Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым


Ойланып қарасаң, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Негізінен Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.
Ақ халаттылар туралы айтқанда нартайлық Кемелов Мадияр мен Күлжамалдың шаңырағын айтпай өту мүмкін емес. Себебі, Күлжамал Ахатованың медицина саласында аянбай тер төгіп, бақандай 40 жыл еңбек етіп, былтыр зейнетке шыққанын көпшілік, әсіресе, Нартай ауылы жақсы біледі. Ол 1978-1980 жылдары Қызылорда мемлекеттік медицина училищесін «Медбике» мамандығы бойынша тәмамдасымен аудандағы аурухананың балаларға арналған бөлімінде 1983 жылға дейін жұмыс істейді. Одан соң 1983-2003 жылдар аралығында Н.Бекежанов ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасында, 2003 жылдан бастап зейнетке шыққанша №156 қазақ орта мектебінде медбике қызметін атқарып, медицина саласында бас-аяғы 40 жыл еңбек етеді. Бейнеттің зейнетін көру қуанышы еселеніп, еңбек демалысына шығады.
Медбике мамандығын таңдаған Күлжамал Ахатованың балаларға деген ықаласы ерекше. Бақылауындағы әр балаға өз бүлдіршініне қарағандай аялап, қамқорлық танытады. Сол балаға деген ерекше ықыласынан болар медицина саласында жүріп, тек балалардың ем-домын өзіне жауапкершілік етіп, әртүрлі жұмыс орнында қызмет етсе де мамандығын балалармен байланыстырып, адал еңбектің несібесіне кенелді.
3 қыз, 2 ұл тәрбиелеген Күлжамал Мырзағұлқызының балалары да ана жолын қуып, медицина саласын таңдаған. Қызы Мақпал Мадиярқызы 2004-2011 Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Медицина факультетін мемлекеттік грантта «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, 2011-2014 жылдары аталған оқу орнында оқытушы, 2014 жылдан бері киелі Түркістанда «Клиника Талғат» ЖШС-ында «Кардиология» бөлімінің меңгеруші қызметін атқарады. Медицина ғылымдарының докторанты атанған Мақпал 2020 жылы «Елеулі еңбегі үшін», «Ел ардақтысы» медалімен марапаталды. Бір қызығы Мақпалдың жұбайы Тілеулиев Самат та медицина мамандығын мақтаныш санаған азамат. Күлжамал апайдың күйеу баласы жарымен мамандық таңдау барысында танысып, өмірлік серік болуға бір-біріне ант еткен. Ол да 2004-2011 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Медицина факультетінің түлегі. 2011-2017 жылдары Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжінің аға оқытушысы, 2017 жылдан бастап «Клиника Талғат» ауруханасының «Терапия» бөлімінің меңгеруші қызметін атқарады. Қазіргі таңда, медицина ғылымдарының магистры.
Әлемді шарпыған COVID-19 індетінің бірінші толқынында Мақпал мен ­Самат Гиппократ антына адал болып, айлап үй көрмей ел саулығы үшін қызмет еткен ақ халатты абзал жандар. Бас амандығын ұмытып, бар біліктілігін осы жолға арнаған дәрігерлер былтыр «Жанқиярлық ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Одан бөлек әже жолын қуған Ақтолқын Орынбасар да 2017-2020 жылдары Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжін «Мейіргер» мамандығы ­бойын­ша тәмамдап, қазір Шиелі аудандық орталық ауруханада мейіргер болып қызмет істеп жатыр.
Міне, осылай бір әулеттен 4 медицина мамандығын таңдаған ақ халатты абзал жандар шығып отыр.
– Мамандық таңдауда қызыма ешкім ықпал еткен жоқ, балалық арманның жетелеуі, менің ақ халат киіп, ине салуым әсер еткен шығар. Әйтпесе, «дәрігер бол» деп күштеген емеспін. Немереме де медицинаны таңда деген жоқпын. Бұдан бөлек немерелерім әлі мектепте оқиды, сонда да мамандық таңдауға кірісіп кеткен. Әңгіме арасында немерелерімнен сұрағанымда «дәрігер боламыз», «сіз сияқты ине саламыз, ақ халат киеміз», «әпкем сияқты халықты түрлі індеттен құтқарамын» деп жатады жамырасып. Сондайда іштей тілеуін тілеймін, ниеттерінің ақ екеніне қуанамын. Бірақ, «сен, сондай бол» демеймін. Себебі, бала біреудің ықпалынсыз, нұсқауынсыз өзі таңдап, сүйіп істегені жақсы. Мамандық таңдаудан қателескенін қаламаймын. Менде жаңылыспадым. Өз мамандығыма қалап түстім, жақсы көріп жұмыс жасадым, – дейді К.Мырзағұлқызы.
Негізі мамандық игеру адамның ең бас­ты құндылығы, болашақ бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Осы ретте бұл отбасы мүшелерінің дәрігерлер екенін медицина қызметіне жүгінушілер жақсы біледі. Және отбасы мүшелерінің медицина саласындағы еңбегі жалғасын таба бермек. Себебі, немерелері де осы саланың үздік маманы атанудан үмітті. Ендігі кезекте тек ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан жанұяның ұлтқа қызмет етуі әрі қарай да отбасылық кәсіп түрінде өз жалғасын тапса дейміз.

Ақбота БАЯНБАЙ
22 маусым 2021 ж. 574 0