Көршімен байланысыңыз қалай?
«Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» дейтін қазақ қашанда көршісін қадір тұтып, құрметтеген. «көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген тіркес те оның қаншалықты жақын адам екенін ұғындырып тұрғандай. Бір қызығы бір-бірінің үйіне шақырусыз, еш себепсіз емін-еркін барып, қоян-қолтық араласатын көршілер бүгінде жоқтың қасы. Араласпақ былай тұрсын, тіпті екі үй ары тұратын көршісін танымау қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Көрші үйде жиын-той бола қалса ыдыс-аяқ, төсеніштеріне дейін арқалап апарып, жиын тарқағанша білек сыбана қол ұшын созатын жандарды да көру қиын. Неліктен? Ата-әжелерімізге бірге туған жақынындай болған көрші бізге қалай жатқа айналды?
Осындайда Мөңке бидің «Бір-біріне қарыз бермейді, шақырмаса, көрші-көршіге кірмейді» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Расыменде, қазір көршіге бір сәт мойын бұрып, хал сұрасуға да жарамайтын күйге түстік. Уақыт жоқ деп сылтау қыламыз. Ал шындығында ғаламторда сағаттап отырып, мән-мағынасыз дүниелерге уақытымызды зая кетіріп жатқан өзіміз екеніне мән бермейміз.
«Көрші ақысын Тәңір ақысына» теңеген қазақ қай кезде болмасын қоралас тұрған жанды ағайыннан артық көрген. Оны құрметтеп, ренжітпеуге тырысқан, тәтті-дәмдіні теңдей бөліп жеген. Жаңа үйге көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет – көрші-қолаңмен танысу болған. «Адамның күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын ұқтырады.
Бала күнімізде әжемнің «Адам о дүниеге барғанда алдымен «Ата-анаңа қалай қарадың, сосын ұстазыңды құрмет тұттың ба, үшінші көршіңмен тату тұрдың ба?» деген сұрақтар қойылады, сондықтан ата-ананы ренжітпей, ұстаздарыңды сыйла, көрші-қолаңмен тату-тәтті тұруды үйрен, кешірімді бол, сонда Алла да сені рахымына бөлейді» деген нақылын үнемі айтып отыратын. Тіпті бір күні көршілер жазғы сарайын еш ескертпестен біздің үймен шекарадан өткізіп соғып жатқанда ренжіп, «Әже, ана кісілерге айтайықта, неге біздің жерді алып жатыр? Өздерінің жеріне соқпай ма?» дегенімізде, «Балам, жер жетеді, алса ала қойсын, керек болған шығар, көршімен ұрысуға болмайды» деп тыйып тастаған. Сол кезде әжемнің көршісіне бір ауыз қарсы сөз айтпайғаны – даналығы, шариғаттың заңын жадына мықтап тоқып алғандығы екенін енді түсінгендеймін.
Көрші ақысын беру жайлы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыздың үстіне күнде терезеден қоқыс төгіп жіберетін кісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, әлгі кісінің үйіне хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Ислам дінінде көрші ақысын жоғары қоятынын осыдан-ақ байқау қиын емес.
Дәл осындай сізге қарап қоқыс төгетін көршіңіз болса, қандай әрекет жасар едіңіз? Үйіне кісі келсе, көршіден жарты таба нан сұрай салатын, қыдырып кеткен көршісінің үйіне бас-көз болып, сиырын сауып, өріске қоса салатын жандар бар ма өзі? Әлде бәріміз көршімізді күндеп, бар болса көре алмай, жоқ болса бере алмай, үйімізді биік-биік «қорғандармен» қоршап, «Сен тимесең, мен тиме» деп, көршісін көрмек түгілі, танымайтын күйге түсіп кеттік пе? Сіз көршіңізбен қандайсыз, құрметті оқырман?
Гүлхан ЯХИЯ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі