Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сән әлемін Стамбулдан үйренген

Сән әлемін Стамбулдан үйренген


«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қазақтың қанатты сөзі бар. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап Алла тағала оның ризығын тағдыр тақтасына жазып қоятыны белгілі. Аузына ана сүтінен бастап, тіршілікте түрлі тағамның дәмін тату пенденің пешенесінен айналып өтпейді. Бірақ, сол ризыққа қол жеткізу адамның іс-әрекетіне байланысты болмақ.
Бірі оқыған мамандығы бойынша қызметтің қызығына кірсе, енді бірі жеке кәсіптің жетегіне еріп, шағын болса да шаруашылықтың тізгінін ұстап, нәпақа табуда. Біздің қоғамда «бизнес бастау қиын, қымбат немесе барлығының қолынан келе бермейді» деген кереғар пікір басым. Зер салып, зейін қойып ойланатын болса, адам баласының атқармайтын ісі қалмайтын еді. «Қолымнан келмейді», деген орынсыз ой кәсіп ашып, жұмыс жүргізуге қарсы қойылған қамал сияқты. Қазіргі заманда базарға шығып сауда жасамай-ақ, үйде отырып үлкен іс тындырып жүргендер жетерлік. Біреулер бөзін, біреулер сөзін саудаға салған бүгінгі бәсекеге толы бәйге өмірде құр қарап тұрудың өзі құрдымға жетелейтіндей...
«Үйде отырып бизнес жасау» деген оқыған білім мен меңгерген мамандығыңызды, алған дипломыңызды сандыққа сақтап қою деген сөз емес. Керісінше, негізгі жұмысыңызға кедергі келтірмейтін кәсіп көзін кәдеге жаратып, қосымша пайдаға кенелу. Сондай жандардың бірі – кент тұрғыны Әсемкүл Әсемқараева. Ол үйде отырып әртүрлі қуаныш, тойға арнап тойбастар, қыз жасауы, құрақ құрау сынды бұйымдар жасап, сатуда. Әсемдікті, әдемілікті қөлөнер бұйымдары арқылы қыздарына үйреткен іскер ананың тұңғышы Аруна Абдуллаева бүгінгі таңда кент орталығынан сұлулық салоны мен гүлдер әлемін ашып, кәсіптің нәсібін көруде.
24 жасар бойжеткен сән әлеміне бірден келе қойған жоқ. Әсемдікке, әрлеуге жаны құмар Аруна Нұрлыбекқызы ең әуелі Мәскеу қаласында «визажист» курсын оқиды. Одан соң, Алматы қаласында бет әрлеудің сан қилы әдісін үйренеді. Білсем, үйренсем деген талпыныспен Дағыстанда «шаш маманы» курсынан өтеді. Күн сайын­ жаңа дүниелер шығып, технологиялар жетілген заматта білімді жетілдіріп отырмаса кәсіп қылам деу бекершілік. Осыны аңғарған бойжеткен Дубай мен Стамбул қалаларында тәжірибесін толықтыра түседі. Әбен шыңдалып, сыналған сән әлемінің ханшасы 2019 жылдан бастап Шиелі ауданында өз кәсібін бастайды. Бұдабай көшесі бойында орналасқан 2 қабатты ғимарат осы Арунаның меншігіне өтті. Бұған дейін жартылай бос тұрған орынды «Аруна Нұрлы» деген атаумен сән салонына айналдырып, ел игілігіне ұсынған кейіпкеріміз бүгінгі таңда 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Алдыма үлкен мақсат қойдым. Өз кәсібімді ашу үшін тынбай еңбек еттім. Қаржы жинадым. Ең бастысы сапалы, бәсекеге қабілетті, халықтың таңдауы түсетін орынға айналдыруды көздедім. Ол үшін әлі де жұмыс істеп келемін. Бұл кәсіптегі қолдаушым анам, – дейді Аруна.
Әр адамның қабілет-қарымы әртүрлі болады. Соған сай өз мамандығын таңдап, сол бағытта жұмыс істейтіні белгілі. Бұрын шаштараз, визажист кәсібін ешкім табыс көзі ретінде қарастырмаса, бүгінгі таңда аталған кәсіп иелері үлкен сұранысқа ие. Тіпті, жеке бизнесін ашып, ісін өрге домалатып отыр. Өйткені, жыл өткен сайын­ сұлулық салонын жағалайтындардың қатары қалыңдап барады. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін ғимараттың бірінші қабатын той көйлектері мен ұзату көйлегі және бұйымдарына арнаса, екінші қабатта массаж бөлмесі, бет әрлеу, шаш үлгісі, кірпік, тырнақ жабыстыру сынды жұмыстар жасалады. Сондай-ақ, бір бөлмесін гүл дүкеніне айналдырған. Онда голландиялық раушан, фиона, гипсофилия, астромедия гүлдерімен қатар, бөлме гүлдерін де табуға болады. Арнайы Ташкент, Алматы қаласынан тапсырыспен алдыратын гүлдер де көпке қуаныш сыйлайтынын тілге тиек етті кәсіпкер.
Жас та болса жаңашылдыққа жаны құмар Аруна үлкен кәсіптің құлағын ұстауда. Ал, оған ол оңай келген жоқ. Өз қаржысымен 1,5 жыл бұрын бастаған шағын кәсібі өрге домалап, ғимараты да, ісі де кеңи түсті. Еңбек еткеннің есебі түгел, еңсесі биік болатынын бүгінгі кейіпкеріміздің қажыр-қайратынан аңғарғандай болдық...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
25 мамыр 2021 ж. 535 0