Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Салт-дәстүрді ұлықтаған халықпыз

Салт-дәстүрді ұлықтаған халықпыз

Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Заманынан әрбір салт-дәстүрдің байыбына барып, қастерлеп, жөн-жоралғысын ретімен жасаған. «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демекші, қазіргі жастар біле бермейтін немесе ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерге қысқаша тоқталсақ.
Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да, оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Бәсірені ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.
Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-көлемі немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.
Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді, оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы этикалық жоралғы болып саналады.
Көгентүп беру. Ауқатты адамдар жақын туған-туыстарының кішкентай баласына бұзауларының, құлындарының, қозыларының, лақтарының, боталарының бірін атайды. Бұл көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүние-қоңыздық.
Сауын айту. Бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын-ала (бірнеше ай, бір жыл бұрын) жан-жаққа хабар жіберіліп, адамдарды соған шақырады. Бұл сауын айту. Яғни, әр жүз, әр ру мұндай асқа қымызын, малын ала келіп, батыр, балуан, ақын, әнші, күйшілерімен өнер көрсетіп, бәйгеге жүйрік аттарын қосып, астың, тойдың жақсы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жібереді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабында: «Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, елді жиды ғой» дегені бар.
Сүйек жаңғырту. Бұрындары құда-құдағи болған туыстар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен қазір де жасалып жүр.
Дәмету. Дәметудің әр түрі бар. Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып, ойындағысы болмаса, оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

Ақбота БАЯНБАЙ
04 қаңтар 2021 ж. 749 0