Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің міндет – мал ауруын болдырмау

Біздің міндет – мал ауруын болдырмау


Шет елдермен сауда-саттық жасаушылар үшін жануарларды немесе олардың өнімдерін экспорттау, импорттау кезінде Кеден Одағының бірыңғай Реестріне тіркелу талап етілуі керек. Сондай-ақ, шетелден келетін жануарларды жұқпалы аурулардан қорғау мақсатында сатылатын аймақты бақылауға ұстай отырып, ахуалды түбегейлі қадағалауы тиіс. Елімізге келген малды екі апта бойы назарда ұстап, бақылау жұмыстарын қамтамасыз ету бас­ты талап болып отыр. Бұл туралы өткен аптада көкшоқыдағы баспасөз конференция залында айтылды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың халық алдындағы есепті кездесуінде айтылғандай, ауылшаруашылығы өңдіріс көлемі мен мал өнімділігін арттыру мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден 1300 бас асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға қаржы бөлінгенін және алғашқы 120 бас асыл тұқымды ірі қара малының облыс аумағына жеткізілгені айтылған болатын. ҚР ветеринария саласының заңнамасы Еуразиялық- экономикалық одақтың 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімімен бекітілген еді. Жиында ауыл шаруашылығы министрінің «Ветеринариялық қағидалары туралы» 2015 жылғы 29 маусымдағы №587 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында жасалған бұйрық жобасын сала мамандарына ақпараттандырды. Осы заңдарға сәйкес ветеринариялық бақылауға жататын объектілерге қойылатын бірыңғай санитариялық талаптармен ауыл шаруашылық жануарларының импортталу тәртібін сақталу жолдары түсіндірілді.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров жүргізіп отырды. Жиналысқа аудандағы осы салаға қатысты мамандар, кент және ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункт меңгерушілері, шаруа қожалық басшылары қатысты. ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ж.Сарсенбаев ветеринариялық бақылауға жататын объектілерге қойылатын бірыңғай ветеринариялық-санитариялық талаптарының және ауыл шаруашылық жануарларының импортталуы тәртібін түсіндіріп, одаққа мүше елдер қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін айтты.
Аудан көлемінде бруцеллез індетінің алдын алу және болдырмау мақсатында жыл сайын тұрақты іс-шаралар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, барлық мал басы тұрақты түрде жылына екі рет зертханалық тексеруден өтеді. Сондықтан, ең басты міндет сырттан инфекция қоздырғышын әкелдірмеу және негізгі ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау.
Әрбір тұрғын малдарынан өндірілетін өнімдерді арнайы сараптаудан өткізілуіне аса көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, бір жасқа дейінгі төлден қан алынбайтынын, эпизоотиялық бірлік жайында кеңінен тоқталды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, әрбір адам мал шаруашылығында немесе мал шаруашылығы өнімдерін тұтынғанда жеке бас гигиенасын, ветеринариялық-санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс екендігін басты назарда ұстап, қадағалау керектігін айтты.

Ж.Ноғайбайқызы.
12 наурыз 2019 ж. 763 0