Қоңсылықтың құнын түсірмеген едік
«Көршіңмен тату бол», «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген тіркестерді үлкендер аузынан тастамай, алыстағы ағайыннан да жақын тұтып, қойы қоралас болатын қоңсылықтың құнын түсірмеген. Тіпті, қазақ алыс жол жүрер болса да есігіне құлып салмай, мал-жанды көршіге аманаттап отырған. Той-томалақ көршілерсіз өтпейтін. Қасиетті шариғатта «Аллаға және ахирет күніне сендім деген жан көршісін сыйласын» деген жолдар кездеседі. Халқымыз алда-жалда басына іс түскен уақытта да жәрдем етер әуелі – Алла, сосын көрші деп білген. Көрші ақысының нағыз үлгісін Мұхаммед пайғамбардың өзі көрсеткендігін біреу білсе, біреу білмес.
Олай деуімізге Мұхаммед пайғамбар өзіне зәбір көрсетіп, жолына нәжіс заттарды төсеп қоятын, иман келтірмеген көршісі ауырып қалғанда, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады. Осылайша, ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман немесе басқа дінді ұстанушы болсын бәрібір көршілік міндеті бар. Осыдан-ақ, көршінің қадір-қасиетін пайымдауға болар.
Алайда, қарбаласқан, жанталасқан тірліктің қабатында осынау «көрші» деген жақын жандарға мойын бұрудан қалғандаймыз. Ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыздың кезіндегі көршілермен қоян-қолтық, тонның ішкі бауындай қарым-қатынас бүгінде бар болса да сирек.
Естеріңізде ме, әжелеріміз бен апаларымыздың сары самаурынының буы бұрқырап, ыстық нан мен сары майды ортаға қоя салып, үйдегі кішкентайларды көршіге жүгіртіп жіберетін. «Пәленше апаңды шақырып кел, шай ішеміз деп жатыр де» дейтін. Бұл күнде ол көріністің жұрнағы да кездеспейді-ау.
Қалалы жердегі көпқабатты үйлер тұрғындарының бір-біріне сәлемдері салқын екеніне студент болып, төрт жыл тұрақтағанда көз жеткізгенбіз. Сол салқындық ауылға да жетті. Олай деуімізге биіктігі екі метрді құрайтын «темір қамалдардың» көбеюі себеп. Ол темір есіктерден адам түгілі, жел өтпейді, сірә. Осыншама сақтықтың арғы бетінде ізгі дәстүрлер түбімен жұтылып кететіндей көрінеді кейде бізге. Көршілік қарым-қатынастың орасан маңызға ие екендігін Елбасы Н.Назарбаев та өзінің сындарлы саясаты арқылы паш етуде. Олай деуімізге Н.Назарбаевтың жан-жағындағы алпауыт елдермен байланысы себеп. Көршілес жатқан Ресеймен де, Қытаймен де аралас-құраластыққа барып, мұхиттың арғы жағындағы – Америкадағы Вашингтон қаласының төрінен манифесін жолдап, күллі адамзат баласын бейбітшілікке үндеп, татулықтың туын биікке көтеруде. Міне, көршілермен татулықтың айнымас көрінісі. Елдің тұтастығы мен бейбітшілігінде орын алып жатқан жылы қарым-қатынас неге қазақтың отбасылары арасынан жоғалуы немесе азаюы керек? Елбасы жолы – біздің де жолымыз. Қазіргі таңда әлеуетіміз артып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз да жылдан-жылға жақсара түсуде. Ал, мұндай жағдайда көршілердің бір-біріне қырын қарап, ауызбіршілігі жоқтығы, бір-бірінің есігін ашпауы, ұдайы томаға-тұйық, тоң-теріс жүруі кімді де болса толғандыруы керек.
Олай болса, бабалардан қалған салт-дәстүр «байырғыға» айналып, ұлттық тамырдан алыстап, ұрпағымыз қазақ халқына ғана тән кейбір асыл қасиеттерін тарих пен әдебиеттен ғана оқитын жағдайға жетіп жүрмейік. Көршімен сыйластық – ел-жұрттың сыйластығын, көршімен татулық – қоғамның татулығын құрайтындықтан, көршілермен тату-тәтті күн кешейік. Ал, сіздер, көршімен қалайсыздар, құрметті оқырман?
Дина ЖҮСІПОВА.