Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлыққа жол бермеу – ардың ісі

Жемқорлыққа жол бермеу – ардың ісі

Қартайған шағында адамнан ұйқы қашады. Үлкендер осылай деп отыратын. Күнделікті күйбең тірлікпен сілелеп кеп жатсаң да, кірпігің ешбір ілінбейді. Шынымен солай. Көпке дейін сазарып, дөңбекшіп шығасың. Себебі, әбден пісіп жетілген миымыз, ақылымыз асып-төгіліп, қоғамның жат тұстарын ғана аласұрып ойлау­мен боламыз. БізДің миымыздың қыртыстары тегістеліп, тез ренжіп, тез ашуланып, көрмейтін нәрсені көріп қалып, жастарға ақыл-кеңес айтуға құмар болып тұрады екенбіз.
Мейлі ғой, кейінгілер ақылыңды тыңдап жатса. Ілгеріде ауданға бір тарих ғылымының докторы келіп, сыбайлас жемқорлық тақырыбына лекция оқыды. Доктор қыза-қыза «бұл жемқорлық Қазақстанда Тәуелсіздік алғаннан кейін басталды» деп соқты. Мен сонда «Кешіріңіз, қазақ жерінде жемқорлық, пара беру патшалық Ресей кезінде басталған жоқ па? Қазақ байлары болыстыққа таласып, орыс чиновниктеріне пара беріп, қай жеңгені жеңімпаз болды емес пе? Біздегі парақорлық, жемқорлық баяғыдан басталған» деп пікірімді білдірдім. Ғалым ағамыз мені жақтырмай, көзілдірігінің астынан адырая қарағаны әлі есімде. Қазір ойласам, адамнан ұйқы қашпайды екен, осындайларды ойлап ұйқың келмей қалады екен. Іштей күйініп, қоғамға налып жатамыз. Менің «баяғыда» дегенім дұрыс болыпты. Қазақтың «Бес ғасыр жырлайды» кітабын оқи отырып, сол баяғы ақын-жырауларымыздың жемқорлық, парақорлық – кісі ақысын жемеу жайлы өлеңдерінде айтып кеткендері жанымды жай таптырды. Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпағын ұятқа қалдырмауды ойлап, ұл-қызын адалдыққа, ізеттілікке баулып, «біреудің ақысын жеме», «жесір, жетімді жылатпа», қысқасы, «біреудің ала жібін аттама» деп отырған. Мысалы, 1668-1781 жылдары өмір сүрген Абылай ханның Бұхар жырауы: «Кісі ақысын көп жеген, Арам емей немене?» десе, Қабылиса (Қабан) жырау «Ешкімнің хақын жемеңдер, Артында оның сұрақ бар» дейді. Ал, Шортанбай Қанайұлы «Билер пара жемеңдер, Жалғанды жолдас демеңдер» десе, Сармұратұлы Құлтума ақын:

Ей, билер, еш білмейсің өлеріңді,
Харам іске жұмсайсың өнеріңді.
Зар жылатып момынның жейсін ­
малын,
Иманыңнан білмейсің төлеріңді.
Қорықсаң би, кедейден жеме пара,
Ақыретте екеу жоқ, жүрер дара.
Қызығына жалғанның алданам деп,
Қияметте болмаңыз жүзіқара – депті.
Шайырлардың соңғы өкілдерінің бірі – Әріп Тәңірбергенов (1856-1924):
Кісінің, менше, балам, хақын жеме,
Түбінде жарамайды жегіш неме.
Тірі күнде құтылдым қарызымнан,
Артымнан «Әкем айтпай кетті» деме, – деп ұлына, кейінгі қазақ ұрпағына өсиет тастайды.

Сонымен, доктор көкем «Бес ғасыр жырлайды» кітабын оқымаған болып шықты. Көзі қарақ қазақты өйтіп алдауға болмайды ғой. Пара – тиін-тебен, ақша, пұл, уақ мал-қой, ешкі, ірі қара-сиыр, жылқы, түйе, автокөлік, қара жер т.б. Пара – табан ақы, маңдай терсіз келетін арам ақша, дүние. Оңай олжа, жолда жатқан батпан құйрық. Оны бергеннің де, алғанның да оңбайтыны атам заманнан Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Пара беруші де, пара алушы да тозақта» деп анық айтқан. Біздің қылмыстық кодексімізде кешеге дейін пара беруші де сотталады деген болған жоқ. Кейіннен пайда болды. Құран Кәрімнен көріп қалған бір қу пайдаланса керек. Парақорлық – сені жұмысқа алса да, шығарса да сенен бірнәрсе (пара) дәметіп отырған адамның жаман қасиеті, яғни, дәметіп қалған шенеуніктер.
Парақорлық – қоғамда ыңғайсыз жағдай туғызатын, мына пандемиядан бетер ауру, науқас, кесел, жазылуы қиын сары жараның бірі. Адамдар ол қылмысқа саналы түрде баратындықтан, олардан адамгершілік, аяушылық, адалдық, қамқорлық, жанашырлық күту – мүлде ақылсыздық. Олар үшін рухани құндылықтар көк тиын. Адамдық, әділдік, тазалық секілді рухтар «бармақ басты, көз қыстының» құрбанына айналады. Өкініштісі сол, елімізде сыбайлас жемқорлық кең етек алғаны сондай – ұялмай, қымсынбай, қорықпай жасай беретін үйреншікті іс болды. Жақында Шымкент қаласында бір басшы біреуден 30 қой пара алып, онысы бір миллион жүз мыңдай дейді, соған місе тұтпай, қосымша, алты жүз мың пара алып жатқан жерінде ұсталды деген ақпарат жарияланды. Жағаңды ұстайсың. Не деген масқара! Осындай қылмысқа халық сеніп отырған мемлекеттік қызметкерлердің көрер көзге барып жатуы – ақылға сыймайды.
Сыбайлас жемқорлық бүкіл әлемді жайлаған күрделі мәселе, кешірілмейтін қылмыс. Жуырда әлеуметтік желіде Қытай елінің экономикасына залал келтірген жемқор басшы ұсталып, оның бес бірдей сыбайласын өзімен қосып, желкесінен атып тастағанын көрсетті. Осы елде ұры адамдардың бас бармағын шауып тас­тайды екен. Ал парақорларға жасаған жазасы анау. Біздің заңымызда өлім жазасы жоқ. Сондықтан да арамзалар ештеңеден қорықпайды. Қанішерлер, әйелдер мен жасөспірімдерді зорлайтын, қорлайтын, түйені түгімен жұтатын жемқор адамдар көбіне жеңіл жазамен құтылып жатады. Байлар пара да алады, парамен қылмысын да жабады. Сөйтіп, дым болмағандай министр, облыс, аудан әкімдері, мекеме басшылары болып, қызметтерін әрі қарай жалғастырып жүре береді. Сонда ұлт қайда, ар қайда, намыс қайда? Ел алдындағы абырой, бедел сол парамен жойылып, қайта орнына келе ме?! Осындай қарқынмен кете берсек, Тәуелсіз мемлекетімізге қауіп. Қылмысына қарай ақшасын қайтарса болды, осындай айып пұл салынды деу – меніңше, мыңдаған жемқорлар мен парақорларды, дәметіпқағандардың санын демографиямызды арттырғандай тәсіл секілді. Қоғамды жүгенсіздер, жебірлер жайлады. Қай саланы алсақ та, басшы болып бір ақша дәметіп қалған адамдар отырғандай сезінесің. Кеңес заманында жоғарғы оқу орындарына түсуге барғанда институт мұғалімдері пара алады екен, «ақшаң болмаса, оқуға бармай-ақ қой» деп отыратын үйдегілер. Институтқа қатарынан екі-үш жыл барып түсе алмағандардың ата-аналарының өзі мезі болғандары сонша, амалдары құрып, оқытушыларға пара беруге мәжбүр болатын. Сол кездері халық арасында «бара бергенше, пара бер» деген мәтел пайда болды. Қазекем «Балық басынан шіриді» деп те баяғыда айтқан. «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде оқып келген талай мемлекеттік қызметкерлер де істі болып, шетінен сотталып жатқаны белгілі. Өз кадрлеріміз де жетісіп жатқан жоқ. Халықтың байлығын, бюджеттің ақшасын қайтсем жесем, асасам, жырымшыласам деген пиғылдағы адамдар, шенеуніктер елімізді қаптап кетті. Қазір медицина, білім, құқық қорғау саласындағы былықтар, парамен ұсталған аймақ, аудан басшылары, депутаттар, соттар мен прокурорлар жайлы ақпарат құралдарынан естіп, оқып, біліп отырғанда ұяласың. Сондай қылмысқа барып сотталатындарын біле тұра, аш қасқырдай күнде біреуі ұсталып, қақпанға түсіп жатады. Бұл қазақ еліне не болған? Мемлекеттік қызметкерлер – мемлекетіміздің тірегі, жүрегі. Бұхара халық соларға құдайдай сеніп отырған жоқ па? «Сенгендегім сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген де өзіміз емес пе? Бүгінгі таңда елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен қалтаны қалыңдатар парақорлыққа қарсы мемлекеттік дәрежеде күрес жүргізіліп жатқаны баршамызға аян. Сыбайлас жемқорлық мемлекет үшін ең қауіпті құбылыстардың бірі екенін айттық. Сондай-ақ, елімізде 1998 жылы 2 шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1999 жылы жемқорлыққа қарсы сипаттағы шараларды қоса қарастыратын «1999-2005 жылдарға арналған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы» қабылданған болатын. «Қазақстан-2030» даму стратегиясында да осы сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселелері айтылды.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2005 жылғы 5 мамырдағы №1567 Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің ар-ождан Кодексі бекітілді. 2005 жылдың 8 шілдесінде «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған тұлғаларға мемлекеттік қызметке орналасуына тыйым салатын өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Тағы да көптеген Жарлықтар жарық көрді. Соған қарамастан, қоғамымызда оқу орындарында кездесетін, өз құзыретіндегі билікті асыра пайдаланудан туатын, жұмысқа тұру, лауазымын өсіру, марапаттауларға ие болу, атақтар алу жағдайларынан туындайтын, полиция қызметкерлері тарапынан болып жататын сыбайлас жемқорлықтар әлі тыйылар емес. Тамырлап кеткен «ауруды» ұзақ емдеуге тура келеді. Оның ем-домы – қылмыстың алдын алу, халық арасында үгіт-насихат жүргізу, еліміздегі Заңнаманы барлық адамдарға бірдей қолдану қажет. Алалау болмауы тиіс. Мемлекеттік билік пен халық бір жолға түсіп, жеке құлқындарын ойламай, мемлекет үшін, халық үшін қызмет етулері керек. Қоғамдағы теріс құбылыстар, қылмыстар қарапайым халықты күйзеліске ұшыратады. Ол үшін шенеуніктер (әрине, бәрі бірдей емес) халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайлары, әл-ауқаты, күнделікті күнкөрістеріне көз жұма қарамай, шынайы жандары ашып отырса, несі айып? Парақорлық – қоғамда адамгершілік пен сана-сезімнің, жауапкершілік пен қанағатсыздықтың кеміген тұсы. Адамдардың бойында жаман пиғылдың – байысам, тойсам, ішсем-жесем, біреуді қанасам, жәбірлесем, пара алып тақыр жерге отырғыссам, үкіметті сора берсем т.б. пайда болуы. Парақорлық пен жемқорлық қаптаған елде әділдік пен шындық, ізгілік пен сүйіспеншілік бола қоймайды. Қазақ халқы ежелден жүрген жерін, жақпаған қылықтарын мәтелдеп, мақалдап, жұмбақтап отырған. Әйтпесе, жемқорлық, парақорлық, жалақорлық, дүниеқорлық, мансапқорлық, зинақорлық, нәсіпқорлық деген сөздер қайдан шыққан? Жағымсыз қорлықты басынан кешкен халық не демейді. Көргендері – қорлық. «Өзі ұсқынсыз бала еді, енді оны ит қапса не болғаны» демекші, кедей-кепшіктен пара сұрағандар –ұяттан безгендер шығар. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңренедіні» да ұмытып кетеміз. Өкініштісі сол, елімізде сыбайлас жемқорлық кең етек алғаны сондай – кәдімгі қалыпты, үйреншікті іске, арнайы қызметке айналғандай.Ұсталса ұсталады, ұсталмаса, тәуекелге басады. Пара алып үйренген мемлекеттік қызметкер көбіне өз қызметін адал атқармайды, заңды сыйламайды, соттан қорықпайды. Есілдерті: ала берсем – дейді. Бұл көпшілік халықтың наразылығын тудырып, билікке деген сенімсіздік тудырады. Бұл жемқорлық пен пара қорлықтан Тәуелсіз мемлекетіміз де, халқымыз да орасан зор ақшалай және рухани тұрғыда зардап шегеді. Сондықтан әрбір саналы азамат әділдікті жақтап, қоғам өмірінде белсенділік танытуы қажет-ақ. Батамен ел көгеретіні рас, ал қарғыспен кімнің не болатынын бір Алла тағаланың өзі ғана біледі. Біз пендеміз, солай емес пе?

Өркен Исмаил,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

12 мамыр 2021 ж. 429 0