Рауанның тігін шеберханасы
Тігіншілік – үлкен өнер. Себебі, мұндай атадан қалған асыл қасиет кез-келген жанға бақ болып қона бермейтіні анық. Соңғы жылдары тігінішілікке бет бұрған қыз келіншектеріміздің қатары көбейіп келеді. Болмысы нәзік, қажырлы да қайратты, өз ісіне мығым қазақтың қара көз қыз-келіншектерінің қоғам үшін алар орны ерекше. Тіпті, ойланып қарасақ адам өмірінде мамандық көп. Олар фермер, дәрігер, мұғалім, инженер, осылайша тізе беруге болады. Кейіпкеріміз мемлекеттік жоба аясында қолдаудан қанаттанып, тігіншілікке талаптанған табанды жанның бірі – Рауан Қыстаубаева.
Кейіпкерімізді іздеп, орталық базардағы тігін шеберханасына бет алдық. Әйнек қабырғаның арғы жағында қызылды-жасылды көрпе арасында бар назарын қолындағы тігін машинасына аударып, ынтамен іске кіріскен келісті келіншекті байқадым. Тігін шеберханасына бас сұққанда не біреумен әңгімелесіп, не телефонмен сөйлесіп отырғанын көрмедік. Тек тігін машинасының құлағында. Арнайы тапсырыспен жұмыс жасайтын Рауан алғашқыда өз жұмысын шалбардың балағын қысқартудан бастаған, кейін перденің түр-түрін, көрпелер, ұлттық киімдер, бас киімдер, қысқарту, қайта қалпына келтіру секілді жұмыстарды қолға алған.
«Бақыттың кілті еңбекте» дегендей, шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға болады. Тігінші еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие мамандық. Осындай талмай еңбектенгеннің арқасында Шиелідегі танымал тігіншілердің бірі.
– Бала кезден мата мен қайшы, ине мен жіп және тігін машинасының жаныма серік болғаны осы күні қуантады. Есейе келе анамнан үйренгенім өмірлік жолымды ашып берді. Бүгінде сүйікті ісім кәсібіме айналып, маңдай теріммен аз да болса қаржы тауып отырған жайым бар. Айтуға, көргенге жеңіл көрінгенімен тігіншілік кәсіптің өз машақаты бар. Бірнеше сағат бойы тапжылмай тігін машинасында отыру табандылық пен шыдамдылықты қажет етеді, – дейді Рауан.
Бұрын мемлекеттік қызметте болған ол, қазір шағын тігін тігу орталығы бар жеке кәсіпкерге айналды. Ол алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан білім алды. Одан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 6 пайыз жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсібін ашты. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қағиданы үнемі қаперде ұстап келеді. Қазіргі таңда, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның қасындағы көмекшілері де әрдайым Рауанға сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіруге бірлесіп еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтуді де ойластырып жүр. Осылайша, тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп, шаруасын шырайландырып отырған Рауан Қыстаубаеваның жайымен қанықтық.
Бүгінде сүйікті жар, 4 баланың анасы бола отырып, ісін алға бастырып отырған осындай отбасылар көбейсе, экономика өсіп, отандық бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Қолда барды ұқсатып, қажетке жаратып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған Рауанның еңбегіне табыс тіледік.
Шапағат Тілеубаев