Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл алғыс айтады

Ауыл алғыс айтады


«Гежуба Шиелі цемент» зауыты Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыс­ты айшықтай түсетін ірі өндіріс орны. Бұл еліміздегі бірегей цемент зауыты екені айдан анық. Зауыт бүгінгі таңда 260-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда да аудан халқының тіршілігіне септесіп, жұмыссыздық дерегінің төмендеуіне үлес қосып келеді.
«Гежуба Шиелі цемент» зауыты Төңкеріс ауылдық округіне жақын орналасқан. Көп жылдардан бері ыза су мәселесінен зардап шеккен ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын аңғарған «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының басшысы 2 километр жерге арық қазып, ауыл іргесін ыза судан арылтуға демеушілік танытады. Тек бұл емес, өңірдегі тұрмысы төмен 10 отбасыға азық-түлік тарқатып, қолдау танытады. Аудан экономикасына ғана емес қайырымды істердің басы-қасынан табылып жүрген өндіріс басшысы қыс айларында тұрмысы төмен жандарға 12 тонна көмір түсіріп беруге де ықпал жасайды. Көктем шыға 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында батыр аналарға ақ жаулық тағып сый-сияпат көрсетеді. Одан әрі Ұлыстың ұлы күнінде де қазақ халқының жаңа жыл мерекесін ескеріп, аудандағы аз қамтылған отбасыларға көмек қолын ұсынады.
Дүйсенбі күні игі істердің басы қасынан табылып, демеушілік танытуды дәстүрге айналдырған «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының басшысына арнайы алғысын білдіру үшін Төңкеріс ауылының әкімі Б.Баймағамбетов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Құлахметов, ауыл ардагері Қ.Қарекеев өндіріс орнына барды. Қазақтың салт-дәстүрін танытып, Цемент зауыты басшысының иығына ою-өрнекті шапан жауып, арнайы алғыс хатын табыстады. Қасиетті Рамазан айында жақсылыққа жақсылықпен жауап қатуды мақсат тұтқан төңкерістіктер ірі өндіріс орнымен ауызбіршілікте, тату-тәтті жұмыс істеуге уағдаласып, қол алысты.

Шапағат Тілеубаев
19 сәуір 2021 ж. 611 0