Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғұмыры ғасыр, сөзі асыл

Ғұмыры ғасыр, сөзі асыл

Ержүрек жауынгерлердің ерлігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Сталинград түбінде шайқасқан сарбаздардың қатарында С.Байжанов та бар. Қария ғасырға жуық өмір сүрсе де әлі тың, ойы сергек. Тіпті, қарт майдангер С.Байжанов Нартайдың өлеңдерін түгел жатқа айтып, бес уақыт намазын қаза қылмай өтейді.
«Жеңіске үндеген өршіл өлеңдер қанды қырғында жауынгерлерге дем беріп, кескілескен ұрыстарда рух берді»,– дейді Сәрсенбек ата. Майдан даласына бозбала шағында аттанған жауынгер С.Байжанов бүгінде 98 жаста. Сонда да санасы сергек, сөзі анық. Жастайынан ақын-жыраулардың жырларын жаттап өскен қарт сарбаз Сырдың сырнайлы әншісі Нартайдың жолдасы болып, жиын-тойларда жанында жүріпті. Майдангер қарияны ауданның бас имамы Б.Ұлжаев, Нұр-иман мешітінің имамы Ә.Үмбетов, Оқшы ата кесенесінің имамы Ә.Нұрсейітов 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, тарихтан тағлым алып, қариямен тілдесіп қайтты.
98-ге келген Сәрсенбек ата Нартайдың өлеңдерін жатқа айтуымен және бес уақыт намазына берік болуымен орта буын мен жас ұрпаққа үлгі. Құран сүрелерін өз нақышына салып керемет оқиды. Тіпті, ата-анасы, туған-туысы мен дос-жарандарын қосқанда 200-ден асатын жақынының аты-жөнін қағаз бетіне тізіп, түсіртіп алған. Әр намаздан соң осы тізім бойынша жақындарына құран бақыштап, дұға жасайды. Ғасырға жуық ғұмыр кешуінің мәні де осы Аллаға деген құлшылығының арқасы. Қарияның өзі: «Өзгеден ерек амалым жоқ, намазы түгел болсын деп осы жасқа жеткізген шығар Жаратқан Ием», – дейді. Бұл Алланың сүйікті құлы болуының бір белгісі шығар, бәлкім. Екі ғасырдың әртүрлі қоғамын көру, соғысқа қатысу, түрлі қиындықтарды еңсеру әркімнің қолынан келе бермейтін іс болса, бұл жасқа жету де әркімге беріле бермейтін бақ.
– Көненің көзін көрген қарияның әрбір сөзі бізге үлгі, айтқан ақылы парыз. Жақсы адам ұзақ өмір сүрсе, онда бір хайыр бар. Себебі, құлшылығымен қатар, ізгі амалы арқылы өз ортасына жақсылық алып келеді. Мұндай ортада тәрбиеленген адамда жан-жағына жәрдемші болады, жақсылық жасауға асығады. Сондықтан қарияға мықты денсаулық тілейміз, – дейді ауданның бас имамы Б.Ұлжаев.

Ақбота БАЯНБАЙ
12 мамыр 2021 ж. 534 0