НАРТАЙ АҚЫН ЖЫР АРНАҒАН ҚАЛМАҒАМБЕТ КІМ ЕДІ?!
Қатпары көп, астары қалың, бірақ оқулығы олқы тарихымыз «мың өліп, мың тірілген» (Жұбан) қазақтың ықылым заманғы басынан кешкен мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын шашау шығармай сақтап келеді. Сұрапыл, сүреңсіз кезеңнің бір парасы парықсыз қанды балақ қызылдардың 1937-1939 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіні дер едік.
Қолдан жасалған қуғын-сүргін мыңдаған адамды тағдыр тәлкегіне салды, кейбірінің өмірін жалмады (Қазақстан бойынша 25 мың адам атылды), ұрпақтарына жазықсыз жапа шеккізді. Сондай жанұяның бірі – Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Жайлыбаевтар әулеті.
Бір отбасынан екі бірдей азамат нақақтан нақақ «халық жауы» атанды. Үлкені Нұрмағамбет жаңадан құрылып жатқан Шиелі ауданының негізін қалағандардың бірі, суармалы егісті тұрақтандыруға атсалысқан агроном болса, Қалмағамбет Шиелі мен Жаңақорған аудандары біріккен 1936-37 жылдары оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Екеуі де көзі қарақты, жерін, елін сүйген білімді азаматтар екен. Нұрмағамбет Жайлыбаев туралы қалам тербеуді алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, Қалмағамбет пен оның ұлы Зәкім Жайлыбаевтар жайында сыр шертпекпіз.
Қалмағамбет Жайлыбаев өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Сыр өңіріндегі санаулы сауатты адамдардың бірі болған. Қазақ КСР сырттан оқытатын өлкелік саяси ағарту қызметкерлер курсын, ҚАЗКОМ жоғарғы оқу орнын бітірген. Аудан халқының қара тануына, сауатын ашуына жан-тәнімен атсалысқан. Қалмағамбеттің елге жасаған жақсылығы туралы ел арасында әңгіме көп. Солардың бірі – ашаршылықтың салдарынан ата-анасынан, бауырларынан айырылып паналайтын жері қалмаған тұлдыр жетім 12 жасар Әбдеш Сәрсенбаев деген ауыл баласына үшінші сыныпты оқыды деген бір жапырақ қағаз ұстатып, Шымкенттегі жаңадан ашылған интернатқа аттандырып салғаны елдің жадында.
Бозбала Әбдеш Сәрсенбаевтың бүкіл өміріне сол бір жапырақ қағаз жол ашты. Интернаттан білім алып, Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Артынша Фин соғысы басталып, оның соңы Германия басқыншыларымен болған Ұлы Отан соғысына ұласады. Ә.Сәрсенбаев соғысты жеңіспен аяқтап, кіндік қаны тамған ата жұртына оралып, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып абыройлы қызмет атқарып, милиция капитаны шенінде зейнетке шығады. Ол «Ұлы Отан соғысының II дәрежелі ордені» мен «Ерлігі үшін», т.б, майданнан және ішкі істер министрлігінен алған 15 медалдің иегері. 30 шақты немере мен шебере сүйіп, 91 жасында дүниеден өтеді. Міне, осылайша бір жапырақ қағаз ғасыр жасаған адамның бүкіл ғұмырының нұрлануына себепкер болады.
Негізгі кейіпкерге қайта оралсақ, Қалмағамбет Жайлыбаев (жоғарыда аздап хабардар еткеніміздей) нәубет кезінде «халық жауы» деген жалған жаланың әлегінен атуға кесіліп, Сібірге айдалады. Небәрі жиырмадан енді ғана асқан өрімдей жары зар қағып, сауатты адам іздеп тауып, өз атынан Калининге хат жаздырады. Аққа құдай жақ демекші, оның үстіне келтірген айғақтары нақты болғандықтан бүкілодақтық «старостаның» тікелей өзі араласуымен 21 айдан кейін ер азаматы өлім жазасынан құтылып, ақталып, елге оралады. Ол уақытта «үштіктің» сотынан ақталу жүзден біреуге бұйыратын бақыт екен. Онда да сәті түссе, әрине. Қиын уақыт болса да, ажал деген аждаһаның аузынан аман келген Қалмағамбетке есен сау оралғанына қайырлы болсын айтушылар табылды. Қазақтың біртуар ақыны, әнші-сазгер Нартай Бекежанов, қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов бастаған сол өңірдегі қазақтың тәуірлері үйіне келіп халін сұрап, көңілдерін білдіреді. Нартай ақын сол отырыста былайша жыр толғапты:
«Қадірлі інім едің, Қалмағамбет,
Әр істі ұғамыз ғой Алладан деп.
Түрменің дәмін таттым алты ай мен де,
Тек ажал айдаһары жалмаған жоқ.
Аман сау келгеніңе біраз бопты,
Бұл жездең «арма» деуге жараған жоқ.
Оған себеп өзің де түсінесің,
Қайғының көк тұманы тараған жоқ.
Ел қамқоры өзіңдей азаматқа,
Ырзамын кетсем де садағаң боп...
Құсалықтан жүректер бүлінбесін,
Күн ашық аспаның да күлімдесін.
Өткен күнмен жоғалсын ауыр азап,
Қабырға қайысып, бел бүгілмесін!..» (жергілікті ақын, Айдар Достияровтың «Өздерің білер Нартаймын» кітабынан «Өнер баспасы. 1994 жыл» алынды).
Осы басқосудан кейін көп ұзамай Қалмағамбет «соқырішек» болып, ота жасатады. Бір ай толар толмастан әскерге алынады. Ота жасатқанын айтқанымен ешкім тыңдамай қояды. Ауданның әскери комиссары Войнов деген әскери шені жоқ әрі сауатсыз орыс азаматы екен. Бәлкім «халық жауы» деп жала жауып қаматқандардың кезекті қысастығы болар. Әскери ауыр жаттығулардан ота жасалған жер сөгіліп, іріңдеп, ес-түссіз ауруханаға түседі. Бақытына қарай, аудандық оқу бөлімінде жүргенде қарамағында бас есепші болып істеген Сайфур Бейсеновпен екеуі бір ротада екен. Сол көмектесіп, жедел телеграмма арқылы ота жасалғандығы туралы тиісті құжаттарды алдырады. Дәрігерлер құжаттармен танысып шыққан соң, отасы жазылмай жатып әскерге жібергендерді «нағыз «халық жауы» солар» деп, қатты налиды. Жүруге жараған соң, қасына адам қосып, елге қайтарады.
Елге келгенмен де ауруы жазылмайды. Ақыры асқына келе атпал азаматты алып тынады. Бұл 1941 жылдың қазан айы екен. Осылайша қаршадайынан азап көріп өскен асыл жары Бибайшаның басына тағы да бір ауыр қайғының бұлты үйіріледі. Бір қыз, бір ұлмен 25 жасында жесір қалады.
Халық ақыны Нартай Бекежановтың жоқтауы:
Қарадан туған қарағым,
Қалмағамбет – хан едің.
Дүйім қазақ жұртына
Тұтқа болар жан едің.
Досыңды жауға бермеуге,
Жан қиюға бар едің.
Бәйтерегі халықтың,
Намысы мен ары едің.
Осындай ерді жалмаған,
Дүние неткен тар едің?
Амал бар ма ажалға?
Мезгілсіз терек құлады.
Басы жұмыр пендесі
Қандай амал қылады?
Күңіренді атырап,
Күн де күлмей шашырап,
Бұлт бүркеніп жылады... (Бұл да «Өздерің білер Нартаймын» кітабынан қысқартылып алынды).
Зәкім әкенің тәрбиесін де, шапағатын да көрмеді. Тіпті түр-түсін де білмейді. Ақын Қасым Аманжоловтың:
«Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген...», – деп жырлағанындай, жарық дүниеге келгеніне жеті ай толмай жатып ардақты әкесі өмірден өтеді. Қандай қатал және ұқсас тағдырлар.
«Мен әкемнің көрмедім түр-түсін де,
Естімедім сөздерін, күлкісін де.
Бар білгенім: талай іс тындырыпты,
Елі үшін де және де жұрт үшін де.»
Бұл – Зәкеңнің монологі. Қасіретке толы жылдардың жырмен жазылған күнделігі. Осы төрт қатар жыр жолында оның бүкіл ғұмыры жатыр.
Жоғарыдағы ұзақ жоқтауының соңын Нартай ақын:
«...Бибайшажан, қарағым,
Зарығып көп жылама.
Ақырын күт әр істің,
Қайсарлықпен шыда да.
Өмір берген адамға,
Сен сияқты ұлы ана.
Алқұлым десе қиын ба,
Кемерден шығып ұл бала.
Болмасына кім кепіл?
Әкесіндей ғұлама.
Аялап өсір ардақтап,
Амандығын соның сұра да.
«Рахатын көрсет!» – деп
Жалбарын Тәңір-құдайға», – деп жиырма бес жасында жесір қалған Бибайшаға тілек әрі жұбату ретінде аяқтайды. Орнында бар оңалар дегендей, әкесі атын қойып кеткен ұл баланың әлі-ақ ертең азамат болып, әке жолын қуатынына сенім білдіреді.
Нартай ақын айтса айтқандай, Зәкең әке жолын қуды. Кездескен қиындыққа мойымастан Қазақстандағы сол кездегі жалғыз университеттің филология факультетін үздік тәмәмдап, туған ауылында мұғалім, аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы, аудандық газет редакторының орынбасары, редакторы болып істеді. Соңғы қызметті үздіксіз 31 жыл атқарып, зейнетке шықты.
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген», – деп Жұбан ақын жырлағандай, Зәкең жөргегінде мұң тілімен танысса да, барынша кішіпейіл болып, ешкімге кек сақтамай, мейірімді болып өсті, кісіге қиянат жасамады. Аудан жұртшылығы Зәкеңді редактор, қаламгер ретінде ғана емес, азамат ретінде де құрмет тұтты. Шиелі ауданының «Құрметті» азаматы атанды.
Жабырқатып зұлмат жылдар, салқын күн,
Жанған отқа нақақ күйіп, шарпылдың.
Жүрегіңнің танытпақ боп ақтығын,
Қаршадайдан шындық іздеп шарқ ұрдың.
Шындық шіркін келе қоймай сарылтты,
Өршіл көңіл жетемін деп жанықты.
Халық жауы пәленшенің баласы
Деген бір сөз тынысыңды тарылтты.
Сынбадың сен, төтеп бердің сынаққа,
Жеңдің ақыр, қалды жала жырақта.
Перзентіне деген әке сенімін
Асқақтаттың, айналдырдың мұратқа.
Әкешіңнің үзік-үзік арманын,
Жалғадың сен, мойымадың, талмадың.
Жалғыз ұл ең, шүкір, өсіп, өркендеп,
Үбір-шүбір үнге толды жан-жағың...
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, соңына 3 кітап қалдырып, 5 ұл-қыз өсіріп, олардан оннан астам немере сүйіп, 1912 жылы 72 жасында дүниеден озды. Өмірінің соңғы 10-13 жылын Алматы маңындағы «Алмалы бақ» кентінде өткізді. Топырақ та сол жерден бұйырды.
Зәкең өмірден өткенімен ескерусіз қалмады. Соңында қалған ұрпағы көзі тірісінде баспадан шығарып үлгермеген әр жылдары мерзімді баспасөзде жарық көрген саяси қуғын-сүргін құрбандары, отан үшін от кешкен майдангерлер мен Сыр диқандары туралы жазылған тартымды мақалаларын, сондай-ақ тәуелсіз еліміз жайындағы ой-толғамдарын жинақтап, көлемі 30 баспа табақтан асатын әсем безендірілген, қатты мұқабалы кітап шығарды. «Тіршілік таңына тағзым» деп аталатын бұл жинақ Зәкім Жайлыбайдың 4-ші кітабы.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.