Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің үш көрмесі

Өмірдің үш көрмесі


Өмірге келудің өзі – көрме. Оның бағасын ел-жұрты мен көзкөргендері береді. XX ғасырдың 55 жылы, Ай мен Күн теңескен Наурыздың 22-сінде дүние есігін ашқан Әбілқасым Сәрсенбайұлы жарық жалғанда үш рет көрме өткізді. Біріншісі – Пайғамбар жасына жеткенде туған топырағы – Шиелінің Мәдениет үйінде өтті. Көрме дегенде, бұл – сурет көрмесі. Жігітің елге аты мәлім живопись-суретші, о заманнан Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі.
Әбілқасым анасынан суретші болып туған. Бала күнінде сыныптастарының келбетін қаламмен сызып, шарж салып отыратын. Оны кім түсінсін, ауыл баласы «беті қисық болса айнаға өкпелеп», «мені қыздардың көзінше мазақ қылдың» деп, аттандап тұра шабатын. Бір жолы қазаққа сіңіп кеткен шешен бала Висит Хадаев қазандай басы мен қылдай мойнын көріп, суретшіге тұра ұмтылсын кеп. Беліне байлап жүретін қанжарына да кавказдықтың қолы барып қалды. Ара түсіп, аман алып қалдық, әйтпесе, өнер мен ажал орын алмастырып кетуі кәдік еді. Анау ұлттық намыс үшін Жұмабай көкем сияқты алқымнан тартып жіберуден тайынар емес. Суретші болса, адамның табиғи болмысын ашқанына мәз. Бұны қыздарға көз сала бастаған «ноқши» балаға тәптіштеп түсіндірдік. Бізді де жетістірген жоқ. Біз болсақ жансыз бейнеміздің силуэт боп сызылғанына мәзбіз, қыздар болса, сықылықтап күліп жүр.
Әбілқасым бұғанасы қатып, буыны бекіген соң портрет сала бастады. Туған топырағының қарапайым адамдарын бейнеледі, жастары мен қарттарын жат жұртқа жария етті. Әйгілі диқан Ыбырай Жақаев пен ұлт күрескері Мұстафа Шоқайдан бастап, ел ардақтылары Мұрат Мұхамедов, Зәкім ­Жайлыбай, Мамай Ахетке дейін көрмеге ілді. Шығармашылығының тұңғыш жария көрінісі – осындай бейнелер аудандық мәдениет үйінің қабырғасынан ауылдастарына ай бойы қарап тұрды. Көрермен болса, бояу мен сызықтың тілін тапқан перзентіне тәнті еді.
Екінші көрме – Қазақстан Жазушылар одағында өтті. Бұл өзі живопистің шебері ғой. Туған жеріндегі арнадан адамдарды алып өтер «Мәріп көпір», жарық дүниеге өзін әкелген «Әкем мен шешем», топырақты қарш шапқан Ыбырай ұстаған қазандай қара «Кетпен», анасы түйген «Келі» аттас картиналары шынайы өмір айшықтары емес пе?! Ай бойына осы дүниелерді тамашалаған біртүрлі болмыс иелері – ақын-жазушыларға осының бәрін салған өзімнің сыныптасым екенін мақтаныш сезіммен сыр ғып жеткізіп жүрдім.
Әбілқасымның соңғы көрмесі өзі тәулік бойына тыным таппай кіріп-шығып жүретін тұрағы – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында өтті. Игі жақсылар жиналды, әріптестерімді – әрқайсысы бір баспасөздің басын ұстаған редакторларды ертіп мен де бардым. Сөзімді сөйлеп, баяндамамды жасадым. Бұл көрмеде живопись пен портреттік туындыларының басын қосып, көрерменге тарту етті. Өз қолынан шыққан түкті кілемдер де керегеге ілініп, көз тартып тұрды. Ең бастысы, маңдайынан сипап, тәрбиелеп жүрген шәкірттері ұстаз еңбегіне тамсана баға беріп, ізбасарлық ізгі ниеттерін ақтарды. Ұстаз бен шәкірт ұғынысуы осылай үндестік тапты. Профессор – суретші шығармашылығы жайлы бұқаралық ақпарат құралдары бұлқына жазып, жарнама жалауы желбіреді. Кісінің мерейі үстем болды, қылқалам құдіретін көрдік. Бұл – 66 жыл жер басқан суретшінің соңғы көрмесі еді. Биікке ілінген шығармаларды ешкім де «Мерзімі бітті» деп алып тастауға асықтырмады. Қай күні көрсең де үлкен мен кіші қабырғаға қарап, бас шайқап тұрды. Жүргенов атындағы киелі ордада жанын шырқыратып жарыққа шығарған еңбегін осылайша профессионалды деңгейде паш етті, ең бастысы, «жақсы сөз – жан семіртіп», Әбілқасымның көкірегі теңіздей толқып, мұхиттай шайқалды. Бұл – пендеге тән құбылыс.
Әбілқасымда арман көп еді. Адамзатта арман таусылған ба? Ол бәріне үлгеріп кетті. Шинель киіп, солдат болып Отан қорғады, сосын сурет училищесіндегі оқуын жалғастырып, үлкен өнер есігінен сығалап жүрді. Өзі тәмамдаған Академия табалдырығында профессор атанып, шәкірт тәрбиелеп, қылқалам құдіретін кейінгілерге үйретіп, келешектің топырағына гүл екті. Оның алған сый-сияпаты да аз емес. Ол алғанын айтқаннан гөрі ән шырқап, терме айтқанды қалайтын. Иманжүсіп бабасының «бір күнде қырық қызды алыпқашқанын» төгілткенде кім болса да палуан тұлғалы, көкірегі қызыл қырман жігітке жақындай түсер еді.
Болмысы таза еді. Өмірінде аузына арам ас алмады, ирелеңдеген ащы түтін шықса итініп әрі кететін. Бірге туған Исабек інісі инженер болса да сері, мәдениет білгірі, думандатып қайық есуге құмартып тұрады, бұл болса, қылқаламды кірсабын жалатқан қолмен ұстап, бояуды үш үрлеп барып кенепке жағып жүрді. Бұл жағынан белгілі қаламгер ағасы Оразбек екеуі бір қалыптан шыққан дерсіз. Исабектің тіні халықшыл көкесі Ахатбекке тартып кеткен секілді.
Мекке көрген қажы еді. Жаны мен тәні тек жылылықты аңсап, салқыннан қатты сескенетін. Жер үйге көшіп, Мамай екеумізге дәм бергенде айтқан соңғы сөзі: «Жер үй жарықтық жанға жайлы ғой. Көп қабаттан кетіп, жаным рахаттанып қалды». Бұл – Жербесікке аттанардан ай бұрын айтылған әңгіме. Ол – жер жарықтықтың қойнына жан-тәнімен жақындаған бір болмыс еді. Соңғы сөзінде «Мен ана жаққа кетем, Меккеден алып келген ақтыққа ораңдар» дегені де ажалмен тіл табысқан сергек көңілдің өзгені селк еткізген бір сәті еді.
Осылайша үш рет өмір көрмесін өткізді, үш рет адал еңбегін адамдарға паш етіп, көркемөнер тілімен ұғынысты. Артында «Әбілқасымның көрмесі өткен жер» деген сөз қалды.
Салихидин Айтбаевтың «Бақыт» картинасының алдында бас иетін. ...Ері мен жары, қолға қондырған перзенті, маздап жанған ошағы, жайылып жүрген жылқысы... Бұдан артық бақыт бар ма?! Әбілқасым да өмір керуенінде асықпай-аптықпай, бірқалыпты аяңмен бақытты ғұмыр кешті.
66 жыл өмірінің қас-қағымына дейін көз алдымда. «Көз – көңілдің айнасы».

Қуандық Түменбай

24 сәуір 2021 ж. 485 0