Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерулік – елдіктің үлгісі

Ерулік – елдіктің үлгісі

Қазақтың кеңпейілділігін, дарқандығын білдіретін небір салт-дәстүрлер бар. Бүгінгі таңда оның бірі кеңінен қолданылса, кейбірі ұмытылып бара жатқаны шындық. «Көршімен жақсы болсаң, жұтқан ауаң да кең болады», «Көршіні құдай қосады», «Алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көршің артық», «Таспен қоршама, көршімен қорша». Иә, бұл мақалдар өзін айналасындағы көршісімен бай санайтын қазақ өміріндегі көршінің алар орнын айқындап тұр. Біз бұл сөздерді бекерден бекер айтып отырған жоқпыз. Бүгінгі біз қаузайтын тақырып та көршілердің арасын жақындататын жоралғы тұрғысында өрбімек. Яғни уақыттың ағымымен күнделікті тіршілікте ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің бірі – ерулік беру туралы тарқатамыз.
Кез келген отбасы қоныс аударар сәтте болашақ көршілерінің қандай болатынын ойлайды. Әрі барған ортасы жылы қабылдап, тез тіл табысуды армандайды. Іргелес қонған шаңырақтың үйренісе алмай тосырқайтынын біліп, дана халқымыз ерулік беруді ойлап тапқан. Салт бойынша көшіп келген үйдің орналасуына қолғабыс беріп, одан соң кезектесіп қоныстанушыларды бала-шағасымен дәм татуға шақырады. Бұл қазақ халқының аралас-құралас, яғни жақын, бір-бірімізге бас-көз болайық деген ниетінен туған.
Өкінішке қарай, дәстүрдің бұл түрі еліміздің қалалық аймақтарында ұмытылып барады. Тіпті «Көршіңіз кім?» деген сұраққа тосырқап қарайтындары да кездеседі. Алайда, сіз қыдырып немесе іс-сапарға кеткенде, көршіңіз үйіңізді ұры-қарадан сақтап, көзінің қырын салып жүрсе, өзіңіздің де көңіліңіз тыныш болмай ма? Әрі келген қонағыңызды да біркісідей күтеді. Арамызда ешкімге тісжармаған сырын көршісімен бөлісетіндер де бар. Сондықтан әңгімемізге арқау болған еруліктің маңыздылығы айтпаса да түсінікті шығар.
Ертеректе жаңа көшіп келген көршіге тиісінше құрмет көрсетілмесе, би-шешендерге шағымданатын болған екен. Ата дәстүрді сыйламағаны үшін тіпті айыппұл да төлеген. Ата-бабамыз көршісінің қандай ұлт екеніне қарамай, ерулік беріп, жатсынбай қарсы алған. Яғни олардың жерімізге тез сіңіп кетуіне жағдай жасаған. Осының әсерінен елімізде өзбек, орыс, шешен, кәріс т.б. ұлт өкілдері орналасқан. Бұл күнде өз елдеріне қоныс аударғандары қазақтың қонақжайлылығын ризашылықпен сөз етеді екен. Бұл жүрегі кең, көңілі мәрт қазақтың көршіге деген құрметіне білдірген шексіз алғысы болар.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты – көнеден жеткен салт-дәстүрді ұрпақ санасында жаңғырту. Осы тұста елдіктің үлгісі болған ерулікті қайта жаңғыртсақ құп емес пе? Өйткені, салт-дәстүрдің қай-қайсысын алып қарасақта, қоғамдағы маңызы өте жоғары. Әрі барша халықтың бет-бейнесі оның тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі арқылы білінетіні анық.

Фариза КЕНЖЕШОВА
13 мамыр 2020 ж. 2 045 0