Сары аймақ: Індет түрленді, жағдай күрделі
Коронавирус індеті жер жаһанды құрсаулап, ахуалды күннен күнге қиындатып барады. Бірқатар мемлекетте вирустың таралуы қайта қарқын алып, көпшілігі қайтадан карантиндік шектеу шараларын енгізуге мәжбүр. Пандемияның қыспағында тұрған еліміз де індетке қарсы күресті күшейту, қалыптасқан ахуалды жеңілдету, салдарларды жою барысында жаһандағы жағдайды жіті бақылап отыр. Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта ең бастысы халықтың амандығы екені анық. Бұл ретте денсаулық сақтау саласына артылған жауапкершіліктің салмағы басым.
«Сәуір шықса, тәуір болады» деп сенген халық сақтықты ұмыт қалдырды ма, әлде салғырттық танытты ма, әп-сәтте Қызылорда облысы «сары аймаққа» өтіп кетті. Сыр халқының амандығын ойлап, эпидахуалға байланысты облыстық денсаулық сақтау басшысы Сәбит Пазилов кеше брифинг берді. Онда «Өздеріңізге белгілі елімізде 1 ақпаннан бастап алғашқы «Covid-19» инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін аймағымызда коронавирус инфекциясына қарсы екпе 19 732 адамға егілді. Барлық екпе талапқа сай, температуралық режимді қадағалайтын арнайы машинамен халық санына байланысты егу орындарына жеткізілді. Жалпы медициналық ұйымдарда, халық арасында вакцинамен басқарылатын жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаның маңызы туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылатын болады. Індеттен айығудың жалғыз жолы – сақтық шараларын қатаң сақтау болып табылады. Яғни, эпидемияны түбегейлі жеңудің жолы – вакцина салдыру» екенін атап айтты.
Брифинг барысында дәрігер Нұрлан Нұрпейісов «Мен өз еркіммен екпе салдырған медицина саласы қызметкерлерінің бірімін. Вакцинадан кейін өзімді жақсы сезіндім. Қазіргі күні денсаулығыма қатысты ешқандай кінәрат жоқ. Ең бастысы, дертке шалдығып қалу қорқынышынан арылдым. Өзім үшін және жақындарым үшін алаңдамаймын. Дегенмен, қосымша сақтық шараларын қатал сақтап жүрмін. Күнделікті бетперде тағып, әлеуметтік арақашықты сақтаудың маңыздылығы айтылып жатыр. Құрметті қызылордалықтар, осы кеңеске құлақ асатын кез келді. Өздеріңіздің өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңыз үшін той-томалақтардан бас тартқан дұрыс. Ауыз біршілік танытып, қауіпті кеселді жеңгеннен кейін бұрынғы алаңсыз күнімізге оралатынымызға сенемін. Ол үшін вакцина салдырып, қауіпсіздігімізге көңіл бөлейік. Өткен жыл көпшілігімізге сабақ болуы керек. Мен «Сейхун» провизорлық стационарында жұмыс жасаған дәрігерлердің бірімін. Күн демей, түн демей, отбасымыздан алыстап, тер төктік. Адамдардың қиналғанын көру бізге оңай болған жоқ. Осы жағдайдың қайталанбауы біз бен сіздің қолыңызда» деп, жұртшылықты қайта қатаң сақтыққа шақырды.
Жоғарыда айтып өткендей, бүгінгі таңда облыс бойынша 19732 адам індетке қарсы екпе қабылдаса, оның 710-ы Шиелі ауданының тұрғындары. Аудандық емхананың иммунолог дәрігері Ибрагим Нүркеев «Ауданға наурыз айында «Спутник V» вакцинасының 210 дозасы әкелінген болатын. Ол ең алғаш медицина қызметкерлеріне салынды. Ал, 15 сәуір күні тағы да «Спутник V» вакцинасының 500 дозасы келді. Қазіргі таңда мұғалімдер, ішкі істер қызметкерлері мен өрт сөндірушілерге салынуда. Сондай-ақ, ерікті түрде екпе қабылдауға келіп жатқандардың қарасы қалың» – деді.
Коронавирустың кеселді екпінінен зардап шегіп отырған елдегі жағдай қалың жұртты алаңдатып отыр. Қауіпті кірме індетке байланысты қабырғамызды қайыстырып отырған жайт, елімізге коронавирус келгелі барлығы 200 мыңнан аса адам науқасқа шалдыққан, 2 мыңнан астамы қайтыс болған. Сондықтан індетпен күресті пәрменді ету мен алдын алу шараларын жетілдіруге ой салу – әр қазақстандықтың парызы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ