Көшеттерде күтім бар
Ауданымызда көгалдандыру жұмыстары биыл қарқынды түрде жүргізілуде. Көптеген көшеттер егіліп, кент пен Көкшоқы мөлтек ауданының көшелері көркейіп қалды. Әйтсе де, сәуірдің алғашқы сәрсенбісінде Көкшоқыда қоршау ішіне отырғызылған көшеттер өртке оранып, көңіліміз күпті болып қалды.
Алаңдаушылық білдіріп, кент әкімдігіне хабарласқанымызда мамандар қоршаудың тазалау жұмыстары барысында өртенгенін, бірақ ондағы ағаштардың аман екендігін айтты. Сөздеріне иландық, дегенмен өз көзімізбен де көріп қайттық. Сөйтсек, 3 қоршау іші өртенген екен. Әйтеуір ағаштар аман, көгеріп өсіп тұр. Іштей шүкіршілік білдіріп, көңіліміз жайланды осыдан кейін. Дегенмен, тазалау жұмыстарын жүргізу барысында сақтықты да ұмытпаған дұрыс секілді. Қыруар қаражат бөлініп, көшеттер өніп, көгере бастағанда тағы да осындай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Ақша мен еңбек еш кеткендей болмай ма мұндайда?
«Әй, бәрін қойшы, бастысы бас аман болсын», дейтін елдің ұлдарымыз. Сондықтан қара аспанды төндіріп, түймедейді түйедей етуден аулақпыз. Оның орнына болар елдің балдарындай жаманымызды жасырып, жақсылығымызды асырмақпыз. Айтатын жақсы істер жетерлік, себебі бізде. Мәселен, биылғы жылы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бюджеттен 200 млн-нан астам қаржы бөлініп отыр. Қаржының текке кетіп жатпағанын ауданымызға кіре берісте орналасқан көпірден төмен қарай ылдилағаннан бастап-ақ аңғаруға болады. Неге десеңіздер, енді көпір маңындағы қорымның алды жасыл желекке оранып, көркейетін болды. Себебі, ол жерге 167 дана «можжевельник», 122 дана «катальпа прекрасная» тұқымды ағаштары егілді жақын күндері. Жалпы Асан-ата көшесі бойына, Исатай Әбдікәрімов көшесіне, «Рәміздер» мен «Тағзым» алаңына және «Шиелі-паспорт» маңына осы екі ағаш түрлері отырғызылмақ. Неліктен бұл тұқымдастар таңдалынып алынды деген заңды сұрақ туындайды осындайда. Сөйтсек, «катальпа прекрасная» тұқымы суыққа өте төзімді биіктігі 15-20 метрге дейін жететін ағашқа жатады екен, ал «можжевельник» болса кенттің көркін ашып, сәнін келтіретін ағаш түрі. Бұлардан өзге Асан-ата, Қорқыт ата көшелері бойындағы қораларға, Ы.Жахаев саябағына, №47 мектеп-лицейінің ауласына және аудандық аурухана және емхана аулаларына қараағаш пен терек ағаштарының 3900 түбі отырғызылмақ екен. «Күтімсіз көшет көгермейді» деп аталған мақаламызда егілген көшеттің сусыз көгермейтінін айтқан болатынбыз. Айтылған сөз егесін тапқан секілді. Себебі, көпір маңына егілген көшеттер қоршалып, су жүйесі жүргізіліпті. Енді көшет құр егіліп ғана қоймай, өсіп-өнеріне сенім пайда болды. Бастысы көркейту-көгалдандыруға бөлінген ауқымды қаражат тиімді жұмсалып, ауданымыз жасыл желекке оранса екен.
Рамазан Бектұрғанұлы