Мақтауға лайықты Маржан
Барша адамзат өз ісімен, әрекетімен көрікті дейміз. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалды өзімізге-өзіміз қоюымыз заңдылық. Белгілі бір саланы меңгеріп, сол арқылы ел мақтанына айналып, халық құрметіне бөленіп жүрген жандарды газет беттеріне жариялап келеміз. Міне, еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыт ішінде ынтымақты ұран, татулықты ту ете отырып, толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде медицина саласы да қарыштап дамып келеді. халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Денсаулық саласында біраз жыл еңбек еткен жанның бірі – Маржан Сәдуақасқызы.
Аудандағы еңбек саласының асылдарын кейінгі ұрпаққа танытып, үлгі-өнеге ету – біздің басты мақсаттарымыздың бірі саналады. Осы мақсатпен халықаралық дәрігерлердің кәсіби мерекесіне орай Маржан Сәдуақасқызының отбасына барып қайттық. Бізді табалдырықтан тік тұрып қарсы алды. Бойы тік, болмысынан бекзаттық байқалатын жан екен. Табиғи жаратылысы солай шығар, адам жатырқауды білмейді. Кімге де болса, «Айналайын» деген жылы сөзін аянбайды. Аса сабырлы, мейірбан жан екендігі сыпайы сөзінен де, шынайы мінезінен де аңғарылып, өн бойынан кісіліктің нәзік иірімдері өріліп тұр. Қоғамда осындай ізгі пейілді жандардың молырақ болуы – жақсылықтың нышаны саналды.
Ол 1950 жылы қазанның 16 күні Тереңөзек ауданында дүние дидарына келген. Кіндік қаны тамған жері Тереңөзек топырағы болса да, М.Сәдуақасқызының алғашқы еңбек жолы Шиелі ауданында басталды. Жасынан пысық, оқуға алғыр, шаруаға епті болып өскен Маржан бауырларын алға жетелеп, жігерлерін әрдайым ұштап отырады. Мектепті ойдағыдай аяқтайды. 1971 жылы Қызылорда қаласындағы медучилищесін бітіргеннен кейін, жолдамамен Шиелі аудандық ауруханасына акушер маман болып жіберіледі. Ең қастерлі мамандық иелерінің жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары ауқымды болғандықтан, қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап, көптеген сәбидің кіндік шешесіне айналды. Ары қарай, Қарғалы Қаракөл қой совхозына қарасты «Таштоп» бөлімшесінде, Ботабай ауылдық округіне қарасты Қызылқайың бөлімшесінде жылқы, сиыр фермаларында 10 жылдан астам еңбек етті. Одан соң, Н.В.Гоголь атындағы пединститутта биология пәнін сырттай оқып бітірді. Қызылқайыңдағы №151 сегіз жылдық мектепте өскелең ұрпаққа білім беріп, ұстаздық жұмысымен қатар мектептің, ауданның қоғамдық өміріне тұрақты атсалысып келе жатқан қоғам белсендісі, аудандық кеңеске депутаттыққа сайланады. 1980-1986 жылдары аудандық ауруханада акушер, 1986 жылы Шиелі темір жол торабының 210 орындық балабақшасында аға аяжан болып қызметтерін еш қалтықсыз атқарған. Осылайша ауыр еңбектен қашпаған қайсар қыз 1989 жылы темір жол торабындағы «Қазақ тілі» қоғамының басшысы болып сайланды. Бүгінде ана тілінің бастауы отбасында десек, оның әрі қарай дами түсуіне балабақшаның да айтарлықтай орны бар. Маржан апай мемлекеттік тілді тұғырына қондыру жолында да аянбай еңбек еткенінің нәтижесінде аудан көлеміндегі мектеп, балабақшалардың қазақ тілінде ашылуына ұйытқы болды. Тіл жан ашыры жолындағы еңбектері жоғары бағаланып, 1998 жылы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің жанынан құрылған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы болып сайланды.
Сондай-ақ, аудандық денсаулық сақтау іс қағаздарының түгелдей қазақ тіліне көшірілуіне зор үлесін қосты. Облыс басшылары осы еңбектерін ескеріп «Құрмет» грамотасы мен бірнеше алғыс хаттармен марапаттаған. 2008-2009 жылдары «Бота» қоғамдық қорында жүріп ол талай баланың білім алуына қолдау көрсетеді, ата-аналардың үміт отын жағады. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балалардың балабақшада тегін тәлім алуына септігін тигізеді. «Бота» қорында табан аудармастан бес жыл аға ерікті болып, нәтижесінде «Құрмет» грамотасын иеленеді. Содан кейін қайырымды істі «Ана сезімі» қоғамдық қорына келіп жалғастырады. Мұнда да аға ерікті болып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Бүгінде ғұмырының тең жартысын ауданның өсуіне арнаған Маржан барлық марапатқа да лайықты деп білеміз. Ерлерге тән қайсарлық, өжеттік, еңбекқорлықты Маржандай мықты кісінің бойынан байқадық. Қазіргі кезде ел жанашыры ғана емес, тіл жанашыры. Маржан апайдың ендігі сергі – қаламы. «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі, «Тұлға тағылымы» журналының тілшісі, республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры газетінің және «Дара тұлға» журналының аудандық бөлімшесінің төрайымы қызметтерін абыроймен атқаруда. Кейіпкеріміз жақында Қызылорда облысы бойынша «Республикалық ынтымақ жолы» филиалын ашты. Бұл ашылған филиал халықтың ынтымағы мен бірілігін жарастырып, ауызбірішілігін сақтауға зор күш салатын ортаға айналатынына сеніміміз мол.
Маржан Сәдуақасқызының өткір жанарында – өмірдің өзі, ғазиз жүрегінде – мейірбандықтың көзі бар. Тағдыры әу баста маңдайынан сипамаған. Жігері мен өмірге деген құштарлығы мақсатына жеткізіп, жақсы атын шығарды. Еңбек елеусіз, ізденіс ізсіз кеткен жоқ. Ол «Елеулі еңбегі үшін», «Өскен өңірдің-75 жыл» медалімен марапатталды. Төріне ырыс ұялап, босағасына бақ байланған шаңырақта өнегелі ұрпақ өрбіп, кешегі тауқыметтің тартуын немере-шөбере қызығымен өтуде. Иә, «көсегесі көгеріп, көрпелері ұлғайған» шаңырақта тәрбиеленген перзенттері де ұядағы ұлағаттың дәнін өз ұрпақтарына сеуіп жүр. Бүгінде екі қызы да мектепті үздік бітіріп, өздерінің оқуларын ойдағыдай аяқтап, ел үшін еңбек етуде. Адам ұрпағымен мың жасайды демей ме? Маржан Сәдуақасқызы да 3 немере сүйіп отырған бақытты әже Алланың бергенін қанағат тұтып отырған жайы бар.
– Жасым жетпістен асса да, бос қарап отырғанды қаламаймын. Құдайдың берген қуаты шығар, аудандағы барлық істерді атқарып, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау жасап келемін. «Уақыт өзгерді, ел жаңарды. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын демекпін. Елбасының осы тыныштықты сақтаудағы еңбегіне, өз басым, аналық басымды иемін. Жер бетіндегі барлық аналардың ақ тілегі осы тыныштық емес пе?! Меніңше, жұмақтың төрі де осы болмақ! Үлкен кісі «Болашағымыз – бірлікте» деген сөзді бекер айтпайды. Отбасы – шағын мемлекет қой. Мұны мен өз отбасымның бірлігі мен тірлігінен күн сайын көріп келемін», – дейді мейірімді жүрек иесі Маржан Сәдуақасқызы. Осылайша ауданның өркендеу жолында еселі еңбек етіп, жігерлі ісімен танылған ардақты ана ауданымыздың ғана емес, қазақ елінің мақтанышы деуге болады.
Шапағат Тілеубаев