Қонақжай қазақтарға алғыс
Раиса Тё 1977 жылы Авангард совхозында дүниеге келіп, сондағы №49 орта мектептен білім алған кәріс диаспорасының өкілі. Сұлулық салоны мен фитнес клубында жұмыс жасайтын ол өз ісінің маманы.
– Мен Қазақстанда тудым. Ауылда өсіп, өніп, отбасылы болдым. Көршілерім, достарым, ұжымдастарым бәрі қазақ. Не көрсемде қазақ елімен біргемін. Тарихи отаным Корея болғанымен, мен осы елдің азаматшасымын. Қазақ тілін де білемін. Менің Отаным – Қазақстан!,– дейді ол.
Қазақтармен етене араласатын Рая 1 мамыр – Қазақстан халықтарының ынтымақ пен бірлік күнін туған-туыс, дос-жарандармен жиналып, мерекені атап өтетіндерін айтты. Сондай-ақ, татулық пен келісім қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған мереке 1995 жылдан бері тойланатынын жақсы біледі екен. «Қазіргі таңда Қазақстан шаңырағының астында 130-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Біз, кәріс ұлты осы татулық пен қонақжайлылық үшін қазақтарға алғыс айтамыз» деп ағынан жарылды.
А.МҰРАТҚЫЗЫ