«Медицина жанымызда» акциясы өтті
Бидайкөл ауылында «Медицина жанымызда» атты акция өткізілді. Аталған акция еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылуда.
Дені сау адам – мемлекеттің басты байлығы десек, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт денсаулығы біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда Қазақстанда тұрғындардың денсаулығын қорғау бағытында Елбасының бастамасымен бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір айғағы ретінде еліміздің барлық өңірінде 23 сәуірмен 6 мамыр аралығында өткен «Медицина жанымызда» акциясы. Бұл акцияның мақсаты – міндетті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі, тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу, салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы ақпарат беру еді. Аталмыш акция Жалағаш, Сырдария ауданында өтіп, Шиеліде жалғасын тапты.
Аталған акция өз жалғасын Бидайкөлден тапты. Бұл ауылда халық саны 3904 болса, оның 1381-і балалар, 151-і жасөспірімдер. Сонымен қатар бір жылда бұл ауылда 102 нәресте дүниеге келген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу еліміздің денсаулығын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Халықтың сұранысына жауап бере алатын денсаулық сақтау жүйесін құрып, амбулаторлық деңгейде дәрілік қамтамасыз етуді кеңейту жұмыстары да қарастырылуда. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіндегі бейресми төлемдер деңгейін төмендетуге көптеген мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ медициналық сақтандыру саласының мамандары халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасында ұлт жоспарының 80-ші қадамында айтылғандай, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде іске асырылатын болады. Қазіргі таңда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осыған сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар 5 түрлі форматпен жүргізіледі. Олар әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекеттің жарнасы, жұмыс берушінің әрбір жұмысшыға аударатын аударымдары, жұмыскерлер жарналары, жеке кәсіпкерлер жарналары және белсенді емес тұрғындар. Аудан бойынша 2019 жылдың бірінші желтоқсанында 4 млн 297 мың 576 теңге жарна жиналған. Ал өзектендіруді қажет ететін 11 105 адамның 7997 өзектендіріліп, 72 % орындалды.
Акция аясында медициналық бригада құрамында жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сондай-ақ балалар дәрігері, терапевт, хирург, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, тіс дәрігері тұрғындарға қабылдау жүргізді. Дәрігерлік тексеру барысында тұрғындардың қан қысымын өлшеу, қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтау, флюрографиялық тексеру, ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограммалық құрал-жабдықтары арқылы тексерулері жүргізіліп, науқастардың шағымдары жан-жақты зерттеліп, зерделенді.
Ж.НОҒАЙБАйқызы.