Киелі ауылдың жүйелі бастамасы
Қай кезде де, қай заманда болсын адамгершілік, ар-ождан, имандылық, жанашырлық қасиеттер бірінші орында тұруы қажет. Өкінішке қарай, заман өзгерістерін, кездескен қиындықтарды алға тартып, кей адамдар жаман істерге үйірсектеп жатады. Қазіргі кезеңде бәріміз өзімізді коронавирустың тұтқынындай сезінетіндейміз. Көп нәрсеге қол бармайды: кеудені керіп, қолымызды кеңге жайып жұмыс жасағымыз келеді-ақ.
Сабақты ине сәтімен дегендей, қасиетті жұма күні осындай бір жақсы бастаманың сәті келді. Киелі Жөлек ауылы мешітінің имамы мен ақсақалдар кеңесі бас қосуында біраз қордаланған мәселелер ортаға салынып, біршама жақсы ұсыныстар айтылды. Ауыл мешітінде жиналған ақсақалдар мен жалынды жастар ауыл болашағының жайлы болуын қалап, әрбір істі әр жұмалық бас қосуда жүйелеп, ақылдасып отыру жөн деген мәмлеге келді.
Соның қорытындысында алдағы уақытта жасалатын игілікті істер реті жарияланды. Атап айтар болсақ, осыдан біршама уақыт бұрын басталған ауыл жастарының ішімдік ішпеу, дүкендерде алкогольдік сусындарды сатпау және тыйым салу бастамасын ауыл ақсақалдары көмегімен қайта жандандыру, қолға алу керектігі айтылды.
Алланың үйі болып саналатын имани орын – ауыл мешітінің ауласын миуалы баққа айналдыру, ол үшін жеміс ағаштары көшеттерін отырғызу ісі де өз шешімін тапты. Болашақта ол өнімдерді қажеттілігіне қарай сауапты іске жарату жағы да ойластырылды.Сонымен қатар, ауылдың әсем көрінісін бұзатын қоқыстарды уақытылы жинап, тазарту жұмыстары жүйелі түрде жасалып отырылуы қажеттілігі баса айтылды.
Имани жүздесу барысында ел бірлігін, ынтымағын ойлаған ауыл имамы Қалкөз Өтемұратов қасиетті Рамазан айына да санаулы күндер қалғанын тілге тиек ете отырып, ораза уақытында ерекше құрметтеп ауызашарды мешіт асханасына ұйымдастыру, бір жерден сауапты тарауих намазын оқу және пітір садақаны жан-жаққа тартқыламай мешітке жинап, жиналған ақшадан ауыл ақсақалдары мен қауымдастық мүшелерімен ақылдасып, ауыл ішіндегі мұқтаж жанұяларға беру туралы ұсынысын айтты. Осындай игі істердің басында жүрген ауыл имамының сөзін барша жамағат қоштап, ризалықпен тарқасты.
Барлық ойға алған іс ауыл әкімі Базарбек Сахов, мешіт имамы Қалкөз Өтемұратов, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейіткерей Әбеновтың басшылығымен және зиялы азаматтардың қолдауымен жасалатынын ескерсек, ауыл болашағы берік және жарқын болатынына үлкен сенім бар.
Гүлмира Әлихан