Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі егіз, табысы сегіз қожалық

Еңбегі егіз, табысы сегіз қожалық





Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөліне бастағаны мәлім. Бұл ретте әр түрлі бағыттағы қолдаулар, жеңілдіктер жасалуда. Әсіресе, мал өнімдерін өндіру, өңдеу мәселелері күн тәртібіне ерекше қойылуда. Мемлекеттің осындай қолдауын ұтымды пайдаланып, кәсібінен нәсіп көріп отырған ауданымыздағы бірден-бір қожалық  «Күзенбай» шаруа қожалығы. 
Күзенбай Шереханұлының иелігін­дегі қожалық 2000 жылдан бастап мал бордақылаумен айналысып келеді. Онда бір мезгілде алпыс ірі қара жемдеуде тұратын көрінеді. Әліппесін өз күшімен бастаған кәсіпкер Күзенбай Шереханұлы бүгінгі дәрежеге оңай жетпеген. Алғашында бір-екі малды алып, жемдеп, етке өткізіп бастайды. Уақыт өте кәсібінің аясын кеңейтуді көздеп, осы жолда тер төкті. Ал, 2016 жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 13,7 млн. теңге көлемінде несие алып, 115 бас ірі қара мал алады.  Тынымсыз еңбегімен елге де сыйлы бола білген жеке кәсіпкер бұл жөнінде:
 – Мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктің арқасында шаруашылықтың қай түрін болсын дамытуға болады. «Қаражат жоқ» деп қысылып қалмайсың. Кәсібіңді бас­тап кету үшін жүйелі жоспарың болса болғаны, әрмен қарай мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып,  кірісуге болады. Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтуға ниеттенген ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек, – дейді. Жеке кәсіпкер болудың артықшылығы көп екенін айтқан ол, тәуелсіз жұмыс істеу материалдық табысқа тез жетудің бірден-бір жолы екендігін де баса айтты.
Екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкеріміздің мал бордақылау алаңында ірі қара бас-аяғы 90 күн бордақыланып,  орталық базардағы нүктелерге таратылады. Ал, бордақыланатын малдың қайдан әкелінетінін сұрағанымызда, қолда ұстап отырған малдарының төлдері екендігі аян болды. Ал, алаңның қуаттылығына тоқталсақ, бір айда 10-12 бас ірі қара сойылады екен. Білгеніміздей, жылқы малын ет үшін 1,5-2-жасқа дейін өсіреді екен. Бұл кезеңде жылқының уылжыған жас еті дәмді, әрі сапалы болып келеді.
– Қоңы орташа жылқыны бордақылау үшін  60-70 күн қажет. Қамбар атаның төлін семірткенде негізінен қараңғы жерге байлап, жем-шөбін мол береді. Азықтандырудың түрлері көп. Соның ішінде қарапайымы, әрі тиімдісі – жарылған бидайды қайнатып алып, азырақ тұз қосып беріп тұру. Сонымен бірге, жоңышқаны алдынан үзбеу керек. Оның үстіне жас мал тез қоңданып, тез салмақ қосады. Бабы келісіп, балбырап тұрған бұл жылқылардың салмағы 230-250 келіге барады. Ал, сиырға құрама жем береміз, шөбі үзілмейді, – дейді өз ісінің шебері Күзенбай Шереханұлы. Еңбекпен есейіп, еңбегімен елге сыйлы болып отырған осынау жан отбасында да «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген халық нақылын жиі айтып отыратындығын жеткізді. Иә, еңбегін егіздетіп, табысын сегіздетіп, бейнетпен тапқан тәтті нанын елге де татқызып отырған жанның табыс қазаны ортаймасын дегіміз келеді. 
Агробизнесті кешенді дамытуға арналған бағдарламалардың тиімділігін әлі пайдалана алмай отырғандар баршылық. Баршаңызға белгілі, биылғы жылды кәсіпкерлікті қолдау жылы деп атағандықтан, жақсылықтан шет қалмағайсыздар дегіміз келеді.


Дина ЖҮСІПОВА.
21 наурыз 2018 ж. 1 551 0