Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ризашылықтан ризық артады

Ризашылықтан ризық артады

Қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттің бірі – сауапты іс жасау. Алаш баласының осынау ақпейілді мінезі, даладай дархан көңілі сан ғасырлық нәубеттерден ұлтты сақтап, құндылықтарын ұрпаққа аманаттап келеді. Әлем жұртын әбігерге салған коронавирус індеті кезінде де текті қасиет төбе көрсетіп, жомарт жандар сындарлы шақта қол үшін созды. Дәрі-дәрмек таратып, қаржылай қолдау танытты. Бұл қазақ халқының салт-дәстүрімен сіңіп, қанмен дарыған асыл қасиет.
Дана бабамыз «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген тәмсілді бекерге айтпаса керек. Игілікті істі үлгі-өнеге ретінде айта білу бізге де парыз. Аудандағы әрбір өзгерісті қалт жібермей, жолын айтып, жөнін түзеуге тырысатын, қаламына сан мәселені арқау етіп жүрген Шиелі аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил және оның орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әбдімомын Алдияров бастаған ардагерлер сауапты іс жасады. Полиция бөлімінің ардагерлері, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар Ташкенбай Айтжанов пен Қыдырбек Жөкебаевтың шаңырағына арнайы сәлемдесе барып, сый-сияпаттарын көрсетті. Жұқпалы дерттің бетін қайтарып, аман-есен жаңа жылға қадам басқан қариялардың көңілін көтеріп, жағдайын білмекке барған ардагерлердің қатарында Оңғар Шығанбаев, Бауыржан Ибраев және аудандық полиция бөлімі кадр тобының уәкілі, полиция капитаны Нұрбол Үсенбаев та бар. Ауызбіршілік танытып, әп-сәтте ұйымдаса кеткен ардагерлер қарияларға 90 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықтарын да табыстады. Осылайша ­ауд­ан ардагерлері қариялардың ризашылығына кенеліп, алғыс арқалап қайтты.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
15 қаңтар 2021 ж. 617 0