Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ірі қара санын арттырған Үсен

Ірі қара санын арттырған Үсен


Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт әлеуетін арттыруға арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында айтылған басымдықтардың бірі – мал шаруашылығын өркендету. Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Қазақтың қанына, жанына жақын мал шаруашылығы қай кезде де кенже қалған емес. Осы орайда ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген құлшынысы артқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Зеңгі баба тұқымын бағып-қағу қиындығын, шығынсыз өсіру оңай еместігін, бақташыдан қажырлы еңбекті, темірдей төзімді талап ететіндігін қазақ «Сиыр бақтым, сидаң қақтым» деп білдірген. Қазақтың әуелбастан мал шаруашылығы оң жамбасына келетін іс екенін білмейтін жұрт жоқ шығар. Қазіргі таңда, ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып келеді. Бүгінде құт дарыған Қарғалы-бағзыдан аткәсіпті арқау еткен берекелі өлкенің бірі. Осы орайда, «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген тәмсілді Қарғалы ауылының тұрғыны «Тәшімбет және Ақарыс» шаруақожалығының төрағасы Үсен Мырзаевқа айтсақ жарасады. Кейіпкеріміз ата кәсіпке бала кезінен бейімдігін танытқан. Әкесіне қолғанат болған соң болар, оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Иә, өмірде барлық нәрсенің құны болатынын, еңбексіз ештеңе болмайтынын Үсен ерте байыптады. Сондықтан болар ауыл баласы уақыт өте мал басын көбейтіп, оны асылдандыру жайын қарастырып, ойлаған мақсатына ерінбей еңбек еткенінің арқасында жетеді. Өзі басшылық ететін «Тәшімбет» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылса, кейіннен мал басы артқан соң «Ақарыс» шаруа қожалығын 2017 жылы құрады. Аталған серіктестіктің басшысы Үсеннің айтуынша, малдың санына ғана емес, оның сапасына баса назар аударады. Меншігіндегі 200 бас сиырды асылдандыру бағытында еліміздің басқа өңірінен 19 бас ақбас асыл тұқымды бұқа алдырған. Мал асылданбай өнім молаймайтынын білген іскер азамат әлі де ірі қара басын арттыруға ден қойды. Осылайша мүйізді ірі қараны асылдандыру бағытында жұмыстарын ширата түсті. Міне, қазіргі таңда осы ата кәсіпті жандандырып, мүйізді ірі қара санын 700 басқа жеткізіп, қорасы мен даласын мыңғырған малға толтырды. Қазіргі кезде осы ауылдың кәсіпкерлеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, керек кезде қолдан келген көмегін көрсетіп отырған ауыл әкімі Қайрат Парманқұлов пен бас маман Дәулет Әбуовқа кәсіпкер азамат алғысын жаудырып отыр. Себебі, азаматтарды қолдап, тиісті мәселесін шешуге көмек береді. Жеке кәсіпкер Ү.Мырзаевтың айтуынша, қожалықтың жайылымдық аумағы 500 гектар жерді құрайтын көрінеді.
– Мал жарақты болу үшін қора-жай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бір малды 3 ай бағамыз. Нақтырақ айтсақ, олар балаша күтімді қажет етеді. Оны төрт түліктің ебін білген азаматтар жақсы түсінеді. Қазіргі таңда бордақылау жұмыстарымен қоса, сүт өндіруді де қолға ала бастадық, – дейді кәсіпкер. Осылайша дала төсінде мал баға жүріп қиындығын еңсерген еңбекқор азамат осы күні пайдасын көріп отырғанына дән риза. Бүгінде ауылдың төрт азаматын тұрақты жұмысқа алып, айына 300 мың жалақы беріп отырады. Сондай-ақ, кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін субсидияны да алып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың желтоқсан айында жем-шөпке арнап 4 миллион теңге субсидия алған. Алдағы уақытта өзінің кәсібін одан әрі дамытып, мал басын 2000 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Осылайша «Мал баққанға бітеді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Талай жылғы бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Тәшімбет пен Ақарыс» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.

Шапағат Тілеубаев
24 сәуір 2021 ж. 815 0