Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйластық – сүйіспеншілікті арттырады

Сыйластық – сүйіспеншілікті арттырады


Атамыз қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, адам өмірінде отбасы тәрбиесінің мәні мен маңызын баса айтады. Расында да, отбасы – өмірге жаңа келген сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Аяғын тіктеп, енді ғана тәй-тәй басқан ол ненің ыстық, ненің суық, бір сөзбен, ненің жаман, ненің жақсы екенін осы өзі өмірге келген отбасынан біліп өседі.
Салт-дәстүрін сыйлаған қазақ «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деуі де көрегенділіктің белгісі. Сондықтан болар, көрегенді ұл мен қыз тәрбиелеуді басты мақсат етеді. Ал, отбасында тәлімді тәрбие алып, ибалылық пен инабаттылықты жанына серік еткен қыз бала барған жерінде бағы ашылып, сыйға бөленеді. «Тастай батып, судай сің» дейді мұндайда, яғни, сол жұбайының отбасына сіңісе алған келіннің ғана ауыл-аймаққа қадірі артады. Осы орайда тату-тәтті ерлі-зайыптылар жайлы мысалды айта кеткенді жөн көрдік. «Шаңырақ көтеріп, отасқандарына отыз жыл толғанда әйелі: «Нанның үстіңгі бөлігін осынша жыл бойы еріме беріп, оны үнемі өзімнен жоғары ұстап келдім. Отыз жылдан бері менің де бір еңбегім сіңген болар, осы жолы нанның үстіңгі бөлігін өзіме қалдырайын» – деп, нанның астыңғы бөлігін күйеуіне ұсыныпты. Сонда күйеуі: «Мен отыз жыл бойы нанның астыңғы бөлігін жеуді армандап едім. Себебі, мен бала күнімнен күйіп, қытырлап піскен бөлікті сүйсіне жейтінмін. Саған мың да бір рахмет, бүгін сен маған үлкен сый жасап отырсың» – деп, әйеліне риза болыпты.
Бұдан қандай қорытынды шығады? Ол – ерімен әйелі, әйелімен ері бір-бірімен сыйласып, соған жақсы болса екен деп тілеп, өзін екінші орынға қою. Сөйтіп, алдымен өзінің қарақан басын емес, сыңарының жағдайын ойлайды. Мысал әңгімеде ері әйелі үшін өзінің жақсы көретін нанының астыңғы бөлігінен бас тартып келсе, әйелі өзінің сүйіп жейтін нан бөлігін өзі жемей, үнемі күйеуіне ұсынумен болған. Шынымен де, әр шаңырақта осындай сыйластық, түсіністік болса, ренжісу, ажырасу дегендер мүлде орын алмас еді-ау.

Қадірле ата-анаңды тірісінде
Бар тапқанын балапанына таситын құстардай қанаты талмай, өсірген ұрпағының мейір-махаббатына бөлену қандай бақыт. Белі бүкірейіп, бойдан қуат тарқаған сәтте шаңырақтағы ұл-қызың, келінің мен күйеубалаң сый көрсетіп, төр ұсынса қазақы болмысынан ажырамай ақ батамен дастарқан қайырған ақ жаулықты ата-ананың барына не жетсін? Заманмен жарысқан жаңғыру, әлемді алақандай әйнекке сыйдырған сандық жүйе бәрі де, ата-ананың ақылынсыз іске аспасы анық. Алайда, батыстық менталитеттің құрығына ілініп, жаһанданудың жалынына жабысқалы қазақы болмысымызға тән құндылықтарымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Біз жаңашылдыққа құмартып, еліктеуге бейімделгелі қашан. Сол еуропалықтар немесе орыс халқы болсын ата-анасын қазақтай қадірлеп, құрметтеуді міндет етпейтінін ескермейміз де. Тіпті, ата-енесін атымен атап, олардың көзінше бейәдеп қылық жасаудан да қымсынбайды. Тарих бетін парақтар болсақ, қазақ орыстана бастағаннан бастап, біздің ортада қарттар үйі пайда болған деседі.
– Ертеде бір жігіт әйелінің айтқанынан шыға алмай әкесін қапқа салып, алыс тауға апарып тастайды. Әкесіне: «Кешір, жағдай осындай болып қалды. Сені үйдегілер жақтырмай жатыр. Ал, мен балаларымды қайтіп тастаймын» – дейді. Әкесі оның халін түсініп: «Ешнәрсе етпейді, балам, бара ғой, тек мына қапты ала кет» – деп қапты ұсынады. Баласы: «Ой, жарықтық, мұның маған керегі не?» – дейді. Әкесі: «Е, ұлым, сен қартайып, балаларыңа керегің болмай қалғанда осы қаппен сені де осында жеткізеді» – деген екен. Бұл ата-анаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді дегеннің кері емес пе? Тірісінде қаймықпастан қарттар үйіне апарып, келмеске кеткен соң жоғын жоқтап сый-құрмет көрсетудің керегі болмас сірә...

Көршіңмен сыйлы болсаң, жоғыңды білдірмейді
Көршіні Құдай қосады деген тәмсіл тегін айтылмаса керек. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет – көрші қолаңдармен танысу болған.Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады.
– Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Уа, мұсылман әйелдер! Көрші әйел көршісіне қойдың қу сирағын берсе де, сый-сияпат жасаудың ешбір түрін қымсынбасын», – деп айтты» – делінген. Арқа-жарқа қуанышты күндерде самаурынын ала жүгіріп, қып-қызыл бауырсақты ортаға шашып жіберіп, шақпақ қантпен-ақ шай ішкен ақ кимешекті әже-аталар Хақтың бұйрығын білгендіктен көршісімен тату тұрып, ынтымағы жарасса керек. Қазақ халқында: «Көрші ақысы – тәңір ақысы» немесе «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», – деген мағыналы мәтелдер де жетерлік. Көршісіне құдайындай сенген қазақ есігіне құлып, үйінің сыртына қамал салмаған. Содан болар, жарасымды әзіл, әсерлі әңгіме, ұрпаққа үлгі боларлық өсиет көп тараған. Бүгінде, «байлық» пен «баршылық» көзді байлап, көрінгенді ұры көруге, жақыныңды жатсынуға, көршіңді көрмесіңдей алшақтатып барады. Көршімен сыйлы болсаң, жыртығыңды жамап, кем-кетігіңді жасыратынын әсте естен шығарып алмасақ болғаны.

Түйін: Бір атым насыбайдан да көңілі қалған қазақ үшін сіз деп сыйлаған бір ауыз сөзің абырой беделіңді арттырып, сыйлы болуыңа жетерлік азық. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп сыйлағаннан ешкім тақтан түсіп, көштен қалған жоқ. Керісінше, көптің сүйіспеншілігіне бөленіп топ басында жарқырап жүрген жандарды көзбен көріп, көңілге түйіп жүрміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
24 қазан 2018 ж. 3 198 0