Сауыншы – Рая
Ғұмырында сындарлы кербез тұлғасымен, көркем мінез, кең дүниетанымы, биік мәдениет тілегімен, халқына сіңірген ерен еңбегімен жұрт қадіріне бөленіп, артында ғибратты тағылым, өнегелі із қалдыратын негізі текті, бейнесі бекзат, рухы асқақ, ары кіршіксіз, көңілі пәк жандар болады. Оларды ел «асылдың сынығы» деп ұрпақтарына үлгі етеді. Адам тіршілігінің мағына-мәнділігі де, бағы мен бақыты да, арманының баяндылығы да осында.
Еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету – қоғамның парызы. Осындай жанның бірі – Рая Бердешова. Еңбегімен елеулі, қадамымен қалаулы Рая әжей биыл сексен бірдің табалдырығынан аттады. Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың берген өміріне разылығын білдіретін әже бүгінде бай, қуатты, данагөй ақ жаулықты ана. Мұнымен қоса ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, 9 баланы дүниеге әкелген батыр ана. Тоғыз баладан 25 немере сүйіп, одан 12 шөбере көріп отырған бақытты әже. Жастарға айтар өсиеті көп, жас ұрпақ пен орта буын өкілдеріне үлгі еңбек адамы. Ол 1940 жылы Авангард совхозында дүние есігін ашып, 1956 жылы орта мектепті үздікке бітіргеннен кейін ауылдағы фермада сауыншы болып жұмыс жасайды. 1957 жылы жұбайы Төлеш Бердешовке тұрмысқа шығады. Тұрмыс құрғаннан кейін Төңкеріс ауылында сауыншы болып жұмысын жалғастырады.
Еңбегімен көзге түскен Рая Жаңбырбайқызы Мәскеу қаласындағы VI дүниежүзілік жастар фестиваліне делегат болып қатысады. Жастық шағын еңбекке арнаған Рая әжейдің 37 жылдық еңбек өтілі бар. Сексенге келсе де әлі білегінде күші бар, салалы ұзын саусақтары епті, кез келген іске бейім. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген Рая Бердешова 17 жыл қатарынан Қызылорда облысының «таңдаулы сауыншысы» атанып, бүкілодақтық социалистік жарыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Қазақ ССР жоғары советінің Президиумының 1980 жылғы жарлығымен Қазақ ССР жоғары советінің грамотасымен және Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитеті, қазақ ССР министрлер советі, қазақ ССР кәсіподақтар кеңесі, Қазақстан ВЛКСМ орталық комитетінің «Құрмет грамоталарымен» бірнеше рет мадақталады. 1986 жылдың 7 шілдесінде Рая Бердешованың ұзақ жылдардағы жемісті жұмыс бағаланып, КСРО жоғарғы кеңесінің жарлығымен КСРО-ның «Халықтар достығы», 1988 жылы 10 маусымда «Еңбек арадагері» медалімен марапатталды. Одан кейінгі жылдардағы атқарған жемісті еңбегі КСРО-ның «За трудовое отличие» медальдары, 2010 жылғы 16 маусымда ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның «Батыр анасы» алтын алқасымен, 2019 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ҚР-ның «Нұржан» қоғамдық қорынан қасиетті Рамазан айының құрметіне және сексен жасқа толу мерейтойы қарсаңында «Мәртебе» медалін кеудесіне қадаған.
Сексеннен асқан Рая әжейдің өзі әлі де ширақ. Бұл күнделікті сергек жүрудің арқасы және табиғи өнімді қолданудың жемісі деп санайды. Немерелеріне әркез еңбектің наны тәтті екенін айтып, адал еңбек пен қайсар мінездің арқасында қиындыққа мойымай, шыңдарды бағындыруға болатынын өз өмірінен мысал келтіріп, айтып отырады.
Ақбота Баянбай