Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табандылық

Табандылық

Әбдімомынды көптен бері білемін. Бірсыдырғы. Алпыс жасты алқымдағанымен, қырықтың қырқасындай ширақ. «Екпіндінің» есті жігіті болып өскен оны ауылында қысқартып, еркелетіп Момын деп атайды. Бірақ момындық дымы жоқ. Өмірде алмас қылыштай жарқылдап тұр. Оның бойындағы адамгершілік қасиеттерінің алды – адалдығы. Адам баласында көбіне жетіспей жататын осы қасиет – Әбдімомынға дарыған.
Адалдығына елгезектігі қосылып, тынымсыз еңбектің жолына түскен. Заңды жақсы біледі. Біреуге ақыл-кеңес айту үшін өзіңіз білімді болғаныңыз жөн екені, айдан анық нәрсе. Ол сабырлы мінезімен алдына келген кісілерді ырза етіп, заң кеңестерін тегін береді. Мына нарық заманында дәрігерге барып консультация алсаңыз, кемі екі мың теңге тастайсыз. Құдайдың күні көп пе, қазақ байғұстың пұлы көп пе? Рас қой енді. Бұрынғы аудандық тұтынушылар одағының ғимаратында отырған кешегі сайлауға дейін Қазақстан Коммунистік Халық партиясы атанып, сайлауға Қазақстан халық партиясы болып түскен партия Парламент мәжілісінің төрінен орын алды. Оған дейін Әбдімомынның құрдастары «ҚКХП-сы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Алдияров біздің қазіргі Орынбасар Бәйімбетовымыз ғой» деп әзілдейді екен. Ә.Алдияров он жылдан бері осы партияға жетекшілік жасап келеді. Партияның мақсаты – Қазақстан халқына адал қызмет жасау. Осы партияның аудандағы өкілі Әбдімомын Шәйбекұлы партиясының мақсатын бұлжытпай орындап отыр десек, бекер емес. Партия төрағасының кабинетінен адам үзілмейді. «Нұр Отан» партиясымен қанаттас халық партиясынан да жұртшылық көмек сұрайды. Жетіскеннен емес, тарыққанынан, біреулерден зорлық-зомбылық көргеннен, алаяқтардан алданғаннан әділдік іздеп, есігін тоздырады. Осындай арызданып келген адамдарға, жәберленушілерге Әбдімомын тігісін жатқызып түсіндіріп, тегін кеңесін айтады. Арызданушыны арандатпайды, мәселесінің оңай шешілуіне жол сілтейді. Ол саясатқа тосын келгенімен, қоғамның саясатсыз болмайтындығын тез арада түсініп, «Егер сен саясатпен айналыспасаң, онда саясат сенімен айналысады» деген қағиданы зерделей түседі. Шағымданушылардың әлеуметтік жағдайлары арқылы партия жетекшісі ретінде қоғаммен, халықпен бірге болуы өте маңызды екендігін аңғарады. Сол үшін бұл салада жауапкершіліктің тіпті зор, атқаратын қызметінің ауыр болатындығын сезінді. Оған, әрине, ­саясат­­керде ерік пен жігер, белсенділік болса, ол ойға алған әр ісін жүзеге асыра алады. Менің ойымша, Әбдімомын осындай жетістікке өзінің табандылығы арқасында жетті. Ә.Алдияров 2021 жылы партиялық тізіммен Қазақстан халық партиясы атынан аудандық мәслихат депутаты болып сайланды. Бұл партияны он жыл қоғамдық негізде ақысыз басқарған еңбегі – оны шыңға бірақ көтерді. Ол аудандық полиция ардагерлерінен шыққан тұңғыш депутат ретінде де сала тарихында қалатыны анық. Ә.Алдияров бұған дейін де ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген зиялы қауымның бірі. Ол аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, полиция бөлімі ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып, абырой арқалаған қарапайым азамат. Партияда шыңдалған өзіндік идея­­ларымен де қоғамды қозғап, патриоттық, Отансүйгіштік, ұлтжандылық, қазақ тілінің жанашыры қасиеттерін көрсетіп, жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың да ұйытқысы осы Әбдімомын екенін көріп жүрміз.
Менің кейіпкерім Алдияров Әбдімомын Шәйбекұлы 1959 жылы 23 ақпанда Өзбекстан Республикасында өмір есігін ашқан. 1966 жылы Жаңақорған ауданы, Сунақата №194-ші қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына барып, оны 1976 жылы үздік бітіріп шығады. 1977-1979 жылдар аралығында Кеңес әскері қатарында борышын өтеп қайтады. 1979-1982 жылдары Шиелідегі №1 автобазада жүргізуші, ал 1982 жылдан аудандық ішкі істер бөліміне ауысып, ППМ автобусының жүргізушісі, одан соң ППС милиционері қызметін аға сержант шенінде атқарады. 1991 жылы Алматы қаласындағы милиция арнаулы мектебін бітіріп, заңгер мамандығын алып шығады. Жас маман офицерлік қызметке тергеушілікке тағайындалып, бұл қызметті 2000 жылға дейін абыройлы атқарып, капитан шенінде отставкаға кетеді. Ішкі істер саласының құрметті зейнеткері саналады. Әбдімомын қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі Шәйбек «Екпінді» ауылын­да колхозшы болып еңбек етсе, анасы ­Бибайша 12 құрсақ көтерген, 6 ұл, 6 қыз – «Батыр ана». Үйдің үлкені. Бауырларының қамқоршысы, әке-шешесінің қолқанаты бола білген ауыл баласы. Ол «Сунақата» совхозында мектеп жанындағы интернатта жатып жетінші сыныпқа дейін оқыса, қалған жылдарын «Екпінді» ауылынан қатынап оқиды. Бозбалаға күніге барып-қайтуы бар он шақырым жаяу жүру оңай дейсіз бе? Осындай қозғалыс Әбдімомынның күш-қайратын тасытып, қайтпас қайсар жұмыскер, еңбек еткіш етіп қалыптастырғандай. Милицияның күндіз-түнгі қиын жұмыстарынан босаған соң Ә.Алдияров шағын кәсіппен айналысып, қорасында мал бордақылап тіршілік жасайды.
2007-2011 жылдары «ХАҚ» – халыққа арнайы қызмет көрсететін коммуналдық мекемесінде инженер-механик, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарып, сол жерден саяси додаға араласып кете барды. Ол содан бері үздіксіз Қазақстан халық партиясы Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы лауазымында қызмет істеп отыр. Саясаткер Ә.Алдияровтың өмірдегі басты ұстанымы – қоғамның рухани жаңаруы қажет. Қазақстан халқы өмір сүрудің ең жоғарғы деңгейіне жетіп, әділетсіздікке жол берілмеуге тиіс. Қоғам кедейлікпен күресіп, төменгі жіктегілер байларға жақындай түскенде, елде әлеуметтік жағдайлар түзелгенде ғана, ана тіліміз қолданысқа енгенде барып, қазақ қоғамы жаңарды деп айта аламыз. Қазақстан халық партиясының тұжырымы да осыған сәйкес келеді. Саясат – күрес. Күресу керек. Әбдімомын сүйікті жары Бақыт екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Жұбайы Б.Ерденова №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сыныптар мұғалімі. Алдыңғы қатарлы үлгілі ұстаздар қатарында. «Қазақстан педагогикалық қайраткері», «Шығармашыл ұстаз» медальдарының иегері, Республика білім министрінің «Құрмет грамотасымен», аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Келіндері Айгүл де осы мектептің жас ұстаздарының бірі. Бес ұл-қыздың анасы. Әбдімомын мен Бақыттың алтын қыздары Алмагүл мен Айнұр жоғары білімді тіс дәрігерлері. Екеулеп Алматы қаласында клиника ашып, халыққа қызмет көрсетудің үлгісін көрсетуде. Ұлдары Мұрат Қазақ теміржол университетінің түлегі, Шиелі темір жол мекемесінің қызметкері. Шаршап-шалдығуды білмейтін ішкі істер саласының ардагері Ә.Алдияров милициядағы қажырлы еңбектеріне «Үздіксіз қызметі үшін» 10, 15, 20 жылдық медальдарын, «Тергеудің 20» жылдығы және «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдарын омырауына қадады. Қазақстан Рес­публикасы ІІМ-нің «Құрмет грамотасымен», облыстық полиция департаменті, облыстық ішкі істер органдары ардагерлер Кеңесінің, аудандық полиция бөлімінің грамоталарымен наградталды. Қарапайым еңбегімен, адамгершілік қасиеттерімен қатарынан озып, шопырлықтан тергеушіге дейін өскен, сержанттықтан капитанға дейін жеткен, саясатта бақ жанып аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Әбдімомын Алдияров ініміздің тірлігі соңымыздан ерген жас полиция қызметкерлеріне, жалпы аудан жастарына өнеге десем болар. Арқалы ақын Мұқағали Мақатаев:
... Ойла, жас!
Өлең менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі
Халқым үшін – деп жырлапты.
Туған елі, халқы үшін игі істер атқарған жандардың қоғамда әркез мәртебесі биік болады. Менің жақсы сөзім осындай қарапайым жанға арналды.

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық полиция бөлімі
ардагерлер Кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция подполковнигі
26 қаңтар 2021 ж. 492 0