Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жастар практикасы» тәжірибе алаңы

«Жастар практикасы» тәжірибе алаңы


«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3ші бағыты – Жас­тар практикасы. Бұл бағдарламаның жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретінін қазір жастар жақсы біледі. Іс-тәжірибеден өтуге келгендерге жалақы төленеді. Нақтырақ айтсақ аталған бағдарламамен жұмысқа орналасқан маман ай сайын 72 925 теңге жалақы алады. Бұл өз мамандығын терең үйреніп, тәжірибе жинағысы келетін жас маман үшін үлкен қолдау.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты аясында меңгерген кәсібі, дағдысы бойынша тәжірибесі жоқ жұмыссыз жастардың кәсіби білімін жетілдіру және бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мол мүмкіндік беретін бағыт – жастар практикасы. Жас­тар практикасының мақсаты – түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтауына және кейінірек жұмысқа орналасуына жағдай жасау.
«Жастар практикасы» – тиімділігімен танылған жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Жастарды жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған шараға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған 29 жасқа дейінгі түлектер қатыса алады.
Жастар практикасы – оқуды аяқтағаннан соң 3 жыл ішінде алған кәсібі немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі. Бұл бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандарға ҚР еңбек заңнамасы қолданылады және республикалық, жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Осы бағытта аудан бойынша жұмыссыз 255 жасты жастар тәжірибесінен өткізу жос­парланып, бүгінде 295 жас алған кәсібі бойынша біліктілігін шыңдау мақсатында аудан көлеміндегі 78 жұмыс беруші мекеме ұйымдарында уақытша негізде жұмысқа жолданды. Айта кетейік, осы бағдарлама аясында келісім шарт мерзімі аяқталған 29 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Олар қазір әр салада ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді.
Бүгінде аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, тәжірибеден өтуге өтінім беретін жас мамандардың қатары көбейген. Әсіресе ауданаралық ауруханаға сұраныс жоғары. Бұл жағдай барлығымызды қуанататыны сөзсіз.
Шиелі аудандық емханада жұмыс жасайтын Саржан Сұлтан осында жастар практикасымен жолдама арқылы келген. Алғашында алты ай уақытша жұмыс жасап, кейін осында тұрақты жұмысқа қабылданды. Бүгінде Саржан өз ісінің маманына айналған. Мемлекеттік қызмет жауапкершілігі мол сала дейді ол.

Сымбат Серікқызы
30 наурыз 2021 ж. 1 496 0