Экологиялық акцияға үлес қосты
ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің қатысуымен және ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен басталған «Бірге – Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына шиеліліктер де атсалысты.
Өткен сенбіде «Жастар ресурстық орталығы», «Жасыл ел» жасағы, ішкі саясат және ауыл шаруашылығы бөлімдері мен кент әкімі аппаратының қатысуымен Бәйгеқұм ауылдық округіндегі Ханқожа көлінің жағалауына тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған акцияға «Балық шаруашылығы» ғылыми-өндірістік ЖШС Арал филиалы, Қызылорда облыстық «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» мен Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі де үлес қосты. Акцияға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы да болып, жастар мен белсенділерді акцияға атсалысуға шақырды.
– Ханқожа көлінің ұзындығы 47 шақырым, аумағы 470 гектар. Қазір бұл жер аудан тұрғындарының ғана емес, қалалықтардың да демалыс орнына айналды. Мұндағы ең бірінші мән беретін жағдай – көлдің экологиялық тазалығын сақтау. Осы орайда бүгін тазалық акциясын көлдің айналасына жүргізуді қолға алдық. Одан бөлек кент орталығындағы «Алтын береке» жағажайына және «Базар» мен «Байсары» арығына тазалау жұмысын жүргіземіз. Сонымен қатар барлық ауылдық округтер өздерінің су айдынының айналасын тазалайды. Бұл – келешек ұрпақ үшін үлгі боларлық іс. Алдағы уақытта осындай шаралар жалғасын таба береді, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кеткен жөн, биылғы экологиялық акция су жағалауындағы жағдайды жақсарту мақсатында жүргізіліп отыр. Бұған меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар мен тұрғындар да қатысып жатыр. Акция көлік және арнайы құрал-сайманмен жабдықталған. Сондай-ақ салқын су және азық-түлік те қамтамасыз етілген. Бұған орталық кітапхананың суретшісі Рахманберді Ханқожаұлы да өз үлесін қосып отыр. Тазалау жұмыстары кезінде аудан әкімі Р.Ибраевқа Ханқожа көлінің кіреберісіне қойылатын белгінің үлгісін әзірлеуді тапсырды.
Экологиялық акцияда қоқыс тазалап, аймақты абаттандыру жұмысына қатысқан жастардың қарасы қалың. Соның ішінде «Жасыл ел» жасағынан 30 сарбаз бар. Биылғы маусымнан бастап жұмысқа кіріскен Ұлдана Қалиева аталған акцияны табиғатқа құрмет көрсетудің белгісі деп біледі.
– Республика көлемінде жүргізіліп отқан акцияға әр жас білек сыбана кірісуі керек. Ел азаматы және Жер-Ананы қасық қаны қалғанша қорғаған ата-бабаларға құрмет ретінде әр адам айналаны мұнтаздай ұстауы шарт. «Жасыл ел» жасағы осындай жұмыстармен үздіксіз айналысып келеді. Ал бүгінгі шараның болмысы бөлек. Себебі, бүгін жұмысшылар ғана емес, басшылар да, аға буын өкілдері де келген. Бұл – көпшілікке үлгі болатын жағдай, – деп Ұ.Қалиева замандастарын да акцияға қатысуға шақырды.
М.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА