ТАЛАП ЕТТІ, МҰРАТҚА ЖЕТТІ
Аудан көлемінде сәт сайын кәсібін ашып, нәсібін тауып келе жатқан ел азаматтарының қатары толығып, ауданның ажары нұрланып, экономикасы көш түзеуде. Мұндағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өңірдің гүлденіп өркендеуіне, әлеуметтік – экономикасының дамуына мұрындық болып, іскерліктерін дәлелдеп отыр. Арғысын айтпағанда, бизнес саласының биігінде жүрген жандар ауыз толтырып айтарлықтай тыңғылықты іс тындырып, елдің батасын алып, алғысына бөленуде. Біз де осы ретте өз кәсібі арқылы ел мерейіне бөленіп жүрген жандар жайында газет беттерінде мақалалар жариялап келеміз.
Бұл нөмірімізде де кәсіпкерліктің кілтін ұстап, игілігі мол жақсы істің басы-қасында жүрген ағалардың тағылымды тәрбиесін алған жас кәсіпкер Серікбай Нағашыбай жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.
Бұған дейін тартоғайлықтар ауылдың қай жерінде болмасын, бастары қосыла қалса, наубайхана жоқтығы сөз болатын. Осы жағдайды білетін және санасына сіңіріп алған Серікбай Нағашыбай отбасымен, жақындарымен ақылдасып, солардың көмегімен жеке кәсіпті ашуға бел байлады. Иә, сөйтіп, 2016 жылдың күзінде үш мыңға жуық тұрғыны бар Тартоғай ауылы үшін үлкен жаңалық болды. Оған себеп, ауыл ішінен жас та болса бас болған Серікбайдың бастамасымен нан өнімдерін пісіретен наубайхананың бой көтеруі еді. Нағашыбай анасына нан пісіруге 10 жылдан бері қолқабыс етіп келген. «Балам кішкентай күнінен көмекке жарап келеді. Нанның қамырын илеп берсем, әрі қарай өзі пісіре береді. Пештің іиісі аңқыған қоңырқай түсті жаңа піскен нанын қайда өткіземін деген мәселе туындамады. Керісінше, сұраныс көп болды. Серікбайым қандай да бір кәсіп көзін ашқысы келетінін айтып жүретін және оны таңдау бізге қиынға соқпады. Өзімізге тиесілі жер теліміне шағын наубайхана салып, пісіріп жүрген нан өнімдерін шығара бастадық», – дейді кәсіпкердің анасы Қамар Жақаева.
2015 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен кеңес алып, керекті мәліметтерге қаныққан соң, өңірлік бағдарламамен 3 млн. теңге көлеміндегі қаржыны 3 жылға, мұнан бөлек ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 2 млн. несие алады. Бүгінде ауылдың 2 адамын жұмыспен қамтып, ас атасының шаруасын шыр айналдырып отырған Серікбай Нағашыбайдың басқаруындағы шағын наубайханада тәулігіне 300 бөлке нан, 150 тандыр нан, онымен қоса, бөлішке, пірәндіктер мен самса, бәліш секілді ұн өнімдері пісірілетін көрінеді. Ауылдың мектебіне, балабақшасына сонымен қатар, қоныс колониясына өткізеді екен.
«Жастарға сенім артып, өз ісін ашуға қолдау көрсетіп жатқан Елбасына, мемлекетке алғысымды білдіргім келеді. Шығарып жатқан өнімдердің санын арттырсақ, алымсақтар наубайханадан тікелей де ала алады. Алдағы уақытта наубайханадан бөлек кондитер цехын ашсам деген жоспарым да бар. Бұл ісім де алға басар деген сенімдемін», – дейді алдағы күндерінен алға басу күтетін жас кәсіпкер. Оның әңгімесін тыңдап отырып жігерлі жастың бойындағы осыншама қажыр-қайраты мен тірлігіне қарап көз сүйсіндіріп, көңіл тоғайттық.