзі қойса, қалай келіспейсің. Кітаптың атын бұрын «Жамағат жадындағы Жайлыбаев» деп атап, суретшіге тапсырыс беріп қойғанбыз, әлгі әңгімеден кейін аруақ қойған атауға өзгерттік. Мұқабаның түсі де көк бояумен безендірілді. Ғажап! Зәкең өзі өмірден өткесін жазылған 50 естелікпен және олардың иелерімен ана өмірде жатып-ақ сырласпақшы болғаны ғой. Осыдан кейін аруаққа, түске қалай иланбайсың...
Зәкең мұң тілімен жөргегінде танысса да, барынша кішіпейіл болып, ешкімге кек сақтамай, мейірімді болып өсті, кісіге қиянат жасамады. Жесірі Зылиха Дәуітова «Сырласу» деп аталатын естелік кітабында: «2009 жылдың май (мамыр) айынан бастап маған ауру пайда болды... Таңертеңгісін шәйға зауқым жоқ, дастарханға барғым келмейді. «Зылиха, дастарханға келіп отыр, балалар, бәріміз қамкөңіл болмай бірге отырайық» дейді Зәкім. Амал жоқтан келіп отырамын. Күнде: «Күліп жүр, күліп жүрсең денеңе ет жиналады, қабағыңды түйіп жүрсең, денеңе дерт жиналады» деп ескертіп отырады...» деп жазды. Жанының жайдары, жанұясына қайырымды, жарына мейірімді екенінің бұл да жарқын көрінісі.
Қуаныштысы сол, ұрпағы ізін өшірмей, жалғап келеді. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы емес пе! Өмірінің соңғы 10-13 жылын Алматы маңында «Алмалыбақ» кентінде өткізді. 2012 жылы 72 жасында дүниеден озды... Топырақ та сол жерден бұйырды.
Аудан жұртшылығы Зәкім Қалмағамбетұлын редактор, қаламгер ретінде ғана емес, азамат ретінде де құрмет тұтты. Ол қанша жыл редактор болса, сонша жыл аупарткомның мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, кейінгі жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Мұның бәрі елім деген бір азаматқа аз құрмет болмаса керек. Шиелі ауданың «Құрметті азаматы» атағы берілді. Зайыбы, ауданның үлгілі мұғалімі атанған Зылиха Кеуілімжайқызы Дәуітова екеуі 5 ұл-қыз өсіріп, олардан оннан астам немере сүйді. Зайыбы демекші, Зылиха Кеуілімжайқызы да араға оншақты жыл салып, үстіміздегі жылдың басында өмірден озды. Балалары, ағайын-туысы ақ жауып, арулап мәңгілік мекеніне шығарып салды. Ер азаматының қасына жерленді. Жаназа асына жиналған замандастары, әріптестері, шәкірттері, көзкөргендер ұлағатты ұстаздың жақсы қасиетін, өнегелі ісін 55 жыл бірге отасқан қос Зәкеңнің тату-тәтті өмірін, ағайынға адалдығын, досқа мейірімін көздеріне жас алып, толқып әңгімеледі...
Зәкең өмірден өткенімен ескерусіз қалмады. Соңында қалған ұрпағы үлкен ұлы Еркін бас болып, көзі тірісінде баспадан шығарып үлгермеген әр жылдары мерзімді баспасөзде жарық көрген саяси қуғын-сүргін құрбандары, Отан үшін от кешкен майдангерлер мен Сыр диқандары туралы жазылған тартымды мақалаларын, сондай-ақ, тәуелсіз еліміз жайындағы ой-толғамын жинақтап, көлемі 30 баспа табақтан асатын әсем безендірілген, қатты мұқабалы кітап шығарды. «Тіршілік таңына тағзым» деп аталатын бұл жинақ Зәкім Жайлыбаевтың ұзақ жыл тірнектеп жинаған маңызды мәліметтер мен дәйекті деректердің басын құраған көрнекті еңбек.
Зәкім ағамыз тірі болғанда осы жылы (24 сәуір туған күні) 80 жасқа толып, ағайыны мен ұрпағының, дос-замандасының ортасында марқайып отырар еді-ау. Әттең, әттең «бір кем дүние» деген осы да...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»