Түстікке туыңды тіксең...
Көш, ағайын, көш. Солтүстікке ауасы таза, жұмыс көзі бар, табиғаты сулы-нулы мекенге көш. Иә, бұлай деуімізге еліміздің теріскей облыстарындағы жұмыспен қамту мәселесінің оң шешім табатындығы себеп. Екі қолға бір күрек таппай сенделіп, сабылғаннан Солтүстікке бет алып, іспен айналысқанды құп көретін ойымызды қостайтын шығарсыздар. Жұмыссыздық қай уақытта да, қай қоғамда да бірінші мәселе болып келді. Соған сәйкес, елімізде қабылданатын, негізгі бастамалардың түп-төркіні тұрғындардың қолына күрек ұстатудың қамын күйттейді.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелгініндей, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қолданысқа енгізілді.
Мемлекет басшысы қойған міндеттерді бірлесіп жүзеге асыру үшін аудандық мәдениет үйінде еліміздің солтүстігінен келген өкілдердің қатысуымен өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныстандыруға байланысты жәрмеңкені аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров ашып, қонақтарды аудан тұрғындарына таныстырып, шараның мән-маңызына тоқталды. Шара халқы тығыз орналасқан оңтүстік жұртын жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға орналастыруды мақсат тұтты.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы М.Есембаева өзінің хабарламасы барысында өндіріс, білім, денсаулық сақтау және ауылшаруашылығы салалары бойынша 219 жұмыс беруші мекемеден 605 бос жұмыс орындарын ұсынды. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Ж.Оспанов 292 жұмыс беруші мекемеден 1162 бос жұмыс орындарын ұсынды.
Сонымен қатар, теріскейге көшкен жерлестеріміз білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, табыс көздерін еселей түсіпті. Бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасының көбі көкөніс, жеміс-жидек егіп, жергілікті тұрғындарға диқандықтың қыр-сырын да үйретіп жүр.
Айта кету керек, өткен 2017 жылы да бұл жұмыстар нәтижелі жүрген көрінеді. М.Есембаеваның айтуынша 50 отбасыға квота берілген. Бірақ, бұл квота жетпей қалып, жыл аяғында тағы 19 квотаға өтініш берілген. Сөйтіп, биылғы жылы бұл өтінішті бес есеге арттырыпты. Яғни, 250 отбасыға арналған квота қаралмақ.
Мұнан әрі, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС басшысының бірінші орынбасары У Джин Хуа мырза құрылыс жұмыстары аясында ағымдағы жылдың сәуір айында ашылады деп жоспарланған 150 бос жұмыс орындарын аудан халқы назарына ұсынды.
Жәрмеңкеге 380 аудан тұрғыны қатысып, оның ішінде Павлодар облысына 32 азамат, ал Солтүстік Қазақстан облысына 45 азамат қоныс аударуға ниеттерін білдірді. Қоныс аударуға ниетті жұмыссыз азаматтарға аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Сөз соңында айтарымыз, бұған дейін түстікке туын тіккен жерлестеріміз жұмыспен қамтылып, баспана мәселесі шешіліп жатқан көрінеді. Балабақшамен қамту да оң шешіліпті. Сондықтан, теріскейге ту тіксеңіздер, көп мәселенің түйіні тарқатылмақ.
Дина ЖҮСІПОВА.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.