Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғатқа қиянат жасалмасын

Табиғатқа қиянат жасалмасын

Табиғат – тылсым күші адамзаттың,
Кең далама қызығып қарап жаттым.
Экология деген сөзді зерттей түсіп,
Ғылымның салаларын санап жаттым.

Экология сөз екен ғой, жойылады,
Тегіс жерің құз болып ойылады.
Ауаға улы газдар ұшып, тарап,
Кей жұмысқа шектеулер қойылады.

Таза су, өзен-көлдер ластанады,
Орман-тоғай өрттен жер жастанады.
Жас баладай табиғатқа күтім керек,
Қашанғы бұл адамдар мастанады?

Отаным – Қазақстан, табиғатым,
Оқып өстім мұсылман шариғатын.
Обал, сауап деп айтады Құранда да,
Шығарма осыны естен, жамағатым.

Табиғат қарамаса жоғалады,
Жалаңаш адамдай боп тоналады.
Ел болып қолға алса, Жер-Ананы,
Құлпырып, сонда ғана оңалады.

Қоршаған ортаны адам қорғау керек,
Табиғатқа қиянат болмау керек.
Ұрпақтар да осы ауамен демалады,
Болашаққа аманат қып жолдау керек.

Өркен ИСМАИЛ




Бестам

Тарихымен танымал «Бестам» аты,
Пейіштің ақ төріндей жер жаннаты.
Ғасырлардың ғажайып күйін шертіп,
Жарасатын сәні менен салтанаты.

Қашанда құтқа толы әр қадамың,
Еліктей керіледі-ау таң шапағың.
Өзің жайлы келеді жаза бергім,
Сүйріктей боп ұшталып қылқаламым.

Еңбеккер, мәрт халық қой бұл жұртымыз,
Алтын бидай, ақ күріш бақ-құтымыз.
Қонақ келсе келер деп несібемен,
Дайын тұрар бауырсақ, ақ құртымыз.

Қазаны оттан түспей кешке дейін,
Арылмаған түтінінен жез кернейім.
Бірін-бірі көре қалса дүкен құрып,
Қариялар тамылжытар сөз мерейін.

Ауылым дәл осындай көркем дерсің,
Күміс көмей Әбіләш өскен жерсің.
Маң-маң басқан түйемен бір кездері,
«Жібек жолы» керуені көшкен жерсің.

«Елім-ай» да дейді сенде туындапты,
Ел басына туғанда заман қатты.
Қаратаудың басынан көш келет(ді) деп,
Еңіреген ананың зары қатты.

Міне, сондай тарихи жерім «Бестам»,
Кешегісі бүгінгіге тарих дастан.
Ғасырлардан ғасырларға аты қалар,
Бабаларым салып өткен алып қорған.

Гүлзат Ақназарова
23 мамыр 2020 ж. 663 0