Мал алсаң, сақтықты ұмытпа
Қай заман, қай қоғамда да адамның денсаулығын қорғау алғашқы міндеттердің бірі саналып келген. Бұл – бүгін де маңызды. Бүкіл әлемдегідей, біздің мемлекетте де бұл талап бірінші орында тұр. Қазір қандайда іс қолға алынса, алдымен адам өміріне қатыстылығы – өзекті. Енді өз айтпағымызға ойыссақ, аудан аумағынан тыс жерлерден өсімге әкелінетін немесе ауданнан тыс жерге өсімге әкетілетін ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдаудың талаптары да соны көздейді. Ал, бұл талаптар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №7-1/700 бұйрығымен бекітілген. Онда көрініс тапқандай, жануарларды карантиндеу қағидасы талаптары бойынша жеке және заңды тұлғалар жануарларды жаңадан әкелуді, сатып алуды, әкетуді, орнын ауыстыруды жоспарлаған жағдайда тиісті сала маманына хабарлауы шарт. Оны Шиелі аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Ержан Баймағанбетовпен тілдескенде білдік.
Төрт түлік мал өсіру – ықылым заманнан ата-бабамыздың асыл мұраттарға жетелер кәсібі. Осынау үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мал шаруашылығының табысты болуы сала мамандарының біліміне, біліктілігіне, ветеринарлық қызметтің сапасы мен тиімділігіне тікелей байланысты. Осы орайда мал шаруашылығы қызметкерлері, шаруа қожалықтарының иелері мал аурулары, әсіресе, адамдарға да қауіп төндіретін зооантрпоноздық кеселдер туралы және олардың алдын алу жайындағы мәліметтерді білуі тиіс. Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын кәсіпкерлер ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, қора-жайларды таза ұстап, жемшөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жаңадан мал сатып алғанда, сойғанда, немесе сатуға өткізгенде, сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатпау керек. Объектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сондай-ақ, төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті екенін де атап өтті бас маман.
Айта кетейік бүгінгі таңда ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2021 жылдың 1 наурызынан бастап «жасыл дәлізді» іске қосыпты. 2 ай мерзім ішінде аудандағы 2020 жылы сырғаланбаған ірі қараны ауыл шаруашылығы жануарларының дерекқорына енгізетін болады. Осылайша ауданда мал ұрлығын болдырмауға қам жасап, биылғы жылы аудандық ішкі істер бөліміміен бірлесіп малдарды ветеринариялық құжаттарымен тасымалдау жөнінде іс-шаралар да жүргізеді. Нәтижесінде 7 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, ішкі сауда орындарындағы ет және ет өнімдері, сүт, балық, жұмыртқа сынды азық-түлікті де ветеринариялық-санитариялық бақылауға алып, аурудың алдын алу жұмыстарын жүйелендіріп жатқанын айтты.
– Қызылорда облысында 2021 жылға арналған аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша егу жұмыстары жүргізілуде. Осы мәселеге келгенде аудан тұрғындарының жауаптылық танытуын сұраймын. Себебі, мал ауырса, жаны ауыратын қазақпыз. Ең бастысы төрт түлігін түгендеп, ине шаншу барысында ұстап тұрып, жәрдемдессе ісіміз алға қарай жылжи түсер еді, – дейді Е.Мұхамедәлиұлы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ