Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлық-қоғамдық індет

Сыбайлас жемқорлық-қоғамдық індет


Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Қай елге болса да абырой әпермес әрекеттің бірі-сыбайлас жемқорлық. Қандай қоғамда болса да кездесетін бұл індетпен бүкіл әлем халқы болып күрессе де түп-тамырына әлі күнге балта шауып, тұқымын тұздай құрта алмай келе жатқандығы шындық. Заңымызда «... Жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды заңға қайшы беруі арқылы оларды сатып алуы- сыбайлас жемқорлық» деп ұғынылады. Өз ісін жедел, сапалы тындырып алғысы келетін пысықайлар «ең оңай да тиімді жолы осы» деп өзі немесе өзгелер арқылы пара беріп не туыс туғанын араға салып, қызметінің өтеуін өзге бір жақсылық жасау арқылы қайтаратындығын жеткізу арқылы өз дегендеріне жетеміз деп жанаталасындығы да жасырын емес. Керісінше, өзіне ісі түскен жанның тірлігінің тына қоюы қиын екендігін тілдеріне тиек етіп, алақандарын жайып ақша талап етпесе де өзіне пара беруге мәжбүр етеніндер де бар.
Сыбайлас жемқорлық-қауіпті әлеуметтік құбылыс. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық ұғымы азаматтық қоғамда үйреншікті құбылысқа айналса, ал екінші жағынан Қазақстанның қауіпсіздігіне, ел экономикасының дамуына керағар әсер ететін факторға айналуда.
Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық құқықтар мен бостандығын бұзуға әкеліп соғады. Аталған дерттің өріс алуы мемлекеттік аппараттың жұмысына нұқсан келтіріп, оның беделін түсіреді. Қоғамдық санада өкімет органдары қызметінің жұмысының тиімсіз екенін, олардың құзыретінің әлсіз екендігін көрсетеді. Осының бәрі мемлекет пен қоғамның саяси қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Сот жүйесіне де сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын калыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Ақпаратқа қолжетімділік кеңейтілді, оған электрондық үкіметті, сондай-ақ интернет ресурстарын қалыптастыру жөніндегі шаралар ықпал етті.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Шиелі аудандық сотының судьясы
Ж.Т.Сарбасова
11 наурыз 2021 ж. 454 0