ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАН АНАЛАР, ҚАСТЕРЛЕП ХАЛҚЫҢ БАҒАЛАР
«Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімнен көрінеді», – дейді Ғабит Мүсірепов. Шырайлы көктеммен бірге келген жүзінен мейірімі төгілген абзал аналар мен керім келіндер, қырмызы қарындастардың мейрамы аталып өтті. Қыс қақпасын жауып, босағамыздан аттаған көктем кең дүниені құлпыртып, табиғаттың жылулығы жүздерінен төгілген, мейірімі шексіз, мерейі үстем ардақты аналарды аудан әкімі Әшім Оразбекұлы төл мерекелерімен арнайы құттықтады.
Алғашқы бағыт ақын Нартай ауылындағы ауданның ардақты анасы Шырынкүл Қазанбаеваның шаңырағынан басталды. Социалистік Еңбек ерін халықаралық әйелдер күнімен құттықтай келген аудан әкімі абзал ананың ахуалын біліп, арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Облыс әкімі Қ.Елеуұлының арнайы құттықтауын жеткізген Әшім Оразбекұлы ел анасына «деніңіз сау болып, елдің алдында болғайсыз», – деп тіледі. Қазыналы шаңырақта өнегелі әңгіме өрбіді. 1966 жылы Қазақстанның «Алтын кітабына» енген Ш.Қазанбаева мерекемен құттықтай келген азаматтарға алғаусыз алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.
Одан әрі Төңкеріс ауылындағы ғұмыры ғасыр тарихын қамтыған Бибіажар Нұрғалиеваның шаңырағында болған аудан әкімі жүзден асқан ананы мерекесімен құттықтап, иығына камзол, орамал мен сыйын табыстады. Ауданымыздағы жасы үлкен әзіз ананың деніне саулық тіледі. Ғасыр жасаған Бибіажар ана өз кезегінде батасын беріп, бірлігі бекем мекеннің болашағы жарқын болсын деген тілегін жеткізді.
Шұғылалы көктемдегі шаңырақтың шырақтары болған ару-аналардың мерекесімен құттықтау әрі кенттегі Күлжан ана Жәукебаеваның отбасында жалғасты. Білім саласының ардагерін құттықтай келген аудан әкімі ардагер ұстазға арнайы сыйын табыстап, құрметін білдірді. Аудан әкімі арнайы құттықтаған абзал аналардың шаңырағында сүбелі сөз бен өмір өнегелері әңгіме болып отырды. Ғұмырлары ғибратқа толы аналарға деген құрметтің толастамайтынын жеткізді. «Өскелең ұрпаққа өнеге болып жүре берулеріңізді тілеймін», – дей-тұғын лебізін білдіріп жүрді.
Бақытжан МӘДЕНОВ.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.