Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілік жүгінен қорықпау керек

Жауапкершілік жүгінен қорықпау керек

Нұрлыжан Оспанов отыздан асқан орда бұзар жігіт. Қазіргі таңда ол «РУ-6» ЖШС-нде 5-ші дәрежелі жөндеуші болып жұмыс істейді. Ол жас болса да, өз ісінің нағыз шебері екенін көпке таныта білді. Тіпті басшылықтың өзі қазір Нұрлыжанға жауапкершілігі жоғары жұмысты қорықпай тапсыра алады. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі Нұрлыжанға айтылғандай. Себебі ол жалғыз жөндеуші мамандығын меңгермеген. Қажет болған жағдайда геотехнологиялық алаң операторы мен полиэтилен құбырларының дәнекерлеушісі және учаске шебері жұмысын мінсіз атқарады.
Жұмысына әркез жауапкершілікпен қарайтын Н.Оспанов туралы әріптестері де жақсы пікір айтуда. Осы орайда №6 кенді кадр бөлімінің бас маманы Серік Мүліков Нұрлыжанды өзінің біліктілігін көтеруге және мамандықтың қыр-сырын игеруге үнемі ұмтылатынын атап өтті. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жөндеуші тиянақты тірлігі мен жауапты жұмысы үшін лайықты марапатталып келеді. Ол Қарамұрын кенішінің үздік рационализаторларының бірі және бірнеше рет өндіріске экономикалық пайда әкелген ұсыныстар айтқаны үшін алғыс хат және сыйлықтар иеленген.
– Қызметте жетістікке жетіп, тасымның өрге домалап жатқаны ең бірінші тәлімгерлерімнің арқасы. Бұл орайда аға әріптестерім Бауыржан Төлепбергенов, Берік Қоянбаев және Мүслім Қайратұлын ерекше атап өткім келеді. Олар маған мамандықтың қыр-сырын үйретіп, қызметте табысты болуыма көмектесті, – дейді Н.Әлімханұлы. «Ұстазы мықтының ұстамы берік» демекші аға буын өкілдерінен тәлім-тәрбие алып, қанатын қомдаған қызметкердің де айнымас ұстанымы қалыптасып үлгерген. Ол – қандай жағдай болмасын жауапкершілікті қабылдаудан қорықпау.
Бүгінгі мақалаға арқау болған кейіпкеріміздің біз білмейтін өнері де баршылық. Ол қызмет барысынан тыс уақытта спорттық және мәдени шараларға белсене қатысады. Футбол және волейбол сынды спорт түрлерінен Қазатомпром спартакиадасының бірнеше рет қатысушысы. Футбол турнирінің үздік шабуылшысы. Сондай-ақ ән салу мен домбыра ойнаудың шебері. Өнер әкенің қаны, ананың сүтімен дариды дейді ғой. Бәлкім Нұрлыжанға ән салу өнері әкесі Әлімхан Оспановтан дарыған болар. Өйткені, ол Қазақстанға танымал композитор, дарынды мұғалім. Бүгінге дейін композитордың қаламынан туған әндер шырқалып келеді. Өкініштісі, Нұрлыжан арқасүйер әкесінен ерте айырылды.
Н.Оспанов жұмысы мен дос-жарандардың ортасында ғана емес, отбасында да абыройлы, сыйлы. Ол №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде мұғалім болып істейтін әйелі Ақмаралмен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Әкесінің алған асуы мен жеткен жетістігіне отбасы да шексіз риза екені шүбәсіз.

Мақсұт ИБРАШЕВ,
сурет автордікі
15 қаңтар 2021 ж. 365 0