«Жастар тәжірибесі» – тәлім табалдырығы
Халқымыздың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Ал білімді жастың білігін арттыруға керегі – тәжірибе. Осы тұрғыда мемлекет жас түлектердің танымын кеңейтуге бағытталған кезекті бағдарламаны іске асырғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Ол – «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы.
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Хәкім Абай айтпақшы, қолға алған дипломның кәдеге аспағаны көптің жанына батады. Жылдар бойы оқып, түйген іліміңді іс жүзіне асыру үшін тәжірибе қажет. Алайда, жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас маманда ол қайдан болсын? Дәл осы мақсатта іске қосылған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының жемісін көрген жастар жетерлік. Биылғы жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына 428 жас азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелген екен. Оның 341-і, яғни 79,7 проценті тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларына тартылуда. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында техникалық және кәсіптік білім даярлау бағытында нысаналы топтағы яғни, көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасы балалары қатарынан 75 жас азаматты 3 жылға дейінгі мерзімді құрайтын кәсіптік білім беру оқу орындарына жолдау жоспарлануда. Аталған бағыт аудандық білім бөлімі тарапынан шілде, тамыз айларынан бастап жүзеге асырылады. Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша жыл көлемінде 80 жас азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қысқа мерзімді оқу курстарынан өтуге үміткер азаматтардың тізімі қалыптастырылуда» деді.
Одан бөлек аудандағы жұмыссыз 352 жасты жастар тәжірибесінен өткізу жоспарға енгізілген. Бүгінгі таңда 87 жас оқу орнын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап меңгерген кәсібі бойынша біліктілігін шыңдау мақсатында уақытша негізде жұмысқа жолданған. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға 150 жас азаматты іс-жүргізу құжаттарымен жұмыс істеуге және санитарлық тазалық жұмыстарына жолдау жоспарланып, бүгінгі күні 78-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді деген мәліметтерді де ұсынды. Ал осы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының шарапатын көрген жандардың бірі – Азамат Жапбарберді. Шиелі аудандық «Жастар ресурстық орталығына» 6 айлық мерзіммен жұмысқа орналасқан Азамат барынша қарым-қабілетін көрсетуге тырысып бағады. Ол: «Бұл бағдарламаның пайдасы өте көп. Өйткені, жастар жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіргеннен соң, тәжірибесінің жоқтығынан бірден жұмысқа орналаса алмай қиналады. Мамандығы бойынша осындай қызметке тұруда бағдарламаның көмегі өте көп. Тек тәжірибе жинақтауға ғана емес, ізденіспен өзіңді-өзің дамытуға да көп септігін тигізеді», – дейді.
Иә, «Жастар тәжірибесі» бойынша түрлі мекемеге заңгер, есепші, инженер, салық қызметінің маманы, механик, іс жүргізу, эколог, агроном сияқты мамандық иелерін жібере отырып, жұмыс өтілін жинақтауға мүмкіндік жасалуда. Яғни болашақ маман үшін тәрбие мектебіне айналған бағдарламаның берері көп екенін тағы да айтып өткенді жөн көрдік.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ