Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Көмбе

Ыбырай атаның өсиеттері

Айналамызды қоршағанның бәрі – егіндік жер, жайылым мен шабындық, орман мен тоғай, өзен мен көл, жұпар иісті ауа, жортқан аң мен құс, судағы балық, жердегі кен, топырақ пен өсімдік табиғат байлығы. Адам баласының тіршілігі атам заманнан бері табиғатқа тікелей байланыс­ты. Ішетін тағамды, киетін киімді, тұтынатын заттарды адам осы табиғаттан алады. Сондықтан да табиғат байлығын тоздырмай, ортайтпай, қайта қорландырып, молайтып отыру – біздің өмірлік міндетіміз.
***
Адамның басынан қайғы да өтеді, қуаныш та кетеді. Адам жоғалған махаббатқа да көнеді. Адам бәріне шыдайды, бәріне төтеп береді. Бірақ, өліде де, тіріде де есінен кетпейтін, лүпілдеген жүрегіне мәңгілік ұялаған, өмір бақи жадынан шықпайтын ең асыл, ең ардақты, ең нәзік сезім бар. Ол – туған жерге деген сағыныш, туған жерге арналған махаббат... Бәрі өтеді, бәрі кетеді. Сенің жүрегіңде тек сол бір сағыныш сезімі мәңгі-бақи сақталып, жер қойнына сенімен бірге кіреді.
***
Ерлік жолы – ер жолы. Туған елді қызғалдақтай құлпыртқан, қиындықтан қашпаған, бар өмірін ел игілігіне арнаған ерлер жолы.
***
Ел аш болса, «тоқпын» дегенің өтірік, ел тоқ болса, «жоқпын» дегенің өтірік.
***
Жер!.. Қасиетті де қастерлі жер! Сен ыстықсың бәрінен де, сенің бойыңда өзекті жанды өзіне тартатын керемет күш бар. Бұл құдіретті күшті ең алдымен егінші сезеді. Ол сенің жүрегіңнің лүпілін естиді, диқанның бар өмірі, бар тіршілігі алдымен саған байланысты. Диқан сен арқылы диқан. Егіншінің сені әулие тұтып, саған ғана елжірейтіні де содан.
***
Жер! Ұлы теңіздер жер төсінде шалқиды. Небір ұзын-шалқар өзендер жер бетімен жосыла ағады. Қалың ну ормандар жер бетінде жайқалады. Жердің төсінде асқақтаған биік-биік тау шыңдары көкке шаншылады. Жердің төсін теріп жеген адамзат нендей ғажайыптарды осы жер бетінде жасайды.
***
Жер бізді асырайды, жер бізге қуат береді. Шексіз заңғар көкке ұшсақ та, шетсіз мұқит айдынында жүзсек те, жер басып жүргендегідей өзіңе-өзің сенімді бола алмайсың. Жаның тек жер үстінде ғана жайланады.
***
Адамзат баласына ғасырлар бойы жұмбақ болып келген, сонау түпсіз тұңғиық аспан әлемінде жұлдыздай самғап, тылсым табиғаттың бүгулі сырын ашып, кемеңгер ақыл-ойдан туған ғылым мен техника жетістігін бүкіл әлемге паш еткен, ғарыш қырандарын төсімен емізген, баулып өсірген, қияға қанат қақтырған біздің жер – қазақ жері.
***
Адам – жермен адам, жер – адаммен жер. Домбыраның қос шегі секілді, бұл екеуін бөле-жара қарауға болмайды. Әуелі тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді. Елге берсе, ерге береді.
***
Диқандықтың ауыр да болса, абыройлы жолына біржолата түстің екен, ешнәрседен тайсалма, болмашыға мүдірме. Сонда ғана жеңесің, жемісті мол тересің.
Тындырымды диқан болу үшін тынымсыз ыждаһат керек болса, ал күрішші болу үшін екі есе ынта қажет.
Маған әрбір дән тер тамшысы болып елестейді.
***
Дән қадірін диқаннан артық кім білген? Кейбіреулер масақ теруді қиынсынады. Бекер! Күрішші бір сабақты өсіру үшін қолына кетпен ұстап, жаз бойы жерге мың мәрте еңкейеді, ал жерде қалған жалғыз түйір дәнді алу үшін ең соңғы рет тағы да бір еңкею қиын ба екен?
Астық дәнін себушілер –
Өмір нәрін егушілер.
***
Нан қадірін диқаннан артық кім білген.
Адамзат өзінің бүкіл ұзақ тіршілігінде маңдайының терін төгіп өсірген дәнді өмір-бақи дәріптеп өтті, оны өз болмысының жалауы етті, нанның қасиетін ұран ғып көтерді.
***
«Ер жігіт үйде туып, жорықта өледі» деген сөз бар. Қазіргі заманның жорығы – еңбек. Адамды ер атандыратын – еңбек. Еңбексіз өмір – сөнген көмір. Еңбек түбі – мереке, көптің түбі – береке.

Еңбектің көзін тапқан,
Байлықтың өзін табады.
***
Еңбек ширатады,
Өмір үйретеді.
***
Ерінбей еңбек қыл,
Жалықпай өнер біл.
***
Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған ер – нағыз ер. Кеудеңде жан барда, адам атына дақ түсірме. Аштан өлсең өл, тек азғындап өлме. Арсыз өмірден адал ажал артық.
***
Адам да бір – аспандап ұшқан құс та бір. Екеуінде де шырқау биікке алып ұшатын қанат бар, көксеген жеріне алып баратын талап бар. Олардың көкірегіндегі арманы аспаннан құйылатын әсем ән боп төгіледі. Жүрегіндегі сыры айлы түнгі аспандағы жұлдыз боп жарқырайды.Сол әннің айтылмай жатып таусылғаны қиын. Жұлдыздың мезгіліне жетпей сөнгені қиын. Әсем гүлдің ажары тым ерте солса – сол қиын. Көрікті ердің базары тым ерте тарқаса – сол қиын.
***
Теңізден терең халық ішінде небір алмастай асыл ойлар жатыр. Жақсы ой тек ілгері жетелейді. Сондықтан да адам ойы асқар таудан сарқырап аққан су секілді сарқылуға тиісті емес. Ол тек үдей түсуі, таси беруі керек.
***
Адам тұрмыстың ащысы мен тұщысын түгел татып, талқы үстінде пысиды немесе қиындығына төзе алмай, жасиды.
***
Өмір нәрі – арман.
Жақсы арманы жоқ адамның жасауы жалған.
***
Талмайтын талап,
Адамға қанат.
***
Апыр-ай, адам көңілі неткен нәзік, неткен зерек! Оны қуанту үшін де, құлазыту үшін де бір-ақ сөз жеткілікті. Адам көңілі – ол да бір дария: шалқиды, күркіреп тасиды, гүрілдеп қайтады. Қаласа – өткелін береді , қаламаса – тереңіне батырады. Адамның көңілі ақ болса, оған адалдық та жақ, әділдік те жақ.
***
Арман – асыл қазына,
Місе тұтпа азына.
***
Толқи аққан өзендер жабыла келіп теңізге құйып жатпаса, теңіз болып шалқымас еді. Биік таудың ұшар басын оқтың-тектін бұлт торлап, алыс шоқтықты анда-санда көзден таса етпесе, адамның асқар биікке деген аңсары да сарқылар еді. Көктем шыға кең даланың кеудесінде қызғалдақтар өрт боп жанбаса, далада да еш қасиет болмас еді. Өйткені, өзендер теңізді сарқылтпаймыз деп ағады. Асқар шыңдар тәкаппар басын кішірейткісі келмей, иілмейді.
Қызғалдақтар туған даласын ажарландырам деп гүл жайнайды. Ойлап қарасаң, солардың бәрінде де ұлы мақсат бар: өшіру емес, өсіру. Күйіндіру емес, сүйіндіру. Осы мақсат оларды орта жолда тоқтатпай, тек ілгері жетелейді. Сондықтан да, ұлы істер тек үлкен мақсаттан туады.
***
Үлкен жолдың қалтарысында өсіп, назардан тыс қала беретін жұпар иісті әдемі гүлдер болады. Соларды аңғарайық, соларды бағалайық.
***
Адам баласы жақсыны да, жаманды да көру үшін жаратылған ғой. Әйтсе де, тасыған дарияның қайтқанын көрген қиын екен. Шыққан күннің батқанын, асқар таудың шөккенін, сапырған дауылдың жеңілгенін, биікке самғаған құстың қайта қонғанын көрген қиын екен.
***
Өлім... Өмір секілді өлім де адамға тән нәрсе... Өмір сияқты өлімнің де ағы мен қарасы болады. Ақ өмір сүре білу абзал. Ақ өліммен өле білу де абзал. Әділдік жолында адал өлген адам, ажалды да жеңгені, өлімнен де күшті келгені.
***
Жылай білу де үлкен қасиет, достарым. Көзден аққан әр тамшы – шерлі жүректің әсем үні. Ол үн сыртқа шықпаса, көңіл күйі көмулі қалады да, адам баласы тебірене білмейтін мелшиген тасқа айналады.
***
Адам әлденеге талпынумен, ұмтылумен өмір кешеді.
***
Адам – тастан берік, гүлден нәзік. Нендей ауыртпалықты болмасын, адам баласы атадан түйе секілді көтеріп әкетеді. Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы дейді де, неге де болмасын белсене кірісіп, қайғысын – тіршілік талабына жеңгізіп, бұрынғыдан бетер пыси түседі.
***
Денсаулыққа, жастыққа не жетсін! Жас шағында аспан биік, тауың жақын, дүние кең. Жас болсаң ұшқан құсша самғап, бұлттардан да асасың, өмірдің жігерлі әнін дауылдатып, нөсер ғып құясың. Өмірден осылай боп өтпесең жер басып жүрдің не, жүрмедің не?
***
Бұл өмірге «қонақпын» деп қараған адам – қарағайға бір түн қонақтап кеткен қарғамен тең.
***
Гүлдер солып, жұлдыздар сөніп, адамдар өліп жатады. Бірақ, адамзаттың бір ерекшешелігі сол – одан із қалады, іс қалады.
***
Адам өмірге іңгәлап келеді, күліп өтеді, жылап кетеді.Адам өмірге бейнет үшін келеді, зейнет іздейді, бақыт табады. Дүниенің шалқар теңізін өктем адыммен кешіп өтпеген адамды, тұтқиылдан соққан асау толқын жаңқа секілді қаңғалақ ойнатып құмды, шөлейт жағасына ықтырып әкеліп, жалғыз тастап кетеді. Баябан шөлде, елсіз –жұртсыз мылқау жерде үнің шықпай бір басыңды күйттеп өтем демесең, өмірге келгендегі ұлы міндетіңді ешқашан ұмытпай, адам атыңа дақ түсірмей, көкірегің ояу шақта көз ұялмай өтсе болғаны. Кеуде де жаның барда деген атқа дақ түсірме. Арсыз өмірден ақ өлім артық.
***
Біз кейде жағдайдың құлымыз. Ол нашарласа – өшкенің, ол жақсарса – өскенің. Оны өсірсе білу де – өнер, өшіре білу де өнер. Жақсы жағдайды көре білу де үлкен қасиет, жаман жағдайға көне білу де үлкен қасиет.
***
«Дән тасыған құмырсқаға тимеші, алысқаны өмір ғой, өмір шіркін абзал ғой» деген екен ұлы Фердоуси. Біздің де алысқанымыз өмір, достарым. Ал, өмір жарқырап тұрған күн емес. Оның күңгірт кездері де көп емес. Ол даңғыл жол емес, оқапты соқпағы да мол. Ол кейде тауға шығарады, кейде жарға жығады. Кейде адасасың, сүрінесің, құлайсың, қайта тұрасың. Өмір үшін қайта алысасың. «Бес күн өмірдің он күн арпалысы бар» деген осы.

Құттықыз Ыханова,
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры


12 маусым 2021 ж. 302 0