Ана мен бала амандығын ойлаған
Демографиялық өсімді арттыру үшін ана мен бала денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Мемлекет басшысы осы мәселеге айрықша мән беріп, еліміздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеу бағытында жұмыстар атқаруда. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылданды. Ол өз нәтижесін беруде. Десе де жоспарланған шаралардың қалай жүзеге асырылып жатқанын ұдайы бақылап отыру қажет. Бұл медицина саласының қызметкерлері ғана айналысатын мәселе емес, жалпы қоғам болып күресетін шаруа. Өйткені ұлттың байлығы, еліміздің ертеңі, болашағы да ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
«Ана мен бала егіз ұғым. Әйелдің ана атануы өміріндегі ең бір бақытты кезеңі. Ал балалардың ана мейірімін, ана алақанын сезініп өсуі — бір бақыт» – дейді аудандық перзентхана бөлімінің аяжаны Гүлмира Сыздықова. 1990 жылдан бері перзентхана бөлімінде жұмыс істеп келе жатқан аяжанның ең басты мақсаты әрбір сәбиді жарық дүниеге аман-есен алып келуге жәрдемдесу. Ол аналардың амандығын ойлап, хал-жағдайын бақылауға алады.
Перзентхана – адамға өмір сыйлайтын құтхана десек, онда қызмет етуде бойыңа адамдық, адалдық қасиеттерін сіңіруің қажет. Себебі, дүниеге бейкүнә сәби келетін жерде адал жандар ғана өзгелерге қуаныш сыйлай алады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына бағынбайтын қызмет түріне тек өз ісін құрметтейтіндер ғана төзе алады. Ал, қызмет бабында кездескен қиындықтар мамандарды кәсіби шыңдай түсетіні ақиқат. Осындай тәжірибе алаңында шыңдалған перзентхана бөлімінде білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Әрине, мұндай еселі еңбекте Гүлмира Сыздықованың да еңбегі бар.
– Аяжан білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірімді маман. Ол емделушіге толық күтім көрсетіп, өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, қоғамның белсенді мүшесі. Құрсағына жан бітіп, дүниеге ұрпақ әкелуге бекінген аналарды қолдап, олардың түрлі жағдайда, кейде кесарь тілігі арқылы босануына да барынша жағдай жасап, кейін күтімін қамтамасыз етеміз, – деді кейіпкеріміз.
Расында, ең бірінші перзентхана бөліміндегі ақ халаттылардың аялы алқанына түсетін сәбилердің саулығы, демографияның өсуі, ақ жаулық иелерінің амандығы да осы жандардың қолында.
Ш.Шағдатұлы