Жақсы ниет – жарым ырыс
Нартай Бекежанов ауылындағы мәдениет үйінде «Гежуба Шиелі» цемент зауытының құрылысын жүргізіп отырған мердігер «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиринг» компаниясының қолдауымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараны «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі қазақ күйлерінің күмбірімен ашып, түрлі аспаптың жағымды үнімен жалғады.
Өнеркәсібі өркендеген өлкенің ірі нысандарының бірі – «Гежуба Шиелі» цемент зауыты. Жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент өндіретін нысанның құрылысы 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұйырса, 300-ге тарта адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнының бой көтеруі ауданның экономикасын арттыруға сеп болмақ. Осы секілді ірі кәсіпорынның бірі Қызылорда облысындағы шыны зауыты. Осы орайда, айта кетелік, «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиринг» компаниясы Қазақстандағы төртінші цемент зауытының құрылысын жүргізуде.
Аталмыш шарада алғы сөз аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловқа ұсынылды. Одан әрі Қытай компаниясының өкілі Сунь Ли Чи, Ма Минь Лянь мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы сыйлықтарын табыстады. Нартай мен Қодаманов ауылындағы мүмкіндігі шектеулі 40 балаға қажетті киім-кешек үлестірілді.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.