Ауылдан ескен самал жел
(рецензия)
Жасымыздан кітап оқуға құмар болдық. Қазіргі М.Шоқай көшесінде кітап сататын шағын дүкен болатын. Әр айлық алған сайын үш-төрт кітап алу – әдетіме айналды. Сөйтіп жүріп жеке кітапханамның сөресін қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының бес жүзден аса туындыларына толтырыппын. Кітап – жан азығы. Сананы саққа жүгіртіп, оқырманын ойға жетелеп, эстетикалық талғамыңызды қоздыратын, жан-дүниеңізді дөп басатын, бас көтертпейтін поэзиялық және прозалық кітаптарды көрсем, кен іздеген геологтардай шұқшия қаламын. Жуырда ойда жоқта қолыма «Өмірімнің өзегі» атты өлеңдер жинағы түсті. Авторы Жүсіп Әбіласан екен. «Кім болды екен» деп парақтасам, «Өлеңді өміріне өзек қылған» тақырыбымен алғы сөзін жазған дарынды лирик ақын, белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы болып шықты. Д.Аяшұлы анау-мынау ақынды мойындайтын ақын еместігін білемін. Оның үстіне Дүйсенбек: «Құдықтағы судың дәмін білу үшін оны тауысып ішудің қажеті жоқ, бір тамшысы да жетеді» демей ме, сол секілді жақсы ақын атану үшін он кітап жазудың не керегі бар? Біз айтып отырған ақын осы бір кітабымен-ақ оқығанның ойында қалатын биігінде тұр. Оның растығына кітаптағы жыр кепіл. Ендеше, біз Сыр елі, жыр елі ақындарының сапы бір салмақты есіммен толықты деп сеніммен айта аламыз» – депті. Ал енді бұл кітапты оқымай көр. Бас алмай оқып шықтым. Д.Аяшұлының талғамы алдамапты. Жүсіп Әбіласан «Ана туралы жырларымен» бастайды:
... Өсірдің ұлықты да, ұлыны да,
Шомылдырдың өмірдің тұнығына.
Сөзбен соққан бұл саған ескерткішім,
Риза бол, анашым, құлыныңа! – дейді.
Өмірде бәріміз де анамызға айтқымыз келетін, бірақ Әбіласан ақындай жеткізе алмайтын көкейіміздегі жыр-тілегіміз емес пе, бұл? Ақын жүрегі сезгіш, аңғарғыш, көрмейтінді көретін көргіш. Сезімнің қыл пернесі дір етіп, жүрек жарды жырға айналады, өлең болып төгіледі. Шабыт қайнарынан шыққан туынды ақынның шынайылығын аңғартады. Жүрек лүпілінен туған өлеңдер, өзге жүректерге де жақын. Сезіміңізді селт еткізеді. Ол «Алпысты алқымдағандар» деп құрдастарына арнаған өлең жолында:
... Көк мұзда жүрсең таймайтын,
Күмістен құйған тағаң бар.
Алшандап басар бұрынғы,
Кішірейіп қалды қадамдар.
... Тереңнен теріп лағылды,
Тербетіп арна ағынды.
Сағасы сарқылмағандар,
Алпысты алқымдағандар – деп, алпыс жас берсе өмірлерің алда, түңілмеңдер – дейді. Алла тағала талантты кім екеніңе, қызметіңе, түріңе, руыңа қарап бермейді. Ақын Әбіласан «Бейнең қалды» өлеңінде:
Қарлығаштай көңілде қалықтадың,
Құлағымда жаңғырып қалыпты әнің.
Білесің бе, түннің де түкпірінде,
Адастырмас сәулелі жарық барын – депті.
Осыны біз айта аламыз ба? Жоқ. Бұл ақынның сөзі. Осылай айта білетін ақынның жыры. Ия, қалада тұрасың ба, ауылда тұрасың ба талант пен дарын ілуде біреуге беретін Тәңірдің сыйы көрінеді. Өлең жазу – сиқыр, ақын басындағы қуат. Сиқырды түсінбесең, қуатың аз болса, өлеңің де әлсіз, қауқарсыз болып қалады. Қарапайым ауылдағы ақын Әбіласан «Балдызыма» деп, не айтты екен? Бір шумағын оқиық.
Сезім сіңсе сөз де өлең емес пе?
Бұл жайында жездеңменен егеспе.
Мен біреудің жырын емес, инесін,
Алмасымды сақтағайсың сен есте – дей келіп, ақындықтан қара жаяу еместігін ескертеді.
Өмірді көп көріп, не істейтіндерін білмей жүрген жандарға «Дүние екі келмейді» өлеңін арнап:
Қыл ғұмыр қысқа жалғанда,
Армансыз өткен жан бар ма?
Дүние екі келмейді,
Сайранда, құрбым, сайранда... деп өмірдің тым қысқа екендігін естеріне салады. Әбіласан қарап отырмай өз сезіміне «Сезімге сұрақ» қояды.
Ғашық болмай күн кешу,
Ойсыз нәрсіз тілдесу,
Жаныңды жабырқатпай ма?
Бір нәзік сезім аялап,
Гүлдерге толы саябақ,
Көңіліңді қалықтатпай ма?
Бал шырын сезім бойды алып,
Өткенді бір сәт ойға алып,
Жүрегің жанып жатпай ма?
Ақынның «Қызым ұзатылғанда» өлеңі – өмірдің өзі. Бәріміздің басымызда бар қимастық, ата-ананың өкініші
... Өрім етіп өсірдім бұрымыңды,
Еске алармыз біз әлі қылығыңды.
Өзге ошаққа от жағар кезің келді-ау,
Шайқап кетіп барасың тұнығымды – деп
еріксіз көзімізге жас алдырады. Кеткен қызды сағындырады. «Еліңнің ауыр жүгін көтеріп, аз қуанып, көп қиналғың келсе – ақын бол» деген екен Бердақ шайыр. Өлең – ақынның жан дүниесінің өзегі. Әбіласан өлеңдер жинағын «Өмірімнің өзегі» деп атапты. Шындығы да солай. Өлең жазу – азап, бір жағынан рахат. Азаптанбасаң жақсы өлең шықпайды. Оныңды оқырманың ұқпайды. Арқалы ақын Мұқағалиға кім табынбаған. Әбіласан да:
Өмірді жаздың, өлімді жаздың ықпадың,
Көп шығар бәлкім, бізден де гөрі ұққаның.
Тағдырым мені тоңдырса бір сәт мұздатып,
Өлеңдеріңді қолыма алып ықтадым – дейді.
Мұндай сөзді алып ақынға ақын інісі ғана айталады. Бұл дүниеге сыймай, о дүниені жұмақ деп жүргендерге «Қамықпа» деп қойып:
... Күдер үзбе ешқашан жарық күннен,
Көсіліп жүр ішінде халықтың кең,
Ол жалғанның зор сарай, мәуе бағын,
Кім бар дейсің, досым-ау, барып білген – деп көңілін басады. «Ол жаққа әзір асықпа» – дейді. «Жас ерекшеліктері» өлеңінде:
... Жетпісіңде бірге ойнап немереңмен,
Керегін алып беріп жасатпайсың.
Сексенде артқа қарай екі қадам,
Алдыңа әупірімдеп бір аттайсың.
Тоқсанға келгеніңде қабақ түсіп,
Ешбірін жан-жағыңның ұнатпайсың.
Нәсіп қып жүзге жетсең Алла қалап,
Қара жердің қойнына тұрақтайсың – деп байырғы жырауларша көсіледі. Өмір шындығын дәл басады. Туған еліне деген «Парызын»:
Туған өлке еркелетті, өрлетті,
Адал етті, адам етті көрнекті.
Біз қай жерде жүрсекте, туған ел,
Алақанға салып бізді тербетті... деп жырға қосады. Әбіласан «Жазам өлең» дей келе:
Сыр болмайды өлеңде жасыратын,
Қулық та жоқ біреуден асыратын.
Өлеңменен бір кезде дау бітіріп,
Жауға шапқан өлеңмен батыр ақын... дейді.
Өзін де сол батыр ақындай сезінеді. Көкірегін патриоттық сезім кернейді. Кәдімгі атақты қолбасшы Наполеон «Солдат өлсе, орнын толтыруға болар, ал ақын өлсе, оның орнын толықтыру мүмкін емес» депті. Бұл ақындарға берілген теңдесіз баға. Ақын болу – жүректерге жақын болу. Мен де Әбіласан інімнің жүректен төгілген жырларын жүрегіммен қабылдап оқып шықтым. Керемет, тамаша. Бұл заманда шексіз, түпсіз интернет желісі кітап түгілі күнделікті газет-журналдарды оқуға мүмкіндік берер емес. Оның бәрі уақытша нәрсе көрінеді маған. Ақыл-ой дәрісі – кітапқа ештеңе жетпес.
... Кейде тылсым, тыныштық күй кешемін,
Меңіреу тұңғиықпен үндесемін.
Бір дамылдап алайын, ей, шабытым,
Қаға бермей қақпаңды күнде сенің – дейді, Әбіласан ақын тұңғыш жинағының эпилогында. Сәл демалсын. Шабыт толқыны тасқындап, кенерінен асып төгілсін. Біз жерлесіміз, Ортақшылдық қарапайым ауыл еңбеккері Жүсіп Әбіласан қаламынан туған жаңа жырлар күтеміз. Оның эстетикалық талғамы жоғары, өз бояуы, өзіндік қалауы бар өлеңдері адамды терең ойға батырады. Өзі қалай қарапайым болса, сөздері де ауылдың қарапайым тілімен еркін жазылған. Оқырмандарға жақын, жылы, түсінікті. Оқыңыз. Жинақ жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа, шыншылдыққа үндейді. Жинақтан ауылдың исі аңқып тұр. «Өмірімнің өзегі» де кітап сөремнен орын алды. Қуаныштымын.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі