Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Суретшінің жүрек түкпірі

Суретшінің жүрек түкпірі


Адам ғұмыры құпия. Неге десеңіз, кеше ғана жайраңдап жүрген Әбілқасым – қазақ бейнелеу өнерінің кейінгі жас толқын шоғырындағы шоқтығы биік талантты өкілдерінің бірі еді. Ол – Шиелі топырағында туған қылқалам шебері болатын. Оның қиялынан туындаған бейнелер адамның жан дүниесін айшықтап, ұлттық сезімге жетелейтін. «Жаңатұрмыстық» жігіт өзіндік қолтаңбасы бар талантты суретші болатын. Маңғазданып, талғампазданып, алысты шолып жүретін.
Әбілқасым Сәрсенбаев 1979 жылы Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп келіп, еңбек жолын аудандық пионерлер үйінде жас суретшілер мектебін ашудан бастады. Шәкірттерін өнерге баулып жүріп-ақ Бүкілодақтық шығармашылық жастар симпозиумына қатысып, республикалық «Жігер» фестивалінің бірнеше дүркін лауреаты атанды. Ол табиғаттың тылсымдарына тіл бітіріп, қазақтың байтақ даласының дүбірін, ауылдың қайнаған еңбек-тіршілігін, көрнекті мемлекет қайраткерлері мен қарапайым колхозшыларды бейнелеген картиналары халықтық қанық бояумен беріліп жататын. Суретші Әбілқасымның шиден тоқыған Абай бейнесі ЮНЕСКО шығарған «Абай» көркем суретті альбомына енуі – оның өнердегі үлкен жетістігі. Туған жерінде он жылдай қызмет еткен Ә.Сәрсенбаев, өнер-білім қуып Алматы қаласына көшті. 1986 жылы Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының дизайн факультетін бітірген ол, сонда қалып оқытушы болып, білім ордасының профессоры атанады. Оның ұлттық бояуға бай бірқатар керемет төл туындыларын АҚШ-тың, Англияның, Францияның және басқа елдердің өнер сүйер қауым өкілдері ықыластана
сатып алуы, сондай-ақ оның шығармалары КР Мәдениет министрлігінің көркем көрмелер дирекциясы қорында сақталуы да тегін емес. Бұл дарынды талантының жемісі. Ә.Сәрсенбаев 1955 жылы 22 наурызда «Жаңатұрмыс» ауылындағы «Аққұмшықта» дүниеге келді. Оның «Аққұмшықтағы ақ үйім», «Аққұмшықтағы құдық», «Аққұмшықтағы ауыл» атты картиналары оның туған жеріне деген сағынышынан туған дүниелер деуге болады. Ол Ы.Жақаев ауылындағы №149 мектептің түлегі еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісіне берген шағын сұқбатында: «Әркімнің туған жері жүрегінің түкпірінде тұрады емес пе? Өнер адамы болғаннан кейін қашан да туған жердің ерекшелігі, қасиеті, жалпы әлемі өзіңмен бірге жүреді. Бас салып туған жерімнің табиғатын қағаз бетіне түсіре бастаймын. Мен үшін туып өскен топыраққа әр кезде оралуым, рухани жаңғырудың бір картинасы» деген болатын. Өкініштісі сол, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, жерлесіміз Әбілқасым Сәрсенбаев 66 жасында 2021 жылдың 14 сәуір күні дүниеден озды. Қазақ әдебиетінің алыбы, көркемсөздің шебері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаевтың туған інісі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеевтың туған ағасы Әбілқасымның мезгілсіз қайтыс болуы – Шиелі өнер және мәдениет саласы адамдарының жанына қатты батты. Адам өмірі – ағын судай екен. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Оның артында аяулы жары, бір ұл, бір қызы, үш немересі қалды. Құдай артында қалған ұл-қыздарына өмір берсін.

Өркен Исмаил,
ҚР-ның мәдениет қайраткері
19 сәуір 2021 ж. 1 207 0