Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмтылғандар ұтады

Ұмтылғандар ұтады


Көңіл таразысына салып бажайлап қарасаңыз, тәуекелге бел буып, өз кәсібін дөңгелеткен жандардың ұмтылысы көпке үлгі. Үйдегі ойдың баянды болуына «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиіп тұрғандай.

Қай істің тігісін көктесең де, алдымен ұйытқы боларлық алғашқы қаржы қажет екенін кәсіппен айналыспағандардың өзі де жақсы біледі. Шиелілік Бекза Айтмағанбетова жоғарыда аталған жоба бойынша қыр-сыры мол кәсіпкерлік негіздерін тәп-тәуір меңгеріп, кестелеп тігу бизнесін ашты.Басқалай айтқанда, қалаған тауар түріне логотип немесе жазуды кестелеп жазу. Шағын аудан орталығында айтарлықтай жаңалық бұл. Кәсіпкер нәтижелі жұмыспен қамтыдуы және жаппай кәсіпкерлікі дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Бизнес бастау» оқу орталығында оқыған. 21 күн ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген.
– Әрине, сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыру оңай болған жоқ. Менің білуімше, ең алдымен кәсіпкерлік негіздерін қапысыз меңгеруің керек. Әйтпесе, құр ұмтылыс орындалмайтын қиял болып қалуы ғажап емес. Ең алдымен, өзің айналысатын істің қыр-сырын жілігін шағып, майын ішкен маман болуың шарт. Егер өзің білмесең, онда бұл тарапқа қадам басуға болмайды, – дейді.
Негізгі мамандығы – мұғалім. Алайда, соған қарамастан өз бизнесін ашарда білімі мен білігіне сүйенген. Жасаған бизнес жоспары да құрғақ қиялдан құрылмаған. Табыс тетігінің құлағы қылтиып тұрған соң грант иегері де атанған.
– Негізінде бағдарламаның көп көмегі тиді. Өз ісінің хас шеберлері қаржылық сауаттылыққа үйретті. Берілген қайтарымсыз несиеге қажетті техникаларды алдым. Қазіргі таңда жаңартылған техникамен және арнайы компьютерлік программамен жұмыс ісеймін. Соның арқасында кәсібімді жалғастыру қиындық тудырмады. Керісінше, қызығушылығым оянып, талпынысым артуда.
Құптарлық-ақ қадам. Кейіпкердің айтуынша, бұл «қазіргі заманның» бренді. Көз майын тауысып дайындалатын дүниенің құнын сұрағанымызда, ол қалтаға қонымсыздығын айтты. Неге десеңіз, қажетті материалдар сырттан әкелінеді және жаңа техниканың құрал-жабдықтары қымбат тұрады екен. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар арасында бұл өнімге деген сұраныс артуда. Кейіпкіріміздің аталған кәсіп түрін дамытсам, түрлендірсем деген жоспарлары көп. Келешекте шәкірт оқытсам деген арманы да жоқ емес.
«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген аталы сөз бар. Бір үміт, бір күдікпен кәсібін бастағандардың ісінің оңынан оңғарылғанын көрген шиеліліктердің тарапынан құлшыныс өсіп келеді. Қоса кеткен жөн, биыл өз бизнесімді бастаймын деп өтініш бергендердің қарасы көп. Коронавирус карантиніне байланысты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту онлайн режімінде өткізілуі мүмкін. Ұмтылғандардың ұтқанын көрген қалған жандарға да өз кәсібімен айналысатын уақыт алыс емес.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
04 шілде 2020 ж. 603 0